Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық сарапшы вирус салдарынан елде кедейлер саны 2 млн-нан асатынын айтты

Жарияланған күні:

Кедейлік
Көрнекі фото: pixabay.com

Отандық сарапшы, экономикалық шолушы әрі бірқатар ірі зерттеу жобаларының қатысушысы Төлеген Асқаров Rezonans басылымына жариялаған мақаласында еліміздің экономикасына коронавирус індетінің қалай әсер етіп жатқанын жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы. Отандық сарапшы вирус салдарынан елде кедейлер саны 2 млн-нан асатынын айтты.

Сарапшының пайымынша, елімізде коронавирустың әсерінен кедейліктің көрсеткіші шарықтауы ғажап емес.

"Ағымдағы жылдың екінші тоқсанындағы ресми статистика мәліметтеріне сәйкес, еліміздегі табысы күнкөріс минимумынан төмен тұрғындар саны 2010 жылғы көрсеткішке дейін өскендігі коронавирустың ғана емес, өзге де жайттардың заңды көрінісі деуге болады", - деп мақаласын бастады сарапшы.

Автордың айтуынша, елдің өмір сүру деңгейінің статистикасы 2018 жылдан-ақ жағдай мәз еместігін аңдатқан. Ол 2019 жылдың екінші тоқсанында еліміздің кедейлік деңгейі сегіз жыл ішіндегі ең максималды көрсеткішке жеткенін есіне алды.

"2019 жылдың екінші тоқсанында еліміздегі кедейлік деңгейі 5,7 пайызға дейін көтеріліп, 2011 жылдан бері ең максималдың көрсеткішке жеткен. Салыстыратын болсақ, посткризистік 2010 жылда бұл көрсеткіш 6,5 пайызды құрап, тәуелсіздік жылдарындағы тарихи минимумды көрсеткен еді", - деп жалғастырды ол.

Маман, тіпті, жаһандық дағдарыс кезінде де мемлекет күнкөріс минимумын көтеруге тырысып отырғанын алға тартты. Алайда 2014 жылдан бастап долларға шаққанда күнкөріс минимумы құлдырап келеді екен.

"Тіпті 2007-2008 жылдардағы жаһандық дағдарыс кезінде де мемлекет күнкөріс минимумын көтеруге тырысатын. 2006 жылы 8410 теңгеден ($66,7) 2008 жылы 12 364 теңгеге ($102,8) көтерген еді. Алайда 2014 жылы күнкөріс минимумы долларға шаққанда тұрақты түрде азайып жатқанын байқауға болады. Абсолюттік тарихи максимум 2013 жылы $116,9 деңгейіне жеткеннен кейін, 2016 жылға дейін бұл көрсеткіш $63,2 азайып қалған. Содан кейін көрсеткіш біршама жоғарылағанымен, өткен жылдың қорытындысы бойынша біз тек 2007 жылғы көрсеткішке шамалы жақындағанымызды байқатты. Осылайша, коронавирус пандемиясы еліміздің әлеуметтік саясатында туындаған мәселелерді одан әрі ушықтырып жіберді деуге болады", - дейді Асқаров.

Сарапшы елімізде адам саны 18 млн 760,2 мыңды құраған сәтте алғашқы жартыжылдықтың аяғында кедейлер саны 1,1 млн болғанын алға тартты.

"Ал екінші тоқсанның басында кедейлер саны 747,6 мыңды құраған болатын. Бұл елімізде сәуір-маусым айларының өзінде ғана кедейлер саны 300 мыңға артқанын аңдатады. Қатаң карантиндік шаралар наурыз айының ортасынан бастап екі айға енгізілгеннен кейін елдің табысы азая түсті", - дейді ол.

Асқаров кедейлік деңгейінен көшті қай өңірлер бастағанын айтып берді.

"Екінші тоқсан статистикасына сәйкес, Қазақстан аймақтары арасында кедейлік деңгейінен көшті Түркістан (12,8%), Солтүстік Қазақстан (7,4%), Жамбыл мен Қызылорда (6,9%) облыстары бастаған. Ал минимумды Нұр-Сұлтан қаласы көрсетті - 1,4%. Алайда Алматыда кедейлік деңгейі 6,2% дейін жоғарылаған, ал Шымкентте 6,4% болып өсті... Қазақстанды маусымның басында енгізілген карантиннен кейін одан да нашар көрсеткіштер күтіп тұруы ғажап емес. Себебі, Дүниежүзілік банк сарапшыларының есебіне сәйкес, ағымдағы жыл қорытындылары бойынша еліміздің кедейлік деңгейі болжалған 8,3 пайыздан 12,7%-ға көтеріледі деп күтілуде, яғни 2007 жылдың көрсеткішіне жетуіміз мүмкін", - деп болжады маман.

Сарапшы елімізде кедейлер саны күрт артатынын айтып, дабыл қақты.

"Бұл Қазақстан кедейлік көрсеткіші бойынша ондаған жылдарға кейінге шегерілетінін, шамамен 15 жылға артқа жылжитынын білдіреді. Ал еліміздегі кедейлер саны 2 млн-нан асып кетуі ғажап емес", - деп ойын түйді Асқаров.

Еске салсақ, бұған дейін біз ресейлік валюта бағамының құлдырауы теңгеге қалай әсер ететінін жазған болатынбыз.

Одан бөлек, елімізде жаңа баспана құны қаншалықты қымбаттағанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1875505-otandyk-sarapsy-koronavirustan-elimizde-kedejler-sany-2-mln-nan-asatynyn-ajtyp-dabyl-kakty/