"900 теңгеден асып кетті": Елімізде күнбағыс майы тағы қымбаттаған
Жарияланған күні:
Елімізде күнбағыс майы тағы қымбаттады. Қазір еліміздегі дүкендер мен базарларда сұйық майдың литрі орта есеппен 767 теңгеден сатылуда, деп хабарлайды КТК арнасы.
Жалпы Қазақстанда күнбағыс майының бағасы бір жылда шамамен 60 пайызға қымбаттаған.
Мәселен, Қарағанды облысында күнбағыс майы бағасының күрт өсуі көктемде байқалған. Себебі, 350 теңге тұратын сұйық майдың литрі 600-ге жеткен. Ал қазір литрі 800 теңгенің маңайында тұрған әлеуметтік маңызы бар өнімнің құны екі-үш күн бұрын 900 теңгеден асып кеткен.
Атырау қаласында тамақ пісіруге аса қажетті тауардың литрі орта есеппен 836 теңгеден сатылуда.
Ең арзан күнбағыс майы Петропавлда сатылып жатыр – 664 теңге. Қымбатшылық Алматыда да байқалуда. Мұндағы саудагерлер әлеуметтік маңызы бар өнім бағасы 10 пайыз, қалған сұйық майлардың бағасы 30 пайызға дейін көтерілгенін растап отыр.
Ал мамандар сұйық майдың қымбаттауын былтыр майлы дақылдардың бітік шықпауымен яғни шикізаттың жетіспеушілігімен байланыстырып отыр.
Сондай-ақ, биыл өткен жылғы өнім толық сатылып бітпеген. Сығымдап алынған өнімнің 58 мың тоннасы экспортталған.
"Бұл әлемдік сұраныстың артуынан туындап отыр. Қазір біздің сұйық майларға Өзбекстан мен Қытайдан сұраныс жоғары. Бір қуанарлығы, биыл өзімізде және Ресей мен Украинадағы егін алқаптарында күнбағыс көптеп өсірілді. Ал ол экспортқа енді жіберіледі. Қазір қымбат бағада сатылып жатқандар былтырдан қалған сұйық майлар", – дейді Қазақстан май-тоңмай одағының президенті Константин Невзоров.
Дегенмен мамандар қамбадағы биыл жиналған дақыл зауыттарға жеткен соң, сұйық майдың бағасы бір ай көлемінде 10 пайызға дейін төмендеуі мүмкін деп отыр.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1942526-en-qymbaty-atyrauda-elimizde-kunbagys-maiynyn-bagasy-bir-zylda-60-paiyzga-koterilgen/