Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнетақы жинағын пайдалану: Өтінім берушілердің басты 5 қателігі

Жарияланған күні:

Ақша
Көрнекі сурет: Sputnik / Абзал Калиев

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арнайы портал арқылы түскен өтінімдерді талдап, қателік жасаудың негізгі бес себебін анықтады. Соның салдарынан өтінімдер кері қайтарылуда деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өтінімнің кері қайтарылуына алғашқы себеп - салымшының уәкілетті операторға берген өтінішінде алуға болатын соманы қате көрсетуі. Оның ішінде қолда бар зейнетақы жинағының мөлшерінен артық көрсетіп жатқандардың қарасы басым екен.

Бұл қателікті жіберіп қоймас үшін өтінім берердің алдында өз зейнетақы жинағыңыз туралы өзекті ақпаратты (enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте, БЖЗҚ мобильді қосымшасында, egov.kz порталында) тексеріп алғаныңыз абзал.

Екінші кезектегі қателік - жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға болатын соманы қате көрсету.

"Салымшының зейнетақы жинағын пайдалану кезінде жеке табыс салығын төлеу бойынша екі тәсілдің біреуін таңдау құқығы бар. Ол салықты төлеуді кейінге қалдырып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен төлеуге болады. Бұдан бөлек, біржолғы зейнетақы төлемін алған кезде салықты бірден толығымен төлеп тастауға мүмкіндік бар. Арнайы портал арқылы өтінім жібергенде жеке табыс салығын төлеу тәсілін көрсеткен жөн", - дейді қор мамандары.

Бұл тұрғыда ескерілуі тиіс маңызды мәселе бар. Жеке табыс салығын кейін төлеуді ұйғарсаңыз, өтініште алуға болатын соманы салықтың мөлшерін шегермей, көрсетуіңіз керек. Ал салықты толық көлемде бірден төлеуді жөн санасаңыз, өтініште алуға болатын соманы 10% мөлшеріндегі жеке табыс салығын шегере отырып, енгізген абзал.

Өтінімнің кері қайтарылуына үшінші себеп - салымшының өтінішінде алғысы келетін соманы ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмай көрсетуі. Мәселен, жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының барлық сомасын енгізіп қояды. Ал өтінімде БЖЗҚ-дан алған үзінді көшірмеде көрсетілген және алуға қолжетімді соманы ғана көрсетуге болады.

Төртінші қателік - өтініште валюта бағамдарының немесе зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі қаржы құралдары құнының өзгеруі нәтижесінде инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты зейнетақы жинақтары сомасындағы өзгерістер ескерілмеген өзекті емес соманы көрсету.

"Ондай қателік жасамау үшін зейнетақы жинақтары туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде қолжетімді сома туралы мәліметтерді біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында тексеру керек", - дейді мамандар.

Бесінші себеп - салымшының бір өтінімді қайталап жіберіп қоюы. Өтінім беруде асықпау қажет. Өтінімді бір рет жібергеннен кейін бес күндей күту қажет. Заң бойынша бес күннің ішінде БЖЗҚ уәкілетті оператор ашқан арнайы есепшотқа ақшаны жібереді.

Егер өтініміңіз кері қайтарылса, онда бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайта өтініш беруіңізге болады.

Егер сіз өз жинақтарыңызды әртүрлі мақсаттарға пайдаланғыңыз келсе, онда осы мақсаттарға алуға болатын сома шегінде жекелеген өтініштер беруіңізге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1897497-zeinetaqy-zinagyn-paidalanu-otinim-berusilerdin-basty-5-qateligi/