Табысы төмен отбасыларға ипотеканы қалай рәсімдеуге болады
Жарияланған күні:
Қазақстандықтар табысы төмен отбасыларға арналған несиелендірудің "Бақытты отбасы" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. Нұрфин журналистері аталған бағдарламаға кімдер қатыса алатынын және оның шарттарын түсіндіріп беруді жөн көрді.
Жеңілдетілген шарттармен ипотекалық несие рәсімдеуге мүмкіндік алу үшін біріншіден, жергілікті әкімдікке жүгініп, баспана кезегіне тұру қажет. Бұдан кейін мемлекеттік қызметкерлер кезекте тұрғаныңызды растайтын құжат беріп, келісім жасау үшін банкке жіберуі тиіс.
"Бақытты отбасы" бағдарламасына кімдер қатыса алады
- Көпбалалы отбасы
- Толық емес отбасы
- Бір немесе одан көп мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы
Бұған қоса, отбасының ресми табысы жанұяның әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауы тиіс. 2020 жылы бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалды – 42 500 теңге.
Яғни, отбасында екі адам болса, олардың ресми табысы 85 мың теңгеден аспауы керек. Үшеу болса – 127 500 теңгеден, ал төртеу болса – 170 мың теңгеден аспауы тиіс.
Алайда, ипотеканы рәсімдейтін отбасы мүшесінің ресми түрде жұмыс істеуі қажет. Сондықтан да аталған бағдарламаға медбикелер, тәрбиешілер, коммуналдық қызметкерлер сияқты табысы төмен, бірақ тұрақты мамандар жиі қатысады.
Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы отбасының жеке баспанасы болмауы тиіс. Тұрғын үй отбасының баспана кезегіне тұрған қаласынан ғана беріледі.
Аталған бағдарлама бойынша қанша ақша және қандай пайызбен беріледі
Қазақстанның ірі қалалары – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырауда 15 миллион теңгеге дейін ипотекалық несие мақұлданады.
Ал басқа қалалардың тұрғындарына 10 миллион теңгеге дейін несие беріледі.
Ипотекалық несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін.
Пайыздық мөлшерлеме – 2%.
Бастапқы жарна – несие сомасының кем дегенде 10 пайызы.
Айта кетейік, тұрғын үй сертификатымен бастапқы жарнаны толық немесе ішінара өтеуге болады. Әкімдік кезегінде тұрғандардың аталған сертификатты алуға мүмкіндігі бар. Бюджеттен берілетін бұл төлемнің мөлшері 1 миллион теңгеге дейін барады.
Қандай баспана алуға болады
Бастапқы және қайталама нарықтағы кез-келген ұнатқан үйді алуға мүмкіндік бар. Тұрғын үйді бағдарлама қатысушыларының өздері таңдайтынын атап өткен жөн. Сондай-ақ үйді бағалау және құжаттарды рәсімдеумен де олардың өздері айналысады.
Бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін қажетті құжаттар:
- Жергілікті атқарушы органнан баспана кезегінде тұрғаныңызды растайтын анықтама.
- Отбасының барлық мүшесінің жеке басын анықтайтын құжаттар.
- Неке немесе ажырасу туралы куәлік.
- Соңғы жарты жылдағы табысты растау.
Статистика
Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі сайтының ресми мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылы "Бақытты отбасы" бағдарламасын жүзеге асыруға 50 миллиард теңге бөлінген. Бағдарламаның жұмыс істеген жарты жылы ішінде 43,1 миллиард теңге сомасына жеңілдетілген шарттармен төрт мыңнан астам несие берілді.
Біз аталған бағдарламаға қатысушы отбасылардың бірімен хабарласып, олардан жеңілдетілген ипотекалық несиені қалай рәсімдегені жайлы сұрадық.
Алуа Қуанышқызы: "Біз күйеуімнің әкесінің Алматы облысы Жамбыл ауданы Қаракесек ауылындағы үйінде тұрдық. Онда үш отбасы өмір сүретінбіз.
Үш баламыз бар. Екіншісіне астма ауруына байланысты мүгедектік берілді. Мен балаларға қарап, үй шаруасымен айналысамын, күйеуім жұмыс істейді. Табысы орташа, алайда, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі жалақы мөлшеріне жетпейді.
Біздің жағдайымызды білетін таныстарымыз баспана алу үшін облыс әкімдігіне кезекке тұруға кеңес берді. Ұлымыздың мүгедектігі туралы және күйеуімнің табысы жөніндегі құжаттарды жинап, әкімдікке жүгіндік.
Бірнеше айдан кейін бізге хабарласып, жеңілдетілген ипотекалық несие алуға кезегіміз келгенін айтты. Сондай-ақ бюджеттен бастапқы жарна есебінде 500 мың теңге бөлінді.
10 миллион теңгеге Қаскелеңнен (Алматы облысы Қарасай ауданының әкімшілік орталығы) үй таңдадық. Бастапқы жарна 1 миллион теңгені құрады. Оның 500 мың теңгесі әкімдіктен бөлінсе, қалған 500 мыңды өзіміз жинап бердік.
2 пайызбен 20 жыл мерзімге 9 миллион теңге несие рәсімдедік. Алғашқы 7 жылда 53 мың теңгеден төлейміз. Қалған мерзімде – айына 35 мыңнан. Нәтижесінде, банкке бастапқы жарнаны есептемегенде, 10 миллион теңгеге жуық ақша қайтарамыз".
Сіз де бізбен өз оқиғаңызбен бөлісіп, мына электрондық мекенжайға хат жолдай аласыз: nurfin@corp.nur.kz
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1836006-tabysy-tmen-otbasylarga-ipotekany-kalaj-rsimdeuge-bolady/