Оңтүстік Кореядан сатып әкелінген көліктер арзанға түсе ме
Жарияланған күні:
Қазір елімізде жеңіл көлік бағасы аспандап тұр. Оның себебін қазақстандық автокөлік иелері утилизация алымының тым қымбаттығынан көреді. Соған қарамастан ел аумағында Оңтүстік Кореядан әкелініп, саудаланып жатқан автокөліктер көбейіп келеді. KAZ.NUR.KZ тілшісі корейлік темір тұлпарды елімізде ресімдеудің қанша тұратынын есептеп көрді.
Оңтүстік Кореядан көлік алып сатумен айналысатын Дастан есімді азамат шетелдік көлікті елге жеткізудің өзіндік қиындықтары барын жасырмайды.
"Мысалы жаздың соңында Кореядан KIA K7 көлігін жөнелттім. Логистикалық компания елге 2000 АҚШ долларына жеткізді. Алайда Қытаймен шекарада ұзақ тұрып қалған. Тек қазан айының ортасында Алматыға жетті", - дейді ол.
Көлік сатумен айналысатын жігіт шетелдік автомобильді Қазақстанда ресімдеудің машақатын бөлісті.
"Негізі Кореядан келген көлікті елде ресімдеу құны көліктің шығарылған жылы мен көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты. Мысалы, KIA К7 автокөлігінің утилизациялық алымы үшін - 1 млн 450 мың теңге бердім. Кедендік салымы - бұл көлік үшін 1 млн 375 мың теңге, алғашқы тіркеу 160 мың теңге", - дейді Дастан.
Одан бөлек көлікті кедендік ресімдеу мен полиция органдарында тіркеу үшін елімізде арнайы куәлік талап етілетінін атап өтті.
"Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік бізде 260 мың теңге тұрады. Бұған дейін елімізде ресейлік куәлік жарамды болып келді, біз үшін ол тиімді әрі арзан еді. Сол куәлікті 90 мың теңгеге ресімдеп жүрдік. Ал қазір қазақстандық куәлікті талап етуде", - дейді ол.
Сонымен аталған көлік құралын ел аумағына жеткізу мен тіркеуге жалпы 4 млн 100 мың теңге жұмсалыпты.
Дастанның сөзінше, көлікті ел аумағында тіркеу машинаның Кореядағы бағасымен бірдей шығады.
Алайда елде көлік бағасының шарықтап кеткені соншалық, мұндай алым-салықтар көлік сатып алушыларға кедергі емес.
"Кедендік алым-салықты қоса есептегенде Кореяда құрастырылған көлік елде жүрген көліктерге қарағанда 1-1,5 миллионға арзан шығады. Оның үстіне Қазақстанда корейлік зауыттан шыққан машиналар сұранысқа ие, өйткені ел арасында олардың материалы мықты, жүріске шыдамды екені айтылып жүр.
Ал Ресейде құрастырылған корейлік көліктер комплектациясы бірдей болғанымен, материалдары нашарлау болады. Сондықтан көбісі Оңтүстік Кореядан алғысы келеді", - дейді алып-сатушы жігіт.
Дастан Кореядан көлік алушыларға өз кеңесін де айта кетті.
"Ол жақта машиналарды үш жолмен алуға болады: аукцион арқылы, дилерлер арқылы және базардан. Дилерлердің сайты бар. Кореяда бір жақсысы, көлігінің терезесі сынса да, ресми дилерден ауыстырады. Сондықтан көлік туралы толық мәліметтің бәрі базада тұрады.
Қазақстанға бұрын Кореяда такси қызметінде жүрген көліктер де жөнелтіледі. Байқап, қарап алмаса, соғылғандары да кетіп жатыр. Есігін, кузовының басқа да бөліктерін ауыстырған көліктерге ұрынып қалмау керек", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1941462-koreyadan-kolik-akelip-minu-arzan-ba/