Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Киімге тамған қанды қалай кетіреміз: ең тиімді тәсілдер

Жарияланған күні:

Жіпте ілініп тұрған киім-кешек. Көрнекі сурет
Жіпте ілініп тұрған киім-кешек. Көрнекі сурет: pixabay.com

Киімге тиген қан көп жағдайда сіңіп, кетпей жатады. Киімге түскен мұндай дақты қалай кетіруге болады? Үй шаруашылығы маманы Джоли Керр мен WikiHow жобасы аталған мәселенің шешімін табуға тырысты.

Суық су

Киімге тиген қанды немен кетірсе болады? Кез келген киімнің бетіндегі қанды суық сумен кетіруге болады. Бұл тәсіл, әсіресе, қан кеппеген кезде өте тиімді болмақ. Ол үшін қан тиген киімді кранның суық суының астында бірнеше минут ұстап тұрыңыз.

Үй шаруашылығын жүргізу жөніндегі сарапшы Джоли Керр дақ түскен киімді ішінен жууға кеңес береді. Аталған тәсілді қолдансаңыз, біршама уақыттан кейін қанның киім бетінен жоғалғанын байқайсыз. Сосын киімді кір жуатын машинада немесе қолмен жууды ұмытпаңыз.

Ас содасы

Киімге тамған қанды ас содасымен де кетіруге болады. Ол үшін бір стакан суға 10 г соданы қосыңыз, сосын ұнтақ толығымен ерігенше, әбден араластырыңыз. Осылайша, киімнің дақ тиген жерін осы суға малып, 30 минутқа қалдырыңыз. Сосын содаға қосылған аймақты суық сумен шайып жіберіңіз.

Егер киімдегі қан іздері әлі де кетпесе, онда сода пастасын жасап, оны тағы да дақ бар тұсқа жағыңыз. Паста құрғаған кезде оны сілкіп жіберіп, киімді суық суда жуыңыз.

Кір сабын

Киім-кешектегі қан іздерін қарапайым кір сабынмен де кетіруге болады. Бұл әдісті бұрыннан бері қалып қойған, кепкен қан іздеріне қолдануға болады. Қан іздерін жаялықтардан қалай кетіруге болады?

Қан тамған жерді суық суға салып, екі жағынан да кір сабынды жағыңыз. Дақты қолмен жақсылап жуыңыз. Егер киімдегі дақ кетпесе, онда кір сабынмен бірнеше рет жуыңыз. Қан іздері киімде бұрыннан қалып қойса, онда киімді суық суға 1-2 сағатқа малып қойыңыз. Сосын дақ бар жерге кір сабынды езіп, 30 минутқа қалдырыңыз. Кейін киімді қолмен жақсылап жуыңыз.

Үстел үстіндегі кір сабындар. Көрнекі сурет
Үстел үстіндегі кір сабындар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Мұз түйірі

Қан іздері киімнен бөлек жиһазда немесе автокөлік орындықтарында болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оларды жуу ыңғайсыз болады. Сол үшін, егер жиһазда қан іздерін байқасаңыз, онда сол жерді мұз түйірлерімен ысқылап жіберіңіз. Бұл әдіс енді кірленген жиһаз беттеріне қатысты болмақ.

Мұзбен ысу әдісін жиһаздағы қан дағы кетпейінше жалғастырсаңыз жөн болады. Қан іздері кеткен соң, жиһазды құрғақ қағаз майлықтармен сүртіп жіберіңіз.

Дақ кетіргіш

Киім матасына сай келетін дақ кетіргішті таңдаңыз. WikiHow жобасы дақ кетіргішті таңдамастан бұрын, бұл құрал матаға зиян келтірмейтінін білу үшін, оны сынақтан өткізуге кеңес береді. Себебі, кейбір дақ кетіргіштер матаны жыртып жіберуі мүмкін.

Сонымен матадағы қан іздерін дақ кетіргішпен қалай кетіреміз? Ол үшін, құралды қан тамған жерге тамызып, оның нұсқаулығында көрсетілгендей біршама уақытқа қалдырыңыз. Немесе аталған дақ кетіргішті кір жуатын машинаға құйып, онымен киімдерді жусаңыз болады. Мұндайда машинадағы су темпетаратурасын барынша аз мөлшерге қойған дұрыс.

Сутегі тотығы

Сутегі тотығымен ашық әрі түсі жоқ киімдердегі қан іздерін кетіруге болады. Себебі қою қышқыл түсі бар киімдерді тотықпен жуғаннан кейін, қоспаның іздері қалуы мүмкін. Ақ түсті киімдегі қан дақтарын сутегі тотығының көмегімен қалай кетеріміз?

Ол үшін, дағы бар киімді түзу жерге қойып, астына пленка қоямыз. Сутегі тотығын дақ бар жерге тамызып, киімді 30 минутқа қалдырамыз. Сосын дағы бар жерді арнайы матамен ысқылап жіберіңіз. Сосын дақ кетпесе, аталған әдісті тағы да қайталаңыз. Соңында дақ бар тұсты суық сумен жуып жіберіңіз. Кейін киімді кір жуатын машинада кір жуу ұнтағымен жуып жіберіңіз.

Кір жуатын машина. Көрнекі сурет
Кір жуатын машина. Көрнекі сурет: pixabay.com

Медициналық спирт

Үйдегі жұмсақ жиһазға абайсызда қан тамып кетсе, оны кетіру үшін медициналық спиртті пайдаланып көріңіз. Ол үшін, дақты дымқыл майлықпен жібітіңіз. Ал, ескірген дақтары арнайы щеткамен немесе құрғақ матамен ысқылап жіберіңіз. Сосын жиһаз матасына медициналық спиртті себіңіз.

Осылайша, дағы бар тұсты толығымен спиртпен сеуіп шығыңыз. Себебі, қан іздері толығымен жібуі керек. Сосын құрғақ майлықтармен қан іздері сіңгенше, сүртіп шығыңыз. Аталған әдісті қолданған соң, жұмсақ жиһазды шаңсорғышпен құрғатып алыңыз. Ал, киімді кәдімгі режимде кір жуатын машинада жуып алыңыз.

Ас тұзы

Америкалық Teen Vogue сән журналы киімдегі қан дақтарын кетіру үшін, ас тұзын пайдалануға кеңес береді. Басылымның хабарлауынша, бұл әдіс матадағы қан дақтарымен күресудің ең тиімді тәсілі екен. Бұл тәсілді кез келген түстегі киімге қолдануға болады.

Ол үшін бір стаканға бір ас қасық тұзды қосыңыз. Аталған қоспамен дақ бар тұсты жуып, кейін киімді кранның суық суымен шайып жіберіңіз. Егер киімдегі қан іздері бір жуғаннан кете қоймаса, онда ас тұзы қосылған қоспаға киімді салып, бір түнге қалдырыңыз. Ертеңінде киімді қолмен жуып алыңыз.

Кір жууға арналған леген. Көрнекі сурет
Кір жууға арналған леген. Көрнекі сурет: pixabay.com

Крахмал

Крахмалдың абсорбенттік қасиеті бар. Мұндай әдісті тез бұзылуға бейім келетін жібек сияқты маталарға қолдануға қолайлы болады. Ол үшін, крахмалды сумен қаймақ тәрізді консистенция болғанға дейін араластырыңыз. Сосын дақ болған жерді суық суға салып, кейін крахмалды қоспаны жағып, 5 минутқа қалдырыңыз. Қоспаны шайып, киімді жуыңыз.

Егер қан дағы енді ғана тамған болса, онда оның бетіне құрғақ крахмалды себіңіз. Сосын крахмал кепкенше күтіңіз. Сосын ұнтақты қағып, дағы бар тұсты суық сумен шайып, киімді кір машинасында жуып алыңыз.

Нашатыр спирті

Джинсыдағы қан ізін қалай кетірсе болады? Нашатыр спирті қан дақтарын тез кетіреді және ол джинсидағы қан іздерін кетіруге жақсы көмектеседі. Ол үшін, 1 ас қасық нашатыр спиртін 50 мл суық суға араластырыңыз. Сосын дағы бар киімді түзулеп жайып, астына полиэтиленді пакетті төсеңіз.

Киімнің дағы бар тұсына нашатыр спиртін құйып, губкамен ысыңыз. Киімнің бетіндегі сұйықтықты құрғақ майлықпен сүртіп отырыңыз. Сосын даққа ыдыс жуатын гельді тамызып, көпіртіңіз. Көпірікті таза, дымқыл шүберекпен 2-3 рет сүртіп алыңыз. Осы әдісті бірнеше рет қайталаңыз. Дымқыл тұсты фенмен құрғатып алыңыз.

Киімдегі қан дақтарын кетіру өте қиын. Дегенмен, оны үй жағдайында қарапайым тәсілдермен кетіруге болады. Егер жоғарыда аталған тәсілдердің ешқайсысы киіміңіздегі дақты кетіре алмаса, олардың бірнешеуін бір уақытта жасап көріңіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/lady/2148265-kiimge-tamgan-qandy-qalai-ketiremiz-eng-tiimdi-tasilder/