Сарапшы: Аударымдармен емес, қомақты «қолма-қол» төлемдермен күресу керек
Жарияланған күні:
Көліктер мен пәтерлерді қолма-қол төлем арқылы сатып алуға тыйым салу керек - сарапшы Андрей Чеботаревтің пікірінше, тек осындай шара адамдарға салықсыз қаражатты «көлеңкеден» шығаруға мүмкіндік береді әрі кәсіпкерлер және тауарлар мен қызметтерді тұтынушылар арасындағы шағын ақша аударымдарын бақылауға тырысқаннан гөрі әлдеқайда тиімді болмақ деп хабарлайды NUR.KZ.
Өткен айда премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайылов кәсіпкерлердің қызметіне салық салуды, оның ішінде ұялы байланыс аударымдары бойынша салықтарды толық қамту керектігін мәлімдеген болатын.
Жуырда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев болса, кәсіпкерлікте қолданылатын ұялы аударымдарды фискализациялау салықтың жаңа түрі болып табылмайтынын, тек табыстың оң көрінісі екенін айтқан болатын. Жеке тұлғалар арасындағы аударымдарға да салық салынбайды деді ол.
Оның үстіне, министр жеке мақсаттарда және кәсіпкерлікте қолданылатын ұялы аударымдарды бөлудің механизмдері әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Сол арада Қазақстандағы Exante инвестициялық компаниясының талдаушысы Андрей Чеботарев ақша аударымдарына салық салу идеясын жүзеге асыру оңайға соқпайтынын алға тартуда. Аударым кімге және нендей мақсатта жасалғанын – досының қарызын қайтару үшін бе, әлде жеке кәсіпкерге қандай-да бір қызмет немесе өнім үшін төлем жасау мақсатында ма, ол жағын ажырату қиын.
«Жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің ЖСН-і бірдей. Жеке тұлғаны заңды тұлғаға теңестіру әрекеті өте таңғаларлық. Менің ойымша, мұның бәрін жүзеге асыру қиын және тек кәсіпкерді адал әрі ашық жұмыс істеуге ынталандыру мақсатында ауызша интервенцияға бағытталған», - дейді сарапшы.
Сонымен бірге, Андрей Чеботарев атап өткендей, бұл бастама 2019 жылы өзектілікке әрі қандай да бір мән-мағынаға ие болған. Дәл осы кезеңде ақша аударымдары арқылы тауарлар мен қызметтерді сатып алудың ең ауқымды легі байқалды.
«Алайда, сол уақыттан бері жағдай айтарлықтай өзгерді: төлем терминалдары пайда болды, терминалды пайдаланбай-ақ QR-кодтар арқылы төлем жасау мүмкіндігі туындады.
Бүгінде біздің сандық банкинг қытайлық жолмен жүріп өтуде. Мәселен, оларда төлем арнайы қосымшаның көмегімен оңай жүзеге асырылады. Тұтынушы кімге төлейтіндігі туралы ойланып жатпайды. Оған тек QR-кодты көрсетеді, ал жүйе ақша кімге түсетіндігін өзі анықтайды: жеке тұлғаға ма, әлде кәсіпкерге ме.
Егер ақшаны кәсіпкер алса, аударым есеп айырысу шотына жіберіледі. Яғни, жүйе дамып келеді, сондықтан төлемдермен салыстырғанда физикалық аударымдардың басым болатындығы туралы айту негізсіз», - деп санайды ол.
Маман сонымен қатар физикалық аударымдардың орнына төлем жүйесін таңдау үшін сатып алушыға әр түрлі бонустар – кэшбектер ұтымды ұсынылып жатқанын атап өтті. Сатып алушы өнімге төлем жасау үшін ақша аударымын жасаудан гөрі QR-код немесе банктік карта арқылы төлеуді жөн санауы мүмкін. Ол үшін сатып алушы қосымша пайыздар алады.
«Аударма арқылы төлейтіндер саны азайды. Көптеген адам кэшбекке ие болу үшін терминалдар арқылы төлеуді жөн көреді. Банктер терминалдарды арзанырақ етуде, ұялы байланыс терминалдары пайда болуда. Процесс табиғи жолмен жүріп жатыр және ұялы аударымдар күн санап азаюда. Бірақ бүгінде кәсіпкерге де, сатып алушыға да ыңғайлы болу мәселесі бірінші орында тұр», - деп түсіндіреді Чеботарев.
Сонымен бірге ол қазақстандықтардың енді қолма-қол ақшаға оралуға дайын емес екенін атап өтті. Маман шағын эксперимент жүргізу тәжірибесімен бөлісті, ол қымбат емес өнімді 1000 теңгелік купюрамен төлеп көрмек болған. Бірақ кәсіпкерлердің өздері қолма-қол ақшадан бас тартып, төлемді карта арқылы жасауды, тіпті артылған соманы қайтару үшін тиындар іздеп тұрғысы келмегендіктен, төлемді кейінірек жасай салуды ұсынған екен.
Кәсіпкерлердің салыққа қатысты қорқынышына келетін болсақ, ол тіпті жаңа салықтың түрі болып табылмайтынына қарамастан, сарапшының пікірінше, кәсіпкерлер қосымша қиындықтардың туындағанын қаламайды, сондай-ақ эквайринг үшін комиссия төлегісі келмейді, бұл әр түрлі банк үшін 1,5-нан 2,5-3%-ға дейінгі аралықты құрайды.
Ол ұялы аударымдармен күресудің қажеті жоқ екеніне сенімді. «Көлеңкеден» әлдеқайда қомақты соманы «шығарған» абзал. Мысалы, көлік немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуы үшін қолма-қол төлем жасауға тыйым салу қажет.
«Президент бұл туралы бірнеше рет айтқан – кәсіпкерлерді қорқытып, аударымдармен күресудің орнына, біз пәтерлер мен көліктерді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салуымыз керек. Сонда кімнің қай жерде ақшасы бар екені тез анықталатын болады, өйткені бүкіл өркениетті әлемде қымбат заттарды, тауарлар мен қызметтерді қолма-қол қаражатқа сатып алуға тыйым салынған.
Егер сіз пәтер сатып алу үшін қолма-қол 30-50 миллион теңге алып келсеңіз, ешкім сізден мұндай ақшаны қайдан алдыңыз деп сұрамайды, егер сіз банкке әкелсеңіз, сіз оны қайдан алдыңыз деп сұрау мүмкіндігі бар. Бұл көптеген мәселелердің «көлеңкеден шығуына» драйвер ретінде қызмет ететін болады, ал үйдегі нан, сүт және айран үшін жеке аударымдармен күрестің пайдасы жоқ», - деп қорытындылады спикер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1904874-sarapsy-audarymdarmen-emes-qomaqty-qolma-qol-tolemdermen-kuresu-kerek/