Туған жер, Отан туралы мағыналы қазақша әндерді білесіз бе
Жарияланған күні:
Патриоттық әндер дегенде ойымызға бірден Ескендір Хасанғалиевтің "Атамекені" орала кетеді. 54 жыл бұрын туған жерге тағзым ретінде жазылған бұл ән күні бүгінге дейін өне бойыңды шымырлатып, рухыңды оятады, жігерлендіреді. Қайсар рухты қазақ халқында мұндай әндер көп-ақ.
"Атамекен" – қазақ елінің бейресми әнұраны
Екі қазақтың бірі жатқа айтатын"Атамекен" әнінің сөзін көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі, сазын белгілі композитор Ескендір Хасанғалиев жазған. Естеліктерді ақтарсақ, бұл ән алғаш шырқалған күннен-ақ тыңдарман жүрегіне жол тауып, көкейіндегісін дөп басқанын аңғаруға болады. Әнді алғаш рет көпшілікке таныстрыған күнін Ескендір Хасанғалиев былай деп еске алған екен: "Алматыдағы республика сарайында үкімет басшылары қатысқан Қазақ КСР-нің құрылғанына 50 жыл толуына орай үлкен мерекелік концерт өтіп жатты. "Атамекен" әнінің де кезегі келді. Бұл әнімді алғаш рет Нұрғали Нүсіпжановпен бірге симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындадым. Әнді орындап тұрып тыңдаушының жүрегін тербеп, көзіне жас үйірілгенін сезгендей болдық. Әсіресе:
Қайда жүрсең, Атамекен
Көкейіңде жатады екен.
Күннің өзі ұясына
Қимай оны батады екен, деп әннің соңғы қайырмасы айтылғанда халық ду көтеріліп, орындарынан тұрып кетті. Ұзақ уақыт елдің шапалағы тоқтамай тұрып алды".
Атамекен
Әні: Ескендір Хасанғалиев
Сөзі: Қадыр Мырзы Әлі
Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем.
Көк кілемде көп аунаймын, көп күлем.
Маңдайымнан сипап өткен самалды
Қазағымның алақаны деп білем.
Қайырмасы:
Қайда жүрсем Атамекен,
Көкейіңде жатады екен.
Күннің өзі ұясына
Қимай оны батады екен.
Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем.
Көк кілемде көп аунаймын, көп күлем.
Күннің нұрын, айдың аппақ сәулесін
Қазағымның махаббаты деп білем.
Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем.
Көк кілемде көп аунаймын, көп күлем.
Асқар тауын аспаныммен таласқан
Қазағымның мәртебесі деп білем.
"Әлия"
Әлия Молдағұловадай қазақ қызының соғыстағы ерлігін ұлықтайтын "Әлия" әні қазақтың барлық батыр қызының рухына жасалған тағзым, барлық батыр қызға әнмен қойылған ескерткіш іспетті.
"Әлия" – Сейдолла Бәйтерековтей талантты композитордың бірегей туындыларының бірі. Ән 1975 жылы жазылған. Сейдолла Бәйтереков батыр қыздың рухына бағышталған әннің шығу тарихын көзі тірісінде былай әңгімелеп берген екен: "Ән ойымда біраз жүрді. Күрделі әуен жадымды баурай жөнелді. Басында ыңылдап қана жүрдім. Бірде Бәкір Тәжібаевтың жыр жинағын қолыма алып, аша бергенім мұң екен, көзіме ақынның Әлия Молдағұловаға арналған өлең жолдары түсті. Жадымда жүрген әуенге салып едім, құйып қойғандай дәл келді. Бұл ән арнау емес, бұл ән – жоқтау. Балғын қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру үшін осындай ән қажет-ақ". Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын жазылса да, бұл ән әлі күнге дейін тыңдағанда өне бойыңды шымырлатып, рухтандырады.
Әлия
Әні: Сейдолла Бәйтереков
Сөзі: Бәкір Тәжібаев
Қобда, Нева суларын сүйіп өскен,
Әсем гүлін құшаққа жиып өскен.
Аққу құстың бейнебір баласындай,
Сұлу сазды, жастықтың күйін кешкен.
Қайырмасы:
Әлия – батыр қызы сен халқымның,
Әлия – ару қызы сен халқымның,
Ерке құсы кең даламның!
Шолпан жұлдыз – өзіңсің шоқтай жарық,
Көз алмаймыз көркіңнен тоқтай қалып.
Туған жердің төсінде мәңгілікке,
Тұр ғой сенің жүрегің оттай жанып.
Саған белгі орнаттық мәрмәр тастан,
Саған күн де қызыққан, мөлдір аспан.
Саған күнде жазылған көркем дастан,
Саған күнде құшағын көктем ашқан.
"Көк тудың желбірегені" – туған елге деген сағыныштан туған ән
Атамекенге деген ыстық сағыныштан туған "Көк тудың желбірегені" әнінің сөзі 1993 жылы жазылыпты.
Ақын Алмас Ахметбекұлы елге алғаш келе жатқанда желбіреп тұрған көк туды көріп, тебіренеді, ол сәтте ойына бір шумақ өлең жолы орала кетеді.
Сол күнді ақынның өзі былай еске алады: "Елге оралып келе жатқанымда "Қорғас" бекетінде желбіреп тұрған көк туымызды алғаш рет көрдім. Шағын ғана шатырлы үй болатын. Соның төбесінде тұрған туымыз желмен лапылдап, өз тілінде дыбыс шығарып тұрған сияқты көрінді". Алматыға жеткен соң ақын өлеңнің қалған шумағын қағаз бетіне түсіреді. Арада жеті жыл өткен соң композитор Ермұрат Зейіпхан өлеңге ән жазады. Басында опералық бағытта шырқалған ән кейін әнші Ибрагим Ескендірдің орындауында кеңінен танылды.
Көк тудың желбірегені
Әні: Ермұрат Зейіпхан
Сөзі: Алмас Ахметбекұлы
Көк тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Қайырмасы:
Көк тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
жан емес
маған керегі –
Көк тудың желбірегені.
Көк тудың желбірегені –
елдіктің асқақ өлеңі,
Жан-жаққа тартпай, қазағым,
бір сөзге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені –
бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
көзінің мөлдірегені.
"Мен қазақпын"
Сарбаздар жиі орындап жүрген әндердің бірі – "Мен қазақпын" әні. Әннің авторы, айтыскер, ақын Нұржан Өмірбай "Әдебиет порталы" желілік басылымна берген сұқбатында бұл ән жөнінде былай дейді: "2017 жылдың мамыр айының аяғына қарай туған еді бұл өлең. "Мен қазақпын" әнінің мәтінінде көркемдік, пәлсапаға толы поэзия жоқ. Тек бұл ұранға сұранып тұрған сөз деп айтуға болады. Сөзі шыққасын, қызылордалық жас композитор Жарасқан Төлеубай деген бауырыма жібердім. Ол да әнді аз уақыттың ішінде шығарып, қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы, жас әнші Қуандық Рахымға ұсынған едік (...) Әннің мәтіні өзгеріп кеткен. Ал шындығында: "Сүрінгенде, бүгілгенде бір қазақ", болуы керек еді. Сүрініп кетсек, тіземіз бүгіліп кеткен жағдайда қолымыздан тартып, қолпаштайтын қазақ емес, керісінше, жарға итеретін жағымсыз жағдаяттар көп болып кетуіне байланысты шыққан туынды бұл. Әсіресе, әлеуметтік желілерде күндестік, жығылғанға жұдырық жасау, биіктеп бара жатқанды қолпаштап қолынан тартпай, артта қалсын деп аяқтан тартатын жағдайлар қатты белең алып бара жатқасын, соған қайшылық ретінде жазылған дүние деп қабылдарсыздар".
Мен қазақпын
Сөзі: Нұржан Өмірбай
Әні: Жарасқан Төлеубай
Қазақ болып тумағанда нетер ем,
Бұл жалғаннан бақыт таппай өтер ем.
Желдей жүйрік жылқы мінбей жалғанда,
Аламанда ат оздырмай кетер ем.
Қазақ болып тумағанда нетер ем,
Өкініштен өртенер ем өте мен.
Қасиетті домбыраны қолға алмай,
Қоңыр үнді әуелетпей кетер ем.
Қайырмасы:
Мен қазақпын,
Бойымдағы қан қазақ.
Мен қазақпын,
Мен шырқайтын ән қазақ.
Бір қазақтың
Бақыты мен бағына
Бар жанымен
Қуанса екен бар қазақ.
Мен қазақпын,
Түрім қазақ, тіл қазақ.
Мен қазақпын,
Мен айтатын жыр қазақ.
Сүйеу болсын тіреу болсын
Мың қазақ
Сүрінгенде, бүгілгенде бір қазақ.
Қазақ болып тумағанда нетер ем,
Қалай басқа байрақтарды көтерем?
Жеті бірдей қазынамнан айрылып,
Жеті атамды жаттай алмай кетер ем.
Қазақ болып тумағанда нетер ем,
Қонақжайлық жайын білмей кетер ем.
Қымыз, шұбат, қазы-қарта, құрт, майсыз
Қадір қашып, қарным ашып өтер ем...
"Батырлар ұраны"
"Батырлар ұранын" жалпы қазақтың батыр ұлдарына, спортта жоғары жетістіктерге жетіп жүрген жігіттерімізге арнағанбыз", деген екен бір сұқбатында "Алашұлы" тобының әншісі Әзімбек Байлин. Рух беретін бұл әнді кей спортшы шаршы алаңға шыққанда қосып жүр. Қаншама жеткіншек осы әннен шабыт алып өсіп келеді.
Батырлар ұраны
Әні: Ж.Дәулет
сөзі: Б.Әлқожа, Б.Есенхан
Өзгелерден дара туған,
Өр намыстан жаратылған,
Бабасының батырлығы,
Қанмен бойға таратылған,
Алатаудай алашымның
Қаратаудай баласымын.
Қайырмасы:
Қастерлі алашымның,
Қорғаймын бар асылын.
Намысын қолдан бермес,
Қазақтың баласымын!
Сұм білекпен, өр жүрекпен,
Намыс туын желбіреткен,
Белдескеннің белін үзіп,
Егескенді еңіреткен,
Алатаудай алашымның
Қайтпас қайсар баласымын.
Сөзіміздің басында қазақта рух беретін, жігерлендіріп, ерлікке, қайсарлыққа шақыратын әндер көп дедік. Солардың ішінде Бекболат Тілеуханның орындауындағы "Елім менің", Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы "Мен қазақпын", Алтынай Жорабаеваның орындауындағы "Қазақстан, алға!" және т.б. әндерді атап өтуге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2092094-tugan-zher-otan-turaly-magynaly-qazaqsha-anderdi-bilesiz-be/