Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ашу – дұшпан: күйеуіңіз жүйкеңізге тиген кезде көмектесетін 10 әдіс

Жарияланған күні:

Ер мен әйел
Бір-бірінен алшақ отырған ер адам мен әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Ыдыс-аяққа бола келіспеушіліктің туындауы, есікті тарс етіп жабу, әңгімелескен кезде қатты сөйлеу болмашы дүние болып көрінеді. Алайда мұндай әрекеттер ұсақ-түйек болып көрінгенімен бір мезетте әйелдің жүйкесіне тиюі мүмкін. Сарапшылар күйеуіңіз ығырыңызды шығарған жағдайда көмектесетін 10 әдіс жайлы айтты.

Күйеуіңіздің әс-әрекеті кез келген жағдайда жүйкеңізге тисе не істеу керек? Ондайда сезіміңізді мойындау және ашулануыдың себебін анықтау маңызды. Күйеуіңізге іштегі сезіміңізді айтып, оның көзқарасы жайлы тыңдап, шекараны белгілеуіңіз керек. Өзіңізге уақыт бөлу, серігіңіздің жағымды жақтарына назар аудару, сыртқы және ішкі күйзелістермен күресу, ортақ мақсаттар үшін бірлесіп жұмыс істеу және қажет болған жағдайда кәсіби көмекке жүгіну маңызды.

Сезімдеріңізді мойындаңыз

Күйеуіңіз неге ренжітеді? Бұл жағдайда не істеу керегін лицензиясы бар неке және отбасылық терапевт Софи Кресс NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті пікірінде былай түсіндірді:

Ашулану ақталмаған үміттерден, күнделікті күйбең тірліктегі көңілсіздіктен немесе жеке күйзелістен туындауы мүмкін. Бір адаммен көп уақыт өткізу тіпті болмашы әдеттердің өзін ашу тудыратындай жағдайда көрсетуі мүмкін. Дұрыс қарым-қатынас үшін бұл сезімдермен күресу маңызды.

Қарым-қатынас бойынша сарапшы Кармел Джонс NUR.KZ тілшісіне берген пікірінде мұндай жағдайда ең алдымен өзіңді сөкпеу, ешкімді кінәламау, өз сезіміңді мойындау керек деп кеңес береді. Кез келген қарым-қатынастың керемет болатын, кейде құлдырайтын сәті болады және анда-санда ашу-ызаның пайда болуы табиғи жағдай.

Жүйкеңізге тиген нәрсенің себебін анықтаңыз

Сіздің жүйкеңізге нақты не әсер ететінін анықтаңыз. Бұл қорылдау, есікті қатты қағу немесе қақпағы жабылмай қалған тіс пастасы болуы мүмкін. Жүйкеге тиетін дүниелер үнемі серігіңіздің іс-әрекеттерімен байланысты емес. Мұның ара-жігін ажырату үшін лицензиясы бар неке және отбасылық терапевт Кайла Крейн мынадай кеңес ұсынады:

Бір қадам артқа шегініңіз және ашулануыңызға не ықпал етуі мүмкін екенін ойлаңыз. Бұл күйеуіңіздің іс-әрекеті ме әлде жұмыс, отбасы немесе жеке денсаулық сияқты сыртқы күйзелістерге байланысты болуы мүмкін бе?

Сізді не ызаландыратынын білу мәселені шешуге көмектеседі, - дейді Кармел Джонс.

Күйеуіңізге сезімдеріңізді айтыңыз

Отбасылық психолог Софи Кресс: "Сөйлесу – шешуші сәт", - дейді NUR.KZ оқырмандарының назарына.

Күйеуіңізбен өз сезімдеріңізді ашық әрі шынайы талқылаңыз. Оның іс-әрекеттері сізге қалай әсер ететінін білдіру үшін "Мен" деген сөзді пайдаланыңыз. Мысалы: "Ыдыс-аяқ қалай болса солай қойыла салса, мен ашуланамын, себебі бұл асүйді шашылып жатқандай етіп көрсетеді".

Әңгімелесу кезінде сабырлы болып, ашуға ерік бермеуіңіз керек. Ал көңіліңіз көтеріліп тұрғанда әңгімені бастамаңыз.

MFT онлайн бағдарламасының лицензиясы бар кәсіби кеңесшісі Шенелла Карунаратне NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында күйеуіңізге "Сен мені ренжіттің" деп айтпауға кеңес береді. Тек жүйкеңіздің аздап әсер еткенін, ашуланғаныңызды айтыңыз.

Ер адам мен әйел
Жодасына өкпелеп отырған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Оның пікіріне құлақ асыңыз

Тантра академиясының қарым-қатынас жөніндегі сарапшысы Стеффо Шамбо күйеуіңіздің пікірін тыңдауға кеңес береді. Клиникалық психолог Зита Кристо NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті пікірінде күйеуіңізге жанашырлық танытуға кеңес береді:

Күйеуіңіздің пікірін түсінуге тырысыңыз. Оның мінез-құлқының сіз білмейтін жасырын себептері болуы мүмкін.

Age Times бас редакторы Карл Типинс былай дейді:

Сіздің серігіңіз ешқашан мінсіз болмайды. Бірақ сүйіспеншілікпен, адалдықпен, мейірімділікпен және құрметпен сөйлесе алсаңыз, сіз көп нәрсені жақсы жағына өзгерте аласыз. Бұл кез келген ыңғайсыз тақырыпты оң пікірдегі әңгімеге айналдырады.

Мұндай әңгіме қарым-қатынасты нығайтып, ерлі-зайыптының да, жеке тұлғаның да өсуіне ықпал етеді.

Шекараны белгілеңіз

Егер сіз үнемі ренжи беретініңізді байқасаңыз, бұл сезіммен күресудің ең тиімді жолы – жеке кеңістікке деген қажеттілікті жай ғана білдіру, - дейді Шенелла Карунаратне. Өз басымдықтарыңызға үңіліп көріңіз және күйеуіңізбен араңызда ненің ыңғайлы және қолайсыз екенін, қандай шекараларды кесіп өтпеу керегі туралы сөйлесіңіз. Ымыраға келе отырып, шешім қабылдауыңыз керек.

Кармел Джонс былай дейді:

Шынайы болыңыз, не күтетініңізді біліңіз. Есіңізде болсын: ешкім мінсіз емес, әркімнің өз ерекшеліктері бар.

Күтетін нәрсеңізді түзету ашу-ызаны азайтады, - дейді психолог Зита Кристо.

Өзіңізге уақыт бөліңіз

Ашушаңдықты азайту үшін өзіңіздің жеке кеңістігіңіз бен өзіңізге арнайтын уақытыңыздың болғаны маңызды. Бұл бір-біріңізден жабырқайтын кездерден қатты сақтайды, - дейді Кайла Крейн:

Кітап оқу, спортпен айналысу немесе достарыңызбен бірге болу сізді босаңсытады, сондықтан өзіңізді шабыттандыратын істермен айналысыңыз.

Бұл әсіресе бірге жұмыс істейтін және бос уақытын бірге өткізетін жұпқа қатысты айтылған. Қайта қуат алу, ойлану және еркін жүру үшін арасында бір-біріңізден демалып тұрыңыз, - деп кеңес береді Софи Кресс.

Кітап оқыған әйел
Кітап оқып отырған әйел. Көрнекі сурет: pixabay.com

Сүйіктіңіздің жағымды жақтарына назар аударыңыз

Зита Кристо позитивті ойларға ден қоюға кеңес береді:

Күйеуіңіздің жағымды қасиеттерін және оны жақсы көретін себепті еске түсіріңіз. Бұл ашу-ызаны басқаруға көмектеседі.

Ерлі-зайыптылардың кеңесшісі және Балтимор терапия орталығының директоры Раффи Билек NUR.KZ сайтына берген пікірінде мынадай мысал келтірді:

Күйеуі адал адам әрі тамаша әке болса, үй шаруасында көп жұмыс істесе, онда оның жақсы болғаны. Ал ұмытшақтық оның жеке басының кішкене бөлігі ғана.

Иә, ол тағы бір нәрсені ұмытып кетсе жүйкеге тиюі мүмкін, бірақ оның тамаша қасиеттері бұл олқылықтың орнын басады.

Сыртқы және ішкі күйзелістермен күресу

Егер ашу тудыратын жайттың себебі сізге байланысты болса, ал күйеуіңіз қаншалықты жүйкеге тимеуге тырысса да, шағымданатын нәрсе қалай да табылады. Бәлкім сіз өзіңіз жасамаған істер арқылы ренжітетін шығарсыз немесе бұл қатынастың нәтижесін жайсыз деп санауыңыз мүмкін.

Бәлкім сізді қандай да бір жаһандық апат, елдегі экономикалық немесе саяси жағдай, жұмыстағы қиындықтар, балалар алаңдататын шығар. Өзіңіздің ішкі мәселелеріңізді шешпей тұрып, сыртқы күйзеліс факторларының әсерінен құтылу мүмкін емес.

Ортақ мақсат үшін жұмыс істеңіз

Психолог Зита Кристо: "Бір команда екеніңізді және ортақ мақсатта жұмыс істейтіндігіңізді есте сақтаңыз", - деп кеңес береді.

Екеуіңізге ұнайтын істер мен мақсаттарға назар аударыңыз. Ортақ дүниелер болса, бірге жұмыс істей аласыз. Бұл байланысты нығайтуға және өкпе-ренішті болдырмауға көмектеседі.

Кармел Джонс мәселелерді тікелей шешуге кеңес береді:

Егер сізді бірдеңе мазалаған болса, оны сабырмен талқылаңыз және шешім табу үшін бірге амалын жасаңыз. Ымыраға келуге дайын болыңыз, орта жолды ұстану кикілжіңді шешудің және ренішті басудың кілті болмақ.

Бір-біріңізді сыйлап, ренжімеуге тырысыңыз. Егер сізді бірдеңе мазалайтын болса, бұл туралы сүйіктіңізбен ашық сөйлесіңіз.

Асүйдегі жұп
Асүйде тағам пісіріп жатқан жұп. Көрнекі сурет: pixabay.com

Кәсіби маманың көмегіне жүгініңіз

Кез келген қарым-қатынас гүлдену және құлдырау кезеңдерінен өтеді, - деп еске салады Кайла Крейн:

Ең бастысы, осы сәттерге шыдамдылықпен, түсіністікпен және ашық сөйлесу арқылы жақын болу керек. Түпкі себептерді анықтап, бірге жұмыс жасасаңыз, байланысыңызды нығайтып, үйлесімді қарым-қатынас орната аласыз.

Егер сүйген адамыңыздың іс-әрекетінің жүйкеңізге тиетіні басылмаса және мұның арты жек көруге ұласып бара жатса, психологтан, психотерапевттен немесе қарым-қатынас бойынша кеңесшіден кәсіби көмек сұраңыз.

Кез келген қарым-қатынаста жүйкені қозғайтын кезең болуы мүмкін, бұл қалыпты жағдай. Мамандардың 10 кеңесі бұл сезімнен арылуға көмектеседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2117541-ashu-dushpan-kuieuingiz-zhuikengizge-tigen-kezde-komektesetin-10-adis/