Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Басты күнде жууға бола ма: мамандар не дейді

Жарияланған күні:

Шашын кептіріп тұрған әйел
Әйел. Көрнекі фото: pixabay.com

Басты күнделікті жуудың шаштың қалыңдығы мен бас терісінің күтіміне байланысты оң және теріс әсері болуы мүмкін. Бұл тұрғыда шаш күтімі жайлы арнайы мамандар мен интернет-ресурстардағы кеңестер не дейді?

Басты қаншалықты жиі жуу керек?

Сусабынды және басқа косметикалық құралдарды қолдана отырып, күтім процедураларын жасау шаштың сұлулығы мен бас терісінің денсаулығына күтім жасаудың маңызды бөлігі саналады. Medical News Today медициналық сайты сусабындар белсенді заттардың көмегімен шашты тазартады деп жазады. Бұл заттар бас терісі мен шаштағы кірді кетіреді.

Көптеген сусабында сульфат деп аталатын қоспалар бар. Олар шаштағы майды кетіретін қалың көбік тудырады. Онымен жиі жуу шашыңызды тазалайды, бірақ оны зақымдауы да мүмкін. Шашты сау ұстау үшін кейбір адамдар сульфатсыз немесе ылғалдандыратын сусабындарды қолданғанды жөн көреді, ал енді біреулер сусабынмен жуу жиілігін азайтады.

Басты күнде жууға бола ма? Бұл мәселе бойынша сарапшылардың пікірі әртүрлі. Әйелдерге арналған Elle журналында нақты жауап жоқ екені айтылған. Жуу жиілігі шаш түріне және өмір салтына байланысты анықталуы керек.

Әйелдерге арналған Cosmopolitan журналында дерматологтар шашты аптасына 2-3 рет жууға кеңес береді. Бірақ, мамандардың айтуынша, шаш түріне көңіл бөлу керек. Қалың, бұйра шашқа қарағанда жұқа, түзу шашты жиі жуу керек. Жуу жиілігі бас терісінің және шаштың күйіне байланысты да анықталады.

Денсаулыққа арналған Healthline порталы шашты жуу қажеттілігін арттыратын маңызды факторларға мыналар жатады деп жазады:

  • шаштың шамадан тыс майлы болуы;
  • шаш түрі;
  • тер, кір және шаң;
  • шашты сәндеу өнімдерін пайдалану.

Шаштың тез кірлеуіне жиі тарау да әсер етуі мүмкін. Щетка шашты тегістеп, сәндеп қана қоймайды, сонымен қатар майбездерінің өнімдерін шаштың ұзындығы бойымен таратады. Неғұрлым жиі тарасаңыз, шашыңыз соғұрлым тез кірлейді. Сондықтан тарақты таза ұстап, сабынды сумен жуып жүріңіз және антисептикпен өңдеңіз.

Тарақ ұстап тұрған әйел
Тарақ. Көрнекі фото: freepik.com

Шаш күтімі толыққанды болуы үшін оны жеке таңдау керек. Бас терісінің және шаштың күйін дерматолог пен трихологтың бағалауы сізге ең тиімді нұсқаны таңдауға көмектеседі.

Басты күнде жусаңыз не болады? Cleveland Clinic мамандары жиі жуудың салдарынан шаш құрғайды және сынғыш болып, жиі қышитын болады деген пікір білдірген.

Шашты жуу жиілігі туралы сарапшылардың пікірі әртүрлі болса да, олардың барлығы бірауыздан жиі жуу туралы шешімді шаштың түріне және майлылығына, бас терісінің күйіне байланысты қабылдау керек деседі. Шашты жуу керек, өйткені ол кірлейді. Орташа есеппен алғанда, қалыпты шаш 2-3 күнде, майлы шаш 1-2 күнде, құрғақ шаш төрт күнде кірлейді.

Шашты жуу арасындағы уақытты қалай ұзартуға болады?

Тез майланатын шаштың мәселесін шешу кешенді тәсілді қажет етеді. Кейбір жағдайларда арнайы мамандардың көмегі қажет болады. Дегенмен шаш күтіміне кейбір өзгерістер енгізіп бас жууды сирете аласыз. Негізгі ұсыныстар мынадай:

  1. Құрғақ сусабын қолданыңыз. Ол дәстүрлі өнімдерді алмастырмаса да, жуу арасындағы уақытты ұзартудың тамаша тәсілі. Құрғақ сусабын майды сіңіру үшін шаш тамырларына шашатын аэрозоль ұнтағы түрінде болады.
  2. Бас терісіне күтім жасаңыз. Қан айналымын жақсартып, артық майланудың алдын алу үшін бас терісін уқалаңыз.
  3. Жуу жиілігін реттеңіз. Тазарту процедуралары арасындағы уақытты біртіндеп арттырыңыз. Бір күндік үзілістен бастаңыз, содан кейін екі күннен кейін шашыңызды жуыңыз және т.б. Бұл бас терісіне бейімделуге және аз май шығаруға мүмкіндік береді. Шаш пен бас терісінің күйін бақылаңыз. Егер сіз өзіңізді жайлы сезінсеңіз және шашыңыз таза және сау болып көрінсе, онда сіз дұрыс режимді таптыңыз.
  4. Шаш түріне сәйкес келетін және құрамында күшті химиялық заттар жоқ сусабындарды таңдаңыз.
  5. Шашыңызды екі рет жуыңыз.
  6. Шаштың түбіне кондиционерлер немесе маскалар жақпаңыз. Бұл шаштың майлануына және көлемінің тез жоғалуына әкеп соқтырады.
  7. Басыңызды жылы сумен жуыңыз. Тым ыстық су майдың бөлінуін ынталандырады, сондықтан күннің соңына қарай шашыңыз майлы болып көрінуі мүмкін. Шашыңызды жылы сумен жуыңыз және шаш кутикуласын жабу үшін бөлме температурасындағы сумен (суық емес) шайыңыз.
  8. Ыстық құралдарды (шаш кептіргіш, тегіс үтік немесе бұйралағыш үтік) пайдалануды шектеңіз, себебі бұл май өндіруді ынталандыруы мүмкін. Оларды азырақ және төмен температурада қолданыңыз.
Әйел шашын үтіктетіп отыр
Шашқа арналған үтік. Көрнекі фото : freepik.com

Бас терісі мен шаштың күйіне тамақтану да әсер етеді. Шашты сау ұстау үшін дәрумендер мен минералдарға бай тағамдарға басымдық беріңіз.

Басты мынандай реттілікпен жуу керек:

  • жуар алдында шашыңызды тараңыз, жақсылап ылғалдандырыңыз;
  • қолыңызға аз мөлшерде сусабын көпіртіңіз, содан кейін уқалай отырып оны шаш түбіне жағыңыз.
  • жуған кезде саусақтардың ұшымен басыңызды ақырын уқалаңыз. Сусабынды жылы сумен шайыңыз.

Басты дуып болған соң шашты орамалмен қатты сүртуге немесе тарауға болмайды. Шаш аздап кепкенге дейін күте тұрыңыз.

Әйел айнаға қарап тұр
Әйел. Көрнекі фото: freepik.com

Күнделікті жуу кезінде шашыңыз бен бас теріңіз сау болып көрінсе, онда бұл кеңестер сізге арналмаған. Әйтпесе, жуу жиілігін азайтып, жұмсақ күтім өнімдерін таңдау керек. Ең жақсы шаш күтімі режимін табу үшін осы әдістерді қолданып көріңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2132163-basty-kunde-zhuuga-bola-ma-mamandar-ne-deidi/