Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

1 маусым: Балалар күнін қалай көңілді өткізуге болады

Жарияланған күні:

Шар
Шар. Көрнекі фото: pixabay.com

Ата-ананың баласына бере алатын ең үлкен сыйы – балалық шағынан жылы естеліктер қалдыру, бақытты балалық шақ сыйлау. 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде ұйымдастырылатын шаралар балалық шақтың тәтті естеліктеріне айналатыны сөзсіз. Ендеше бұл мерекені қалай есте қаларлықтай етіп өткізуге болады? Бізден бірнеше кеңесті қабыл алыңыз.

Балалар күнін көңілді өткізуге арналған 10 идея

1. Балаларды аттракциондарға апару

Мереке десе, бәріміз ең алдымен баланы орталық саябақтарға немесе ойын-сауық орталықтарына апарып, аттракциондарға отырғызуды ойлаймыз әрі бұл идеяны кез келген бала қуана қабыл алып, сол күнді асыға күтеді. Мереке атмосферасын да аттракциондар саябағы мен ойын-сауық орталықтары жақсы бере алады. Ондағы көңілді музыкалар, балаларға арналған түрлі аттракциондар, ойындар, ойыншық дүңгіршектері мен түрлі тәттілер, балмұздақтың түр-түрі мерекенің сәнін келтіреді. Алайда ескеретін жайт – мереке күні мұндай орындарда адам қарасы көп болғандықтан, аттракциондар алдында ұзын-сонар кезек туындауы мүмкін.

Аттракцион
Аттракцион. Көрнекі фото: pixabay.com

2. Аквапаркке апару

Барлық бала суға шомылғанды жақсы көреді. Алайда Балаларды қорғау күні жаздың алғашқы күніне тұспа-тұс келетіндіктен, кей өңірлерде өзен-көлдердің суы жыли қоймауы мүмкін. Сондықтан балаларды қаладағы жабық аквапарктерге апаруға кеңес береміз. Кенеттен күн суытып, нөсер жаңбыр құйып кетсе де, балаңызбен жабық ғимартта суға түсіп, мереке күнін көңілді өткізе аласыз. Ал аквапарктердегі сырғанақтар балаларға таптырмас эмоция сыйлайды.

Суға шопһмылып жүрген қыздар
Қыздар. Көрнекі фото: pixabay.com

3. Балалармен көкке шығу

Күн ашық болса, балаларды көкке алып шығуға болады. Табиғат аясында шатыр тігіп, от жағып, қазан көтерген балаларға өте қызық болмақ. Қиялыңызға ерік беріп, орманда не тау ішінде квест ұйымдастырсаңыз, мерекелік күн тіпті көңілді өтеді. Орайы келсе, балалармен шатырда түнеп, түнде жұлдызды аспанды тамашалауға, далада жанып тұрған отты айнала отырып, ертегі-аңыздар, өзіңіздің балалық шағыңыздан естеліктер айтып беруге кеңес берер едік. Көкке шығу арқылы бала табиғатпен етене танысады, таза ауда емін-еркін ойнайды, шатыр тігу, от жағу, далада тамақ пісіріп, су қайнату сияқты машықтарды, қауіпсіздік шараларын үйренеді. Ең бастысы балаңызға естен кетпес естелік сыйлайсыз.

Шатыр
Шатыр: pixabay.com

4. Балалармен зообаққа бару

Мерекеде балаларды зообаққа апарып, бірге жүріп аң-құстарды тамашалауға болады. Баланың таным көкжиегін кеңейту үшін әр жануарды жақынырақ таныстырып, олар туралы мәлімет айтып беріп, көрген-білгенін бірге талқылауға болады. Көбіне суреттен, теледидардан көретін аю, қасқыр, арыстан, жолбарысты өз көзімен көру балаларға да әсерлі болуы мүмкін.

Бала зообақта жануарларға қарап тұр
Зообақ. Көрнекі фото: pixabay.com

5. Кинотеатрға барып, жаңа шыққан анимациялық фильмдерді тамашалу

Мереке қарсаңында кинотеатрларда жаңа анимациялық немесе отбасылық фильмдердің премьерасы болуы мүмкін. Бұл мүмкіндікті де қалт жібермеуге кеңес береміз. Фильмнен шыққан соң балаларыңызбен фильмнің сюжет желісін, кейіпкерлердің іс-әркетін талқылап, балаңыздың ой түю қабілетін бағамдай аласыз. Кинотеатрда көңіліңізден шығатын жақсы фильмдер болмаса, балаңыздың жасына сай фильм таңдап, отбасылық кино кешін ұйымдастыруға болады. Попкорн мен сусын дайындап қоюды ұмытпаңыз.

Попкорн
Попкорн. Көрнекі фото: pixabay.com

6. Ойын ойнау

Ойын десе қуана қоймайтын бала кемде-кем. Баланың бәрі ата-анасының ойынға араласқанын қалайды. Сондықтан мереке күні балаңыздың өзімен не достарын жинап алып топпен түрлі ойындар ұйымдастыруға болады. Мұндайда баланың мінез-құлқындағы ерекшеліктерді де ескерген жөн. Балалардың көбі қиялдан шытырман оқиға құрастырып, өзін құтқарушы рөлінде сезінгенді жақсы көреді немесе балалармен квест ұйымдастыруға болады. Далада асыр салып ойнауға мүмкіндік болмаса, отбасымен үстел ойындарын ойнауға кеңес береміз.

Ойын
Ойын. Көрнекі фото: pixabay.com

7. Шығармашылықпен айналысу

Көптеген отбасының бірге отырып шығармашылықпен айналыса бермейтінін ескерсек, мерекені пайдаланып, сол олқылықтың орнын толтыруға болады. Бұл күні отбасыңызбен арнайы студияға барып, маманмен бірге сурет салуға, қыш құмыралар жасауға не болмаса үйіңізде шығармашылық жарыстар, театрландырылған қойылым, концерт ұйымдастыруға, балараңызбен бірге ән айтып, би билеуге болады.

Сурет салуға арналған құралдар
Сурет салуға арналған құралдар. Көрнекі фото: pixabay.com

8. Балалармен циркке бару

Балаларға цирктегі қойылымдар да естен кетпес эмоция сыйлайды. Акробаттардың әуеде шыр көбелек айналғаны, темірден түйін түйгені, сайқымазақтар көрсететін фокустар, жануарлардың аренадағы түрлі өнері қандай баланы да бей-жай қалдыра қоймайды. Өздеріңіз де таңғалып, күліп, түрлі эмоцияларды бастан кешіріп, бір демалып қаласыз.

Акробаттар
Акробаттар. Көрнекі фото: pixabay.com

9. Аниматорлармен көңілді кеш ұйымдастыру

Балалар күнін қызықты етіп өткізуге уақытыңыз болмаса, аниматорлардың көмегіне жүгінуге болады. Жарнамалар арқылы аниматорлардың мерекелік бағдарламаларымен танысып, көңіліңізден шыққанына хабарласып, тапсырыс беруге болады. Алайда мереке қарсаңында аниматорларға деген сұраныс артып кететіндіктен, ертерек қамдануға кеңес береміз. Мерекелік көңіл-күй сыйлауды аниматорларға сеніп тапсыру өзіңіздің де шаршамай, алаңсыз демалуыңызға мүмкіндік береді.

Ойын
Ойын. Көрнекі фото: pixabay.com

10. Отбасылық фотосессия жасату

Қазір балабақшаға баратын баланың өзі фотоға түсуді де, түсіруді де жақсы біледі. Соған қарамастан естелік үшін осы күні арнайы дайындалып, әртүрлі образдар ойлап тауып, отбасымен фотосессия жасатуға кеңес берер едік. Бұл күнгі фотосессияда классикалық стильден көрі ашық түсті киім киіп, көпіршіктерді, шарларды пайдаланып, көңілді фотосессия жасауды ұсынамыз.

Фотоаппарат
Фотоаппарат. Фото: pixabay.com

Баланың бойында адамгершілік, қамқорлық, жанашырлық сезімдерді қалыптастыруды ойласаңыз отбасымен, туыстармен бірігіп, әртүрлі сыйлықтар алып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға тарту етуге болады. Бұл шара балаңызға өмірлік сабақ болары сөзсіз.

Мереке күні барлық бала сыйлық алғысы келеді. Сондықтан балаңыз көптен сұрап жүрген бағалы заттарды осы күні сыйлауды ұсынған болар едік. Сыйлық тарту еткенде де қиялыңызға ерік беріп, сыйлық табыстау сәтін ерекше етіп ұйымдастыруға болады. Әлемдегі барлық бала бақытты болуға лайық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2108439-1-mausym-balalar-kunin-qalai-kongildi-otkizuge-bolady/