"Қарлығаш ұя салса – жақсылықтың нышаны": құстарға қатысты ел арасындағы наным-сенімдер
Жарияланған күні:
Читать на русскомҮйге ұшып кірген құстарға қатысты ел арасында түрлі наным-сенім бар. Бірі оны марқұм болған адамның жанына балап жатса, енді бірі үйге құт-береке келді деп қуана қарсы алады. Жалпы құстың үйге кіріп кетуі эзотерикада қалай түсіндіріледі? Марқұм болған адамның жаны үйге құс болып келеді деген сенім қаншалықты шындыққа жанасады? Осы сұрақтарға жауапты бірге іздеп көрейік.
Бұл материалдан оқитыныңыз:
- Құстардың үйге ұшып кіруіне қатысты қандай наным-сенімдер бар?
- Әруақ үйге құс бейнесінде келуі мүмкін бе?
Құстардың үйге ұшып кіруіне қатысты қандай наным-сенімдер бар?
Айқара ашылған терезеден құстар үйге емін-еркін ұшып кіре алады . Дегенмен кейбір адамдар терезеден ұшып кірген құсты жаман нышан ретінде қабылдайды. Карнеги табиғи тарих мұражайының қызметкері Джонатан Райстың айтуынша, терезе құстарға тікелей қауіп төндіреді, өйткені олар терезеден өзінің бейнесін көріп, жоқ жауға шабуыл жасағанда, әйнекке соғылып мерт болуы мүмкін. Бірақ адамдар ата-бабасының наным-сеніміне негізделген белгілерге сенеді.
Үйге терезеден құс кіріп кетсе, не болуы мүмкін? Әдетте, бұл жағдай жағымды-жағымсыз өзгерістің белгісі деп қабылданады. Қандай өзгеріс болатыны үйге қандай құс кіретініне байланысты делінеді. Кей наным-сенім бойынша:
- Сауысқан, қарға және шауқарға – жаман жаңалықтардың хабаршысы.
- Көкек – өрттің белгісі.
- Тұмсығында тістеген азығы бар кептер – ұрыс-керіс немес ажырасудың белгісі.
- Сұр қарлығаш – жағымсыз жаңалықтың белгісі.
Егер үйге мынандай құстар ұшып келсе жақсы жаңалықтар болуы мүмкін:
- Бұлбұл – мол ақша.
- Көгершін – махаббат.
- Қарлығаш – той-томалақ, мол табыс.
Тағы бір наным-сенім бойынша, егер құс терезенің алдына саңғып кетсе, үйге жақында күтпеген қонақ келетінін білдіреді. Ал құс адамның үстіне саңғып кетсе, сол адам мансап жолында жетістікке жетеді, шотына ақша түседі немесе қайырымды адамнан қомақты көлемды сыйлық алады деген сенім бар.
Қазақ халқында қарлығаш, аққу, көгершін, үкі жақсылықтың нышаны ретінде қабылданады. Қарлығаш үйге кіріп кетсе, не үйге ұя салса, бұл жақсылықтың нышаны саналады.
Қарлығаштың ұясын қорып қалған Төле би "Қарлығаш әулие" атанып кеткен. Жаушылық заманда Төле би қарлығаш ұя салғандықтан, жау шапқанда елмен бірге үдере көшпей, елде қалған дескен мынадай аңыз бар.
Жаугершілік заманда ауылға жау шауып, елдің бәрі үдере көшкенде, Төле би ғана ешқайда көшуге асықпаған.. Ауылға басып кірген жоңғар қонтайшысы түтінін түтетіп отырған жалғыз үйді көреді. Ел үдере көшкенде, өзінен қорықпай отырған адамның кім екенін білмекке кісі жібереді. Баса көктеп үйге енген жоңғарлар жөн сұраспастан, бірден жауап алмаққа дүрсе қоя береді. Сонда Төле би жоңғарларға амандықсыз сөз бастағанын айтып, бір тықыртса, көшпеуінің себебін айтып, екінші рет тықыртқан екен. Жұртпен бірге бас сауғалап, үйін тастамағанының себебін би былай түсіндірген екен:
"Биыл шаңырағыма қарлығаш ұя салған екен. Балапандары қанаттанғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Жау жағадан алды екен деп ұясын бұзып, балапандарды шырылдатқым келмеді. Сендердің де үйлеріңді ойран етіп, бала-шағаларыңды шырылдатса, өздеріңе жақсы болар ма еді?".
Төле бидің жауабын естіген жоңғар қонтайшысы Төле биді әулие деп танып, әскеріне би шаңырағына да, ол отырған ауылға да шаппауын бұйырады. Содан бері Төле би "Қарлығаш әулие" атанып кеткен екен.
Әруақ үйге құс бейнесінде келуі мүмкін бе?
Құстар тәннен ажыраған жан сияқты ұшып жүретіндіктен, тіпті өлілер әлемімен де байланыстырылып жатады.
Мәселен, кейбір елдің наным-сенімі бойынша, терезеге соғылған құс марқұмның жаны жай таппай жүргенін білдіреді. Немесе марқұм болған адам жақын адамдарын жамандықтан сақтандыру үшін құс бейнесінде ұшып келеді деген наным-сенім бар.
Ал ислам дінінде бұл жөнінде не айтылған? Islam.kz сайтында Абдусамат Қасымның хадистерге сүйеніп жазуынша, иманды мұсылманның жаны өлгеннен кейін құс болып пейіште шад-шадымен өмір кешетіні айтылған. Бірақ құс болып осы дүниеге ұшып келетіні жөнінде сунниттік деректерде нақты дерек кездеспейді екен.
Айта кетерлігі, қарға, құзғын сияқты құстар – түркі халықтарында сұмдық шақырушы, өлім хабарын жеткізуші болып саналады. Халық арасында қай үйдің маңына қарға, құзғын қонып, ұзақ уақыт қарқылдап, сұңқылдаса, сол отбасы көп өтпей бір жанынан айрылады дейтін сенім де бар.
"Адам ұзақ уақыт ауырып, хал үстінде жатқанда зат алмасудың тосқауылға жолыққанын немесе іштен шіри бастаған клеткаларды олардың тынысынан шыққан болмашы иіске сүйеніп, осы құс түріндегілер дәл таба қояды екен.
Сол үшін де қарға мен құзғынды жамандықтың, өлімнің хабаршысы деп білетін сенім қалыптасқан болуы керек", делінген Massaget.kz сайтында жарық көрген мақалада.
Адамзат бұрын табиғатқа етене жақын болған. Ұшқан құстың, қыбырлаған жәндіктің, жан-жануардың тіршілігін зер сала қарап, ой түйген, сөйтіп түрлі наным-сенімдер қалыптасқан, әр құбылстан тылсым белгілер іздеген. Алайда ғылым мен білімнің, технологияның дамуымен көптеген сұрақтың жауабы табылды. Саралап, салмақтап келгенде, наным-сенімге сену-сенбеу өз еркіңізде дер едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2084627-qarlygas-uya-salsa-zaqsylyqtyn-nysany-qustarga-qatysty-el-arasyndagy-senim-nanymdar/