1 мамыр мерекесіне қандай тілек айтуға болады: ақ жарма тілектер топтамасы
Жарияланған күні:
Сан ұлттың өкіліне пана болған елімізде 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтеді. Осы бір шуақты мерекеде қандай тілектер жолдауға болады? Бұл материалда KAZ.NUR.KZ оқырмандарына арнап Бірлік күніне арналған тілектер топтамасын ұсынуды жөн көрдік.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!
***
Бірлігіміз бекем болсын!
***
Қиын-қыстау кезеңдерде бір-бірімізге сүйеу болып келеміз, осы бірлігіміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!
***
Бір шаңырақ астындағы татулығымыз ғасырдан-ғасырға ұласа берсін!
***
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
***
Бейбіт күннің астында татулықта өмір сүрейік!
***
Мемлекетіміз – молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шатыққа кенеле берсін!
***
Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!
***
Жаймашуақ мезгілдің жылы лебін ала келген 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!
***
Татулық пен келісімнің нышаны болып саналатын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
***
Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі арта берсін!
Әдетте 1 мамыр қарсаңында түрлі ұйымдар ұжымға құттықтау хатын жолдап, халыққа ресми ақпараттық ресурстары арқылы мекеме басшысының атынан жылы лебізін білдіріп жатады. Осыған орай назарларыңызға massaget.kz сайтында жарияланған құттықтаулар топтамасын ұсынамыз:
Қазақстанның түрлі ұлт өкілдері арасындағы бірлік пен ынтымақ нығая берсін! Халқымыздың татулығы, ынтымағы, бейбітшілігі – еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысайық. Береке-бірлігіміз арта берсін, ағайын!
***
Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.
Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.
Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Ендеше, бірлігіміз бекем болсын!
***
Республикамызда тұратын түрлі ұлт өкілдерін бірлік мерекесімен құттықтаймыз! Ең бастысы, ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдері арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деп тілейміз. Мереке құтты болсын!
***
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі құтты болсын!
Туған Отанымыз – Қазақстанды гүлдендіріп, тұрақтылық пен бейбітшілік мекеніне айналдыру үшін зор денсаулық, таусылмас күш-қуат, мол бақыт, еңбегіңізге жеміс, ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық, құт-береке тілейміз.
Халқымыздың ынтымағы мен ауызбірлігі нығая түсіп, республикамыздағы ұлтаралық татулық әрдайым берік болсын, достық, бірлік мәңгі жасай берсін!
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылғы 18 қазанда 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа қол қойған. Содан бері бұл мереке елімізде кең көлемде тойланып келеді. Түрлі ұлт өкілдерінің тілегі бір арнада тоғысатын айтулы мереке қарасыңында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар ұйымдастырылады. Сондай шараларда ақ тілекті мына өлең жолдары арқылы жеткізуді ұсынар едік.
Менің елім
Бастау алған ежелгі дәуірлерден,
Қазақстан дос, бауыр әрбір елмен.
Көрген талай жұтты да, қырғынды да,
Жаманның да, жақсының дәмін көрген.
Бүгін елміз жаңаша тұрмыс құрған,
Қойнауы – кен, даласы – ырыс тұнған.
Қайсар халқы, сан ұлттың өкілдері
Тағдыр қосып бастарын, туыстырған.
Сұлтан Қалиев
***
Қазақстан – байтағым
Еркіндіктің мекені,
Қазақстан – байтағым,
Ерлігіңді әрдайым
Мақтанышпен айтамын.
Аман болып халқымыз,
Арта берсін даңқымыз.
Елжіретіп жүректі,
Желбіресін байрағым!
***
Ұлы достық
Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,
Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын,
Татулығын жырға қосам ұлттардың
Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.
Достық тапса діндер менен ділімді
Салт-дәстүрлер сыйға ұласты бүгінгі,
Бір туғандай ұлтаралық келісім
Бір көтерген басқа түскен жүгімді.
Серт берісіп туыс болып қалуға
Нәубеттерден аман жеттік дамуға,
Байтақ елдің биік ұстап байрағын
Біздің достық мәңгі болып қалуда.
Тілі бөлек болғанымен тілек бір
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл,
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.
Қуаныштан желпілдейді түндігім
Бар халықтың бірлік тойы күн бүгін,
Халқым мәңгі ғұмыр кешсін бақытты,
Бір тамырмен байлап қойған кіндігін!
***
Қазақстан – елім менің, ғажабым,
Әр күн сайын арта берсін ажарың!
Арта берсін берекең мен мерекең,
Бірлігің мен ынтымақты базарың!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2089925-1-mamyr-merekesine-qandai-tilek-aituga-bolady-aq-zharma-tilekter-toptamasy/