"АҚШ нөмірінен қоңырау шалды": Алаяқтар қазақстандықтың атынан миллион теңгеге несие рәсімдеткен
Жарияланған күні:
Көкшетау қаласының тұрғыны Д. Антон алаяқтардың кезекті құрбанына айналды. Алаяқтар оның "жеке кабинеті" бұзылғанын хабарлаған, содан кейін оның атынан несие рәсімдеткен. Ер адам бастапқыда алаяқтар қоңырау шалған телефон нөміріне күдікпен қарайды, себебі нөмір АҚШ пен Канадаға тиесілі кодпен басталған, алайда алаяқтар оны банктің ресми нөмірі екендігіне сендіре алған деп хабарлайды NUR.KZ.
"Нөмір +107 кодымен басталды. Ер адам өзін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырды, "бір миллион теңге несие алатыныңызды растайсыз ба" деп сұрады, мен "жоқ" дедім. Содан кейін ол менің жеке кабинетім бұзылғанын айтты.
Ол банктік қосымшаны қайта орнатып, арнайы "айналы" кодты сол жерге енгізуді сұрады (іс жүзінде ешқандай "айналы код" жоқ. "Код" түрінде қосымшаның жаңа құпиясөзі беріледі - ред.ескертпесі). Олар егер мен мұны жасамасам, алаяқтар жеке кабинетіме қайта еніп, басқа несие алуға өтініш бере алады деп айтты", - дейді Антон.
Ол қоңырау шалушының сөздеріне сеніп, бәрін алаяқтар сұрағандай жасап шыққан. Осыдан кейін алаяқтар өздерін банктің "қызметкерлері" ретінде барынша көрсетуге тырысып, бүтін бір "спектакль" қоя бастаған.
«Мені роботпен байланысқа қосып, оған "несиеден бас тартамын" деп айтуымды сұрады. Содан кейін - басқа операторға, "бас менеджерге" қосты. Байланыс ауысқан сайын арасында музыка ойнатылып тұрды. Ол маған шұғыл түрде банкомат табуға кеңес берді, бірақ мен қаладан тыс жерде болдым.
Маған асығуға кеңес берді, әйтпесе алаяқтар ақшаны иемденіп алуы мүмкін деді. Сол арада олар менімен үнемі байланыста болды, менің ақшам үшін "қылмыстық және қаржылық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендерін" айтты", - дейді жәбірленуші.
Жолда келе жатып, ер адам "қызметкерлердің" қандай нөмірден қоңырау шалып жатқанын сұрайды, олар "бұл банктің ресми нөмірі" деп жауап береді. Ал шын мәнінде бұл нөмір банктің ресми нөмірі емес, өзге елдің коды бар қарапайым ұялы телефон болған.
Банкоматқа келгесін, Антонға бір миллион теңгені алып, оны ресейлік төлем қызметінде тіркелген нөмір бойынша сенімді шотқа салу керектігін айтқан. Бұл нөмір кімге тиесілі деген сұраққа алаяқ сенімді банк қызметкерінің нөмірі деп жауап берген.
"Мен миллион теңгені 145 мың теңгеден біртіндеп аудардым, содан кейін ол телефон тұтқасын қойды. Сол сәтте мен алаяқтардың тұзағына түскенімді түсіндім. Дәл гипнозға түскендей айналада не болып жатқанын түсінбейтіндей күйде болдым. Содан кейін мен банктің ресми нөміріне қоңырау шалып, картамды бұғаттауды сұрадым. Үйге жетіп, полиция шақырдым", - деп сөзін аяқтады Антон.
Алаяқтар рәсімдеткен несиеден бөлек, Антон ипотека және екі тұтынушылық несие төлеп отыр. Сол себепті, бұл несие отбасына орасан салмақ түсіретін қосымша қаржылық ауыртпалыққа айналды. Бүгінде Антонның ай сайынғы табысы оны ауыр таңдау жасауға мәжбүрлеуде - ай сайын несиеге төлем жасау немесе отбасын қамтамасыз ету.
Ақмола облысының полициясы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сондай-ақ, құзырлы мекеме жәбірленуші ақша аударымын жасаған нөмір Ресей Федерациясында тіркелгенін анықтады. Бүгінде полиция күдіктілерді анықтап жатыр.
Соңғы кездері несиелік алаяқтықтар күн санап көбеюде, себебі адамды алдап, несие алдырту үшін оларға құпия мәліметтерді білу қажет емес - телефон нөмірі мен аты-жөні жеткілікті. Тіпті адамның қай банктің қызметіне жүгініп жүргенін білудің де қажеті жоқ. Алаяқтар әдетте кездейсоқ түрде халық арасында танымал әрі ерекше сұранысқа ие бөлшек банктердің атауын айта салады. Алаяқтар қолданып жүрген ақпаратты ашық ақпарат көздерінен - жарнамалық сайттардан, онлайн-сауалнамалардан және т.б. алуға болады.
Алматы полицейлері алаяқтардың нөмірлерді өзгеше етіп көрсетуге арналған қосымшаларды жиі қолдана бастағанына баса назар аударуда. Олар өзіне тиесілі емес кез келген кездейсоқ телефон нөмірінен қоңырау шала алады, сонымен қатар алаяқтарға қайта қоңырау шалғанда, олардың нөмірі өшірулі тұруы мүмкін.
Қосымшаны пайдаланып, алаяқтар банктің колл-орталығына ұқсас нөмірден қоңырау шала алады, бұл азаматтардың оларға сеніп қалу мүмкіндігін арттыра түседі. Қалай болғанда да, телефон тұтқасын қойып, банктің колл-орталығына өзіңіз қоңырау шалғаныңыз дұрыс. Әдетте нөмір картаның өзінде немесе банктің сайтында жазылып тұрады.
Егер қоңырау шалушылар құпиясөзді өзгертуді немесе айтуды, олар ұсынған кодты енгізуіңізді немесе оны дауыстап айтуыңызды сұраса, қандай да бір реквизиттерді хабарлауыңызды сұраса - бұл банк қызметкерлері емес. Олардың нұсқауларын ешуақытта орындауға болмайды. Сондай-ақ, банк қызметкерлері ақшаны алып, оны басқа шотқа жіберуді сұрамайды.
Қоңырау шалушының қалауы бойынша басқа шотқа қаражат аударуға болмайды. Алаяқтарға тап болған жағдайда тез арада олармен сөйлесуді тоқтатып, банкке өзіңіз қайта қоңырау шалуыңыз керек.
Тіпті алаяқтардың нұсқаулығымен де несиені жеке өзіңіз алмайынша, ешқандай несие сіздің атыңыздан өздігінен рәсімделе қоймайтынын есте сақтағаныңыз жөн.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1904926-aqs-nomirinen-qonyrau-saldy-alayaqtar-qazaqstandyqtyn-atynan-million-tengege-nesie-rasimdetken/