Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Баланың еміне жиналған ақшаны қолды қылды": Алаяқтарға қалай алданып қалмау керек

Опубликовано:

Қандай мәліметтерді айтуға болады, ал қандайды болмайды
Фото: NUR.KZ

Өзін "банк қызметкері" ретінде таныстыратын алаяқтардың қандай қулықтарға баратынын бүгінде көптеген адам жақсы біліп алған. Десе де, алаяқтардың құрығына түсіп жатқан қазақстандықтар әлі де жоқ емес. Қылмыскерлер, тіпті әр теңгеге тәуелді болып отырғандардың бала еміне деп жинаған қаражатын қолды қылудан тайынбауда деп хабарлайды NUR.KZ.

Қазақстан тұрғыны Салтанат К. ДЦП (балалар милық салдануы) дертіне шалдыққан ұлының еміне қаражат жинап жүрген. Челябинскіде емделу үшін шамамен 660 мың теңге қажет. Алайда мұндай қаражатты табу жалғыз өзі екі бала тәрбиелеп отырған ана үшін қиынға соққан. Оның үстіне әйел мүмкіндігі шектеулі ұлына бас-көз болып отыр.

Салтанат қиындықтарына бей-жай қарамайтын жандардың көмегіне жүгініп келді - олар шама-шарқына қарай әйелге 500, 1000, 2000 теңге шотына салған. Бір күні белгісіз біреу хабарласып, әріптестерімен бірге оған 100 мың теңгені көмекке аударатынын естігенде, әйел бұл хабарға ерекше қуанады. Жалақысы небәрі 70 мың теңгені құрайтын Салтанат үшін бұл баласының еміне қаражат жинауда айтарлықтай қолғабыс болар еді.

Ол уақытта әйелдің картасында өзі жинаған 100 мың теңгесінен бөлек, қайырымды жандар жинап берген 200 мың теңге болған. Бұл қаражатты әйел билеттер алуға сақтап отырыпты. Бейтаныс адам болса, қаражатты компанияның бухгалтериясы арқылы аударатынын, ал ол үшін барлық реквизиттер қажет екенін айтқан.

Ол үшін Салтанатқа бейтаныс адам жіберген "бұлтты" қызметте рәсімделген форманы толтыру қажет болды. Сауалнамада картаның нөмірін, пластикте көрсетілген карта ұстаушының аты-жөнін, картаның жарамдылық мерзімін және ең бастысы ... CVV-кодты енгізу сұралған.

Толтырылған форманы жібергеннен кейін, Салтанат картаны тексеріп, шотта ақша жоқ екенін анықтайды. Бейтаныс адам уәде еткен қаражат қана емес, бұған дейін жиналған қаражат та ғайып болған. Әйел оны алдаған адамдардың "ұяты оянып", ұрланған қаражатты қайтарады деп үміттенді, алайда ақшаны жинауды қайта бастап, картаны алдын ала бұғаттауға тура келген.

Өзіңізді осындай "қайырымдылардан" қалай қорғауға болады? Алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін ешкімге пластикалық картаның артында көрсетілген pin-кодты, CVC немесе CVV-кодты, жарамдылық мерзімі мен басқа мәліметтерді айтпаңыз.

CVC немесе CVV-код - бұл интернетте тауарлар мен қызметтерге төлем жасау кезінде және транзакциялардың басқа түрлері үшін картаның түпнұсқа екендігін тексеруге арналған үш таңбалы код. Бұл кодты картаның артқы жағынан табуға болады және ол үш цифрдан тұрады. CVV кодты біле отырып, алаяқтар сіздің қаражатыңызды оңай пайдаланып, интернеттегі сатып алулар үшін төлем жасай алады.

Оның үстіне, картаға ақша аудару үшін өзге адамға мұндай деректерді білу қажет емес, сондықтан әңгімелесушінің ізгі ниетіне қаншалықты сенім артқыңыз келсе де, аударымнан бас тартқан дұрыс, өйтпеген жағдайда аударым мүлде басқа бағытта жүргізілуі ғажап емес .

Ақшадан айырылып қалу қаупін азайту үшін қосымшадағы онлайн сатып алудың лимитін азайтыңыз немесе бұл опцияны мүлде өшіріп тастаңыз. Сіз кез келген уақытта Интернетте төлем жасау мүмкіндігін қайта ашып, сондай-ақ лимитті өзгерте аласыз.

Сонымен қатар шот бойынша операцияларды бақылап отырған жөн. Мәселен, әр операция жүзеге асырылғаннан кейін келетін push-хабарламалар немесе СМС-ақпараттандырулар.

Егер сіз шотыңыздан өзіңіз жамасаған қандай да бір әрекеттерді байқасаңыз, сізге банктік картаңызды дереу бұғаттау қажет. Мұны әртүрлі тәсілдермен жасауға болады - банктің мобильді қосымшасын пайдалану арқылы, картаның артқы бетінде немесе банктің ресми сайтында байланыс нөмірі жазылған банктің колл-орталығына қоңырау шалу арқылы.

Күтпеген жағдайға тап болған жағдайда колл-орталықтың байланыс нөмірін іздеуге уақыт жоғалтпау үшін банк нөмірін алдын ала телефонның жадында сақтап қоюға болады. Сонымен қатар, сіз банк филиалына келіп, менеджерден картаны бұғаттауды сұрай аласыз. Алайда, бұл ең көп уақыт алатын амалдардың бірі.

Банк карталарын ұстаушылардың ақшасын заңсыз иеленудің көптеген тәсілдері бар және бұл - олардың бірі ғана. Келесі мақалаларда біз басқа әдістер туралы жазатын боламыз, десе де қырағылық алаяқтармен күрестің негізгі құралы екенін ұмытпаған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1904104-balanyn-emine-zinalgan-aqsany-qoldy-qyldy-alayaqtarga-qalai-aldanyp-qalmau-kerek/

pixel