Қол кеспеден жасалатын палауды білесіз бе?: Диана ерекше әрі тойымды палау түрін ұсынды
Жарияланған күні:
Палаудың қол кеспемен бірге пісірілетін түрін білесіз бе? Ерекше әрі тойымды тағамның рецебімен бүгінгі материалдан біле аласыздар.
Палау тек күріш қосып жасалады деген қате пікір. Мәселен Азияда палаудың кеспеден пісірілетін түрі бар. Тойымды әрі құнарлы тағамның рецебімен фудблогер Диана Есенбекова таныстырады.
Сипаттамасы
Асхана: Азия елдері
Санаты: басты тағам
Дайындалу уақыты: 30 минут
Дайын болу уақыты: 40 минут
Құрамы
Су - 1 стакан
Тұз, қара, қызыл бұрыш - дәміне қарай
Ұн - 300-400 гр
Пияз - 2 дана
Қызыл пияз - 1 дана
Картоп - 5-6 дана
Сәбіз - 1 дана
Ет - 1 кг
Өсімдік майы - 50 гр
Дайындалуы
1. Қамыр илейміз
Жылы суға тұз қосамыз. Сосын үстінен ұнды електен өткізе отырып сеуіп, жұмсақтығы орташа болатын қамыр илейміз. Иленген қамырды 15 минутқа тындырып қоямыз.
2. Көкөністер мен етті қуырамыз
Көкөністердің қабығын аршып, жақсылап жуып, видеодағыдай етіп, шаршы түрінде тураймыз. Сосын қызып тұрған қазандағы майға алдымен етті салып, кейін пиязды салып, қызарғанша жақсылап қуырып аламыз. Дәміне қарай тұз, қара, қызыл бұрыш қосамыз. Сосын көкөністерді салып, 15 минутқа бұқтырып қоямыз.
3. Қамырдан кеспе дайындаймыз
Қамырды жаюға кірісеміз. Ол үшін қамырды жаю барысында арасына ұн салуды ұмытпаңыздар. Сол кезде қамыр бір-біріне жабыспайтын болады. Сосын оны бірнеше бөлікке бөліп, қызып тұрған табаға екі жақ бетін аударып аламыз. Сосын қамырдан кеспе кесеміз. Кеспеге сұйық майды қосып, жақсылап араластырамыз.
4. Кеспені көкөністерге қосып, нан палауды пісіреміз
Кеспені көкөністердің бетіне салып, 15 минут бойы, баяу отта пісіріп аламыз. Дайын болған нан палауды табаққа салып, үстінен қызыл, жасыл пиязды қосып, дастарханға ұсынсаңыз болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2099609-qol-kespedan-zhasalatyn-palaudy-bilesiz-be-diana-erekshe-ari-toiymdy-palau-turin-usyndy/