Жүктілік және басқа себептер: етеккір қандай себеппен кешігіп келуі мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русскомЕтеккір негізінен бойға бала біткен кезде кешеуілдейді. Кейде бұған әйел ағзасындағы қандай да бір кілтипан себеп болуы мүмкін. WebMD және Healthline медициналық басылымдарында жарияланған ақпараттар негізінде еттеккірдің кешеуілдеу себептерін талдап көрейік.
Жүктілік
Етеккірдің кешігуіне не себеп болуы мүмкін? Жүктілік – тұрақты цикл кезінде етеккір тоқтатуының ең басты себебі. Бойға бала біткен-бітпегенін дәріханада сатылатын жүктілікті анықтайтын тест арқылы тексеріп көруге болады.
Жүктілікті анықтауға арналған тестті несепке шамамен 20 секунд салып қою керек, ол аналық жасуша ұрықтанғаннан кейін бөлінетін адам хорионикалық гонадотропині гормонына жауап қайтаруы керек. АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі бұл сынақты етеккір кешеуілдегеннен бір аптадан кейін жасап көруді ұсынады. Оған дейін зәрдегі бұл гормон деңгейі тым төмен болады, сондықтан тест теріс нәтиже көрсетуі мүмкін.
Тест теріс нәтиже көрсетсе, жүктіліктің басқа белгілеріне назар аударыңыз:
- шаршау;
- жүрек айну және құсу;
- сүт безінің ұлғаюы және ауырсынуы.
Осы белгілердің бірін сезген болсаңыз, жүктілікке арналған тесті қайта жасап көріңіз және гинекологқа қаралыңыз. Дәрігер етеккір не себепті кешеуілдеп жатқанын анықтап бере алады.
Күйзеліс
Етеккір тек жүктілік кезінде ғана тоқтап қалмайды. Әйел жүкті болмаса, етеккір неге келмейді? Етеккір қатты уайым мен созылмалы күйзелістен уақытылы келмей қалуы мүмкін. Healthline медициналық басылымындағы ақпарат бойынша, әйел кенет немесе ұзаққа созылған психологиялық қысымға ұшыраған кезде гипоталамус эндокриндік жүйеге стресс гормондары – кортизол және кортиолиберин өндіре бастау үшін сигнал береді.
Олар мидың жұмысын белсендіреді, ол үшін қандағы глюкозаның қолжетімділігін арттырып, аналық бездер үшін оны азайтады. Соның салдарынан организмнің репродуктивті қызметі нашарлап, овуляция уақытша тоқтап, етеккір циклі бұзылады.
Кешігудің себебі күйзеліс деп ойласаңыз, өзіңізді одан қорғаңыз. Тыныштандыратын жаттығулар уайымды жеңуге көмектеседі: терең тыныс алу, массаж, медитация, йога және ароматерапия.
Салмақтың күрт өзгеруі
Егер әйел кенеттен салмақ қосса немесе жоғалтса, цикл тұрақсыз болуы немесе тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан мұндай симптом жиі тамақтану бұзылыстарымен, соның ішінде булимиямен және анорексиямен қатар жүреді.
Әйел өзін түрлі диеталармен және тым белсенді жаттығулармен шаршатса, оның денесінде май аз болады, бұл әйелдің репродуктивті жүйесіндегі негізгі гормондарының бірі – эстроген өндірісін азайтады. Бұл овуляция процесін бұзады.
Егер сізде артық салмақ болса, эстроген көп өндіріледі, бұл да етеккір циклінің бұзылуына әкеледі. Америкалық терапевт, медицина ғылымдарының докторы Халида Итриева етеккірдің тұрақсыздығы немесе болмауы толық қыздар мен әйелдерде жиі кездесетін құбылыс екенін айтады. Әйелдің салмағы қалыпты жағдайға оралған кезде цикл түзеледі.
Менопауза
Әйелдердің репродуктивті жүйесі екі негізгі гормонмен реттеледі – эстроген және прогестерон. Жас ұлғайған сайын олардың өндірісі төмендейді, ал етеккір мүлде тоқтап, бір жыл немесе одан да көп уақыт етеккір болмаған кезде менопауза басталады.
Мұның алдында перименопауза пайда болады, оның жалпы симптомы қынаптан қан кетудің кешігуі болып саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) перименопаузаның қалыпты жасын 40-45 жас деп айтады. Оның басқа белгілері:
- мазасыздану;
- көңіл-күйдің кенеттен өзгеруі;
- бастағы "тұман";
- либидоның төмендеуі;
- құйылу.
Әйелдердің 1 пайызында мұндай белгілер 40 жасқа дейін пайда болады. Бұл ерте менопауза аналық бездерді хирургиялық алып тастау, тұқым қуалаушылық және аутоиммундық бұзылулардан туындауы мүмкін.
Бала көтертпейтін дәрі-дәрмектер
Гормоналды контрацептивтердің құрамында аналық безде аналық жасушаның түзілуіне жол бермейтін эстроген және прогестин гормондары бар. Сондықтан оларды қолдануды бастаған және тоқтатқаннан кейін бірнеше ай бойы етеккір кешігіп немесе тұрақсыз келуі мүмкін, деп жазады WebMD медициналық басылымы.
Контрацептивтердің басқа түрлері, соның ішінде инъекциялық, имплантанттар және жатырішілік құрылғылар да етеккірді кешіктіруі немесе тоқтатуы мүмкін.
Кейде етеккірдің кешігуі антидепрессанттар, нейролептиктер, қанды қалпына келтіретін, жараға қарсы және тырысуға қарсы кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдаудың салдары немесе жанама әсерінен болады. Терапия түзетілсе, цикл қалыпқа келеді.
Аурулар
Денсаулықтағы әртүрлі кілтипан гормоналды деңгейге әсер етуі және әйелдің репродуктивті жүйесінің жұмысын бұзуы мүмкін. Мейо клиникасының мамандары етеккір циклінің кешігуін мынандай аурулармен байланыстырады:
- Кушинг синдромы;
- жамбас органдарының қабынуы;
- жатыр фибромиомасы;
- қалқанша безі қызметінің бұзылуы (гипотиреоз және гипертиреоз);
- целиакия;
- қант диабеті;
- туа біткен бүйрек үсті безінің гиперплазиясы;
- жатырдағы гиперплазия немесе полиптер;
- Ашерман синдромы.
Егер етеккіріңіз 90 күннен астам келмей кетсе, дәрігерге қаралыңыз. Тек маман ғана мәселенің себебін анықтап, қажет емді тағайындай алады.
Етеккір әдетте жүктілік болған кезде тоқтап қалады. Бірақ етеккір циклі басқа себептерге байланысты да бұзылуы мүмкін, соның ішінде күйзеліс, кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдау және менопаузаның басталуы. Егер етеккір жылына екі немесе одан да жиі кешігіп келетін болса, дәрігерге қаралған жөн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2134536-zhuktilik-zhane-basqa-sebepter-etekkir-qandai-sebeppen-keshigip-kelui-mumkin/