Балаға ерте жастан ақша жинауды қалай үйретуге болады
Жарияланған күні:
Баланың қаржылық сауаттылығы отбасынан басталады. Осы орайда Massaget.kz балаға ерте жастан ақша жинауды қалай үйретуге болатынын жазады.
1. Отбасылық бюджетіңізді балаңыздан жасырмау
Балаға ақша туралы 3-4 жастан бастап айта бастаған жөн. Алайда оны баланың өз тілінде түсіндіру керек. Мысалы, шығындарыңызды түрлі түстерге бөліңіз. Көк – коммуналды төлемдерге, сары – азық-түлікке, жасыл – ойыншыққа деген сияқты. Бала дүкенге барғанда жаңа ойыншық алып беруін сұраса, ақша тек сары қорапта қалғанын, ал жасыл қорапта келесі айда ғана ақша болатынын оңай түсіндіре аласыз. Сонымен бірге балаға жасыл қораптағы ақшаға тиіспей, үстіне тағы да ақша қосып жинайтын болса, үлкен және көп ойыншық сатып ала алатынын түсіндіріңіз.
2. Балаға қалағанын бірден алып бермеу
Бұл балаға ештеңе алып бермеңіз деген сөз емес. Балаңыз өзіне қатты ұнаған затын алып беруін өтінсе, қалағанын алып беруден бас тартпаңыз. Тек алдымен балаңыздан алғысы келген дүниелерін тізімге енгізуін сұраңыз. Қалаған затының суретін салып немесе жазып, тоңазытқыштың сыртына іліп қойыңыздар. Ай соңында тізімге қарап бір ойыншықты таңдатсаңыз болады. Яғни балаңыз сауданы ойланып жасауға үйренеді және жарнаманың арбауына түспеуге бейімделеді.
3. Балаңыздың қалтасында ақша салып қою
Балаңыздың қалтасында 300 теңге бар делік. Ал бұл ақшаға кішкентай бір ойыншық сатып ала алатынын айтыңыз. Егер тағы сәл күтсе үстіне ақша қосып, одан үлкенірек ойыншық сатып алуына көмектесетініңізді түсіндіріңіз. Сонда балаңыз қалтасындағы ақшасын текке құртпай, сатып алғысы келетін нәрсесін алдын ала жоспарлауды үйренеді.
4. Қажет заттарды маңыздылығына қарай бөлу
Балалар бүгін бір нәрсені қаласа, ертесі күні басқа бір затты алғысы келуі мүмкін. Сол себепті өзі қалаған заттарын маңыздылығына қарай бірнеше бөлікке бөліңіз. Балаңыздан қай затты қазір алғысы келеді және маңызы қандай екенін, қайсысын кейінірек алуға болатынын сұраңыз. Егер де алатын заты тым қымбат болса, онда ұсақ ақша жинайтын үй кассасына (копилкаға) бірігіп ақша жинауды ұсыныңыз. Нәтижесінде балаңыз жоспарлау мен болашақ саудасын ойластыратын болады.
5. Жақсы оқығаны үшін ақша төлеу
Балаңызға "жақсы баға алсаң 100 теңге беремін", — деп ешқашан айтпаңыз. Мұндай тәсіл оқуды ақша табу көзіне айналдырып жіберуі мүмкін. Яғни ол өзі үшін емес тек баға мен ақша үшін ғана оқитын болады. Оның орнына оқу жылының соңында немесе жарыстан жүлде алғанда "сыйақы" (премия) берсеңіз болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1905656-balaga-erte-zastan-aqsa-zinaudy-qalai-uiretuge-bolady/