Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бес білезік, екі сақина: қазақ ұзатылмаған қыз бен тұрмыстағы келіншекті қалай ажыратқан

Жарияланған күні:

Қазақ қызы
Әшекей бұйым таққан қазақ қызының бейнесі. Көрнекі сурет: massaget.kz

Қазақтың зергерлік өнерінің тамыры тереңде. Зергерлік бұйымдардың дені әйелдерге арнап жасалады. Қазақ әйелдерінің тағатын әшекей бұйымдарындағы әрбір өрнектің өзіндік мағынасы бар. Мақаламызда қазақ халқында ұзатылмаған қыз бен тұрмыстағы келіншектердің қандай бұйымдар тағатыны жайлы айтамыз.

Әйелдердің саусаққа тағатын зергерлік бұйымдарын жүзік немесе сақина деп атайды. Әдетте ұзатылатын қыздарға нәзік етіп жасалған құсмұрын жүзік тағылады. Ал үлкен көз орнатып, ауқымды етіп соғылған салмақты жүзіктерді құдағи жүзік деп атаған. "Зергерлік өнер" жазбасында жасы ұлғайған әйелдердің көбіне жиын-тойларда әр саусағына бірнеше жүзікті қабаттап тағатыны жайлы жазылған.

Зергерлер көз тартатын жүзіктерді алтын мен күмістен құйып, қақтап, соғып, шекімелеп, қарала жүргізіп, шиыршық темірден торлап, небір тамаша өрнектер салып, асыл тас қондырып жасаған. Олар жасалу түрі мен қолданылу ретіне қарай отау жүзік, жималы жүзік, тасбақа жүзік деп аталған.

Қазақтың қыздары қандай әшекей бұйымдар таққан?

Шолпы – қыздардың бұрымға тағатын әшекейі. sputnik.kz ұсынған мәліметке сүйенсек, шолпыны екі үзбелі етіп, күмістен соғады. Күмістен әшекей үшбұрышты не төртбұрышты етіп жасалады, ортасына асыл тас орнатылады. Төменгі жағына бірнеше салпыншақ тағылады. Дәстүрлі қазақ қоғамында шолпының көзді шолпы (асыл тас қондырылған), қозалы шолпы, қоңыраулы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы сияқты түрлері мен атаулары кездеседі. Шолпының салмағы үш келіге дейін жеткен. Шолпы қыз баланың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастыруға ықпал еткен.

Өңіржиек – кеудеге тағылатын әшекей зат. Дәстүрлі қазақ қоғамында өңіржиекті мереке күндері қыздар мойын-омырауына сән ретінде таққан. Өңіржиек төртбұрышты немесе дөңес етіп жасалған бірнеше күміс тілікшеден тұрады, олардың арасы қатар түскен бірнеше жіңішке шынжырмен шығыршық арқылы жалғасады. Қазақ шеберлері тілікшелерді жұқа немесе арасын қуыс етіп, ортасына ақ балшық толтырып жасайды.4

Сырға – қазақ әйелдеріне арналған көркемдік бұйымның тағы бір түрі. Сырғаны көбіне бойжеткен қыздар құлағына тағады. Сондықтан сырғалар әсем әрі жеңіл етіп жасалады. Сырғаның ай, айшықты, тұмар қозалы, салпыншақты, тас алтын, күмісті, қоңыраулы, күмбезді секілді бірнеше түрі бар.

Бес білезік дегеніміз не?

Бес білезік – бұл білезіктің бауыр сырты жалпақ, сағат бау сияқты. Ортасында топсасы болады. Білезіктің екі басы түйісіп түймеленеді. Білектің сыртқы жағында күміспен немесе алтын шынжырмен шыжымдап қойған бес сақинасы бар. Сақиналар да өрнектеліп, тастан көз орнатылып әсемделеді. Білезікті білекке салардан бұрын осы бес сақинаны бес саусаққа киіп алады. Бұдан кейін білезікті топсасынан сыртына қарай қайырып білекке салады да екі басын қайтадан түйістіріп, түймелеп қояды. Бес білезікке асыл тастардан алуан түсті көз орнатып, үстіңгі бетіне күрделі өрнектер салады.

Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарындағы білезіктер егізінен, жұмырланып және төрт қырланып соғылса, Солтүстік және Орталық Қазақстанға жұқартыла соғылған жіңішке білезіктер болған, оңтүстік өңірде құйма сом білезіктер, ал батыс пен оңтүстік-шығысқа өте көлемді сырты алтынмен буланатын көзді білезіктер тән.

harpersbazaar.kz сайтында жарияланған "Бесбілезік: история этнического казахского украшения" мақаласында бес білезік сөзбе-сөз аударғанда "бес тас" дегенді білдіреді делінген. Бұл атаудың қайдан шыққанын болжау қиын емес: білезікке шынжырлар арқылы үш-төрт сақина бекітіледі. Бұл әшекей қыз баланың қолын толығымен жауып тұрады. Әдетте әшекей бұйымдарды жастар (кейде екі қолға тағатын) тағады, өйткені егде жастағы қазақ әйелдері қарапайым көрінгенді ұнатқан.

Шеберлер салмағы жүз грамдай болатын білезіктер мен жүзіктерді ою-өрнектермен, түрлі бедер салып әсемдеген. Бүгінде зергерлер бағалы металдардан, асыл тастар мен эмальдан ұлттық әшекей бұйымдарды жасайды.

Құстұмсық

Құстұмсық жүзік – сыртқы көрінсі құстық тұмсығына ұқсас қыз баланың тұрмысқа шықпай тұрып қыз кезінде таққан жүзігі. Жүзіктің құстұмсық деп аталу себебі massaget.kz сайтында жарияланған "Қазақ әйелдерінің әшекейлері" мақаласында былай түсіндірілген:

Құстұмсықтың мәні тұрмыс құрмаған қыздың жат елге келін болмай тұрып құстай еркін самғап жүре алуымен байланысты. Тұрмыс құрып жатқан кезінде қыздың анасы қызының құстұмсық жүзігін орамалға түйіп жасауымен бірге беріп жіберген. Құстымсық жүзікті жас келін бауырларына жағдайының жақсы екенін, еліне хабар беру мақсатында беріп жіберетін болған. Жүзігі қыздың артынан қайтып келген болса, ол елдегі қыздың жағдайының жақсы екендігін, енесінің келініне жақсы қарайтындығын білдіретін болған. Оны көрген қыздың анасы қуанып, ауыл арасында шағын той жасайтын болған.

Ал "Ана тілі" басылымында жарияланған "Қыздарға әсемдік жарасады" мақаласында құстұмсық жайлы мынадай мәлімет берілген:

Қалыңдық ұзатылғанда құстұмсық жүзігін сіңлісіне таққан немесе келін болып түскенде тарту ретінде қайынсіңлісінің қолына салған. Кейбір келіндер қыз күнінде таққан құстұмсық жүзігін сақтап қойып, кейінірек өзінің қызының немесе немересінің қолына салған. Басқаша айтқанда, құстұмсық жүзік анасынан қызына мұрагерлікке қалып отырған. Бұл жүзікті кейбір өңірде құсмұрын жүзік деп те атаған. Құстұмсық жүзіктің пішіні мен ою-өрнектері еркіндік пен бақыттың нышаны ретінде танылады. Ертеде ұзатылған қыз белгілі бір уақыттан кейін төркініне сәлемдеме жібереді екен. Сәлемдеме жер шалғайлығынан туған хабар алысудың бір түрі болған. Жазу-сызу болмағандықтан ұзатылған қыз өз жағдайын түрлі бұйымдар мен ою-өрнек арқылы білдірген. Сәлемдемеге құстұмсық жүзік келсе немесе құсты бейнелейтін оюы бар бұйымдар (тұскиіз, басқұр және тағы басқа) келсе, төркін жұрты қыздың барған жерінде құстай еркін, бақытты өмір сүріп жатқанын түсінген.

Құс тұмсық сақиналарын ер адамдарда таққан деседі. Соғысқа аттанып бара жатқан жігіттерге еліне аман-есен оралсын деген ниетпен құстұмсық сыйға тартылған.

Бұдан бөлек қазақ әйелдері мынадай әшекейлер таққан:

  • Отау жүзік – отау құрғаннан кейін әйелдің тұрмысқа шыққанын білдіретін бұйым.
  • Оймақ сақина – әйелдің әр түрлі тігін тігу барысында ите кіріп кетпеу мақсатында тағылатын сақина түрі.

Білезік – білекке тағылатын сәнді әшекей бұйым. "Қазақтың қыз-келіншектері қандай әшекей бұйымдарды таққан" мақаласына сүйенсек, білезік сөзі білек және жүзік, яғни білекжүзік сөзінің бірігуінен шыққан көрінеді. Білезік қымбат металдардан жасалады. Білезіктің көлемі, пішіні, салынатын әшекейі әр түрлі болады әрі асыл тастардан көз орнатылады.

Бұйымдар ішінде білезіктің түрі өте көп болған. Олар баулы шынжырмен қосылған сақиналары бар білезіктер, асыл тастан көз орнатылған көзді білезіктер деп бөлінеді.

Қазақ әйелдерінің ең жеңіл бұйымдарының бірі – алқа. Алқа бір-бірімен шығыршық арқылы жалғасады. Ол бірнеше төрт бұрыш, үш бұрыш, дөңгелек әшекейлермен көрініп тұратындықтан асыл тастармен және өңді әйнектермен безендіріп жасалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2116200-bes-bilezik-eki-saqina-qazaq-basy-uzatylmagan-qyz-ben-turmystagy-kelinshekti-qalai-azhyratqan/