Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жазда үйдегі және ауладағы құмырсқалардан қалай құтылуға болады

Жарияланған күні:

Құмырсқа
Құмырсқа. Көрнекі фото: pixabay.com

Құмырсқа бір қарағанда тірі жанға зияны жоқ еңбекқор жәндік көрінгенімен, үйдегі қоқымға үймелеген бұл жәндіктер ауру таратуы мүмкін. Бұл материалымызда сарапшылардың зерттеуіне сүйене отырып, жазда үйдегі және ауладағы құмырсқалардан құтылудың жолдарын ұсынып отырмыз.

Құмырсқа – жарғаққанаттылар отрядының бір тұқымдасы. Құмырсқаның 10 мыңдай түрі бар. Құмырсқаларды зерттейтін ғылым "мирмекология" деп аталады. Құмырсқаларды зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі – Эрих Васманн.

Қазақстанда үй құмырсқалары (шымылдар), орманда көбірек кездесетін – жирен құмырсқалар, қара құмырсқалар т.б. кең таралған.

Бүгінде жер бетінде 10 квадрилиион, яғни онның 15 дәрежесіндей құмырсқа бар екен. Жан басына шаққанда, бір адамға миллион құмырсқадан келеді.

Алманы кеміріп жатқан құмырсқалар
Құмырсқа. Көрнекі фото: pixabay.com

Құмырсқа үйге қалай кіреді?

Құмырсқалар әдетте илеуде тіршілік еткенімен, қорек іздеп үйге де үймелеп алатыны бар.

Құмырсқаның үйге қаптап алуының себебі – тазалықтың сақталмауы. Жәндіктер тамақ қалдығы мен қоқымға үйір келеді. Оларға да қорек керек. Алайда айнадай таза пәтерде де дастарқанда тамақтың беті ашық қалса, құмырсқа үймелеп алады.

Құмырсқалар улау жұмыстары жүргізілген көршінің үйінен де келуі мүмкін. Көбіне үйге жиҺазбен, құрылыс материалдарымен, басқа да заттармен өзіміз алып кіреміз.

Үйге кіріп алған құмырсқалар қорек көзінен илеуіне дейін соқпақ жасайды. Мұқият қарасаңыз, қабырғадан, шкафтан, үстелден тізбектеліп бара жатқан құмысрқаларды аңғаруға болады.

Үйде құмырсқа бар екенін байқаған болсаңыз, жерге қоқым тастап қойыңыз, бірер сағаттан кейін оған құмырсқа үймелеп алғанын көресіз.

Құмырсқамен күресті илеуін іздеуден бастау керек. Өйткені бұл жәндіктер тез көбейетін болғандықтан, жұмысшы құмырсқалармен күресу – уақытша шара. Олар адам өміріне, қоршаған ортаға және барлық инфрақұрылымға қауіп төндіреді.

"Құмырсқалар әртүрлі инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын – парасүзек, туберкулез, құрттардың жұмыртқасын таратушалар болып саналады. Сондықтан үйде құмырсқа пайда болса, оларға қарсы дұрыс дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу қажет" , - дейді дезинфекция маманы Кардасинов.

Құмырсқалардың үйге ену жолдары:

  • есіктер мен терезелердегі тесіктер;
  • желдету жүйесі;
  • жертөле;
  • құбырлар;
  • қабырғалардағы жарықтар.

Үй құмырсқалары жылу мен ылғалды жақсы көреді, сондықтан олар үйде, пәтерде су мен тағамға жақын жерлерге үйір келеді. Мысалы, илеуі ас үйдегі ыдыс-аяқ жуатын орынның жанындағы шкафтың артында, жуынатын бөлмедегі плинтустың артында немесе кафельдің артында болуы мүмкін.

Құмырсқа
Құмырсқа. Көрнекі фото: pixabay.com

Құмырсқадан қалай құтылуға болады?

Құмырсқалар тез көбейетін болғандықтан, одан құтылу оңайға соға қоймайды. Дегенмен бұл жәндікпен күресудің жолдары бар.

Сода

Көбіне құмырсқаларға қарсы сода қолданылады, өйткені ол зиянкестердің денесіне енген кезде оның ағзасындағы қышқылмен химиялық реакцияға түседі. Салдарынан жәндік тез өледі. Дегенмен құмысрсқамен күресу әдісі тиімді болуы үшін содаға су мен қант араластырып қосу керек, әйтпесе құмырсқалар оны жемей қояды. Дайындалған ерітінді жәндік көп шығатын жерлерге жағылады. Қант құмырсқаларды тартады, олар сода қосылған қоспаны жеп, өліп қалады.

Бор қышқылы

Бор қышқылы арзан әрі құмырсқадан қорғайтын тиімді құрал болып саналады. Жәндіктердің денесіне енгеннен кейін ол жүйке жүйесіне әсер етіп, өлімге әкеледі. Ол үшін бор қышқылына суға араласқан қант қосып, ерітінді әзірлеу керек. Қанттың орнына жұмыртқаның сарысын пайдалануға да болады. Жұмыртқаның сарысына бор қышқылын қосып, кішкене етіп дөңгелетіп алып, жәндіктер көп жиналатын жерлерге қойып қойып шығу керек. Құмырсқалар улы қоспаны ұрғашы құмырсқа мен дернәсілдерге тасымалдайды, олар улы қоспадан өліп қалады. Бұл әдісті пайдаланған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау керек: қолдан әзірленген уды балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз, тамақтың бетін ашық қалдырмаңыз.

Эфир майлары

Тамаққа апаратын соқпақ салғанда, құмырсқалар белгілі бір феромондар бөледі, бұл оларға "жолды" адаспай табуға көмектеседі. Эфир майлары құмырсқаларды жасқау үшін қолданылады, өйткені олар өткір иістерді ұнатпайды және өңделген жерлерді айналып өтеді. Сондықтан жалбыз, қалампыр, лаванда, даршын, жусан, қарағай майлары жәндіктермен күресуге жақсы көмектеседі. Ол үшін мата кесінділеріне эфир майларын сіңіріп, құмысрқаның жолына қойып қою керек. Бұдан бөлек суға жалбыздың 15-20 тамшысын тамызып, қоспаны құмырсқа үймелейтін орындарға шашып тастаңыз.

Эфир майлары
Эфир майлары. Көрнекі фото: pixabay.com

Сірке суы мен мүсәтір спирті

Сірке суы мен мүсәтір спирті өткір иісіне байланысты құмырсқаны жасқауға жақсы көмектеседі. Егер оны құмырсқаның жолына сеуіп тастасаңыз, олар бағытынан адасып қалады. Ыңғайлы болу үшін сірке суын суға араластырып, су бүріккішпен шашып шығу керек. Бұл ертіндіні илеуге де қолдануға болады. Ол үшін сірке суын немесе мүсәтір спиртін суға араластырып, илеуге шашып тастау керек.

Жұмыртқа

Жұмыртқа қабығын жуып, үгітіп, жәндік үймелейтін жерлерге сеуіп қоюға болады. Шикі жұмыртқаның ішкі жағын қабығынан абайлап аршып алып, жұмыртқа қақпандарын үйдің айналасына қойып тастасаңыз, оның ішіне кіріп алған құмырсқалар қайта сыртқа шыға аламй қалады.

Ашытқы

Құмырсқамен күресуде ашытқыны да қолдануға болады: құмырсқаның ағзасына енген ашытқы оны ісіндіріп, өліп кетуіне себеп болады. Ашытқыны тәттілермен (қант, джем, бал және т.б.) араластырып беруге болады, ол үшін аздап су қосып, араластырып, дайын болған қоспаны құмырсқалар жиналатын барлық жерге сеуіп шығу керек. Бұған қоса ашықтыдан ұсақ шарлар әзірлеп қоюға болады. Ол үшін ашытқы, су және қантты араластырып, ұсақ шарлар дайындап алу керек. Оны үйдің айналасына қойып шығыңыз.

Сабын

Сабын құмырсқа феромондарының иісін азайтып, жәндіктердің бағытын өзгертеді. Ол үшін сабын ерітіндісін әзірлеп, онымен құмырсқа жүретін жерлерді өңдеп шығу керек. Сондай-ақ құмырсқаның жолына қатты сабынды үгітіп сеуіп шығуға болады. Сабынға аздап эфир майын қоссаңыз, әсері күшейе түседі.

Құмырсқалардан құтылу үшін түрлі химиялық заттарды да қолдануға болады, алайда сақтық шараларын қатаң сақтап, мқлшеріне қарай қолданбаса, балалар, үй жануарлары уланып қалуы мүмкін.

Бақшадағы немесе жылыжайдағы құмырсқалардан қалай құтылуға болады

Бау-бақшада құмырсқалардың мынадай түрлері жиі кездеседі: жирен құмырсқалар, қара құмырсқалар және қоңыр құмырсқалар. Құмырсқалардың кейбір зиянкестерді жоятын пайдасынан бөлек, егіндікті жояды.

Бақшадағы құмырсқалар келтіретін зиян мынандай:

  • тәтті дақылдарды жейді, мысалы, құлпынай, қызанақ, қызылша және құрамында қант мөлшері жоғары басқа да көкөністер мен жидектер;
  • жеміс ағаштарының басында бітенің көбеюіне себепкер болады (яғни, құмырсқа бітені азық көріп бір жерге жинап қояды), зиянкестерді басқа "жауларынан" қорғайды;
  • гүлдерді жояды – әсіресе таушымылдық пен раушан гүлдері құмырсқадан көп зардап шегеді.
  • гүлзарларды, атыздарды және іргетастарды бұзуға қабілетті. Бұған қоса құмырсқа илеу салу үшін топырақтың беткі қабатын қопсытады – бұл өсімдіктердің тамыр жүйесіне ауаны көбірек жібереді;
  • топырақтың қышқылдығын арттырады. Құмырсқа илеуінің жанында топырақ тез қышқылданады, сондықтан өсімдіктер ауырып, өле бастайды.

Құмырсқалар атыздарға зақым келтірмеу үшін жәндіктерге қарсы мынандай құралдарды пайдалана аласыз. Мысалы, бау-бақша, жылыжай маңына ақжелкен, аскөк, жалбыз, қыша, темекі, шүйгіншөп сияқты өткір иісті өсімдіктер отырғызу керек. Сондай-ақ, бау-бақша периметрі бойынша анис жапырақтарын, үгітілген сарымсақ араласқан үгінділерді, көмірді, күлді және т.б. сеуіп қоюға болады.

Құмырсқа
Құмырсқа. Көрнекі фото: pixabay.com

Бақшадағы құмырсқалармен күресу үшін илеуге тары себіліп, қайнаған су құйылады, тұз және басқа да құралдар жиі қолданылады. Химиялық заттармен де құмырсқаларды қуып жіберуге болады, бірақ ол басқа пайдалы жәндіктерді жойып, екпелерге зиянын тигізуі мүмкін.

Құмырсқамен құтылудың ең тиімді тәсілі – зиянкестермен кешенді түрде күресу. Ал сарапшылар бұл істе мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2119068-zhazda-uidegi-zhane-auladagy-qumyrsqalardan-qalai-qutyluga-bolady/