Қазақстанда қай салада орташа айлық жалақы 500 мың теңгеден асып кетті
Жарияланған күні:
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда 2021 жылы үшінші тоқсанда орташа жалақы қанша болғанын хабарлады, деп жазады Нұрфин.
Орташа айлық жалақыны білу үшін жұмысшылардың жалақысының сомасын қосып, олардың санына бөледі. Осылайша, есептеулер ел, аймақ және салалар бойынша жүргізіледі.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биылғы үшінші тоқсанда елдегі орташа айлық көрсеткіш 243 667 теңгені құраған.
Бұл - барлық қосымша төлем, үстемақылар мен сыйақыларды қоса алғандағы орташа жалақы. Есептеу кезінде табыс салығын, зейнетақы жарналарын және басқа да міндетті төлемдерді ұстағанға дейінгі сома көрсетіледі.
Статистика кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды қоспағанда, орта және ірі кәсіпорындар компанияларының қызметкерлері арасында жүргізілді.
Өткен жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда орташа жалақы биыл 19,3 пайызға өскен, жылдық инфляцияны есепке алғанда нақты өсім 9,8 пайызды құрады.
Республика бойынша ең жоғары орташа жалақыны қай саланың мамандары алады
Елдегі ең жоғары орташа айлық жалақы - 501 000 теңгені тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласының қызметкерлері алады, бұл орташа республикалық деңгейден екі есе көп.
Қаржы және сақтандыру секторындағы орташа жалақы 452 800 теңгені құрады.
Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында – 369 500 теңге, ал ақпарат және байланыс саласында – 331 100 теңге болған.
Ал орташа айлық жалақының ең төменгі деңгейі сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және көму, ластануды жою жөніндегі қызмет салаларында – 154,9 мың теңге болса, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 167,5 мың теңгені құраған.
Орташа жалақы республикалық деңгейден көп өңірлер:
- Атырау облысында 419 122 теңге;
- Маңғыстау облысында 346 542 теңге;
- Нұр-Сұлтанда 338 386 теңге;
- Алматы қаласында 283 700 теңге.
Сондай-ақ, ел бойынша орташа айлық жалақысы ең төмен өңірлер анықталды. Олар:
- Солтүстік Қазақстан облысында 189 392 теңге;
- Жамбыл облысында 184 408 теңге;
- Түркістан облысында 181 092 теңге.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1940112-qazaqstanda-salalardyn-birinde-ortasa-ailyq-zalaqy-500-myn-tengeden-asyp-ketti/