Доллар бағамы - 470 теңге: Ұлттық валютаның құнсыздану себебі белгілі болды
Жарияланған күні:
2022 жылдың маусым айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 13,3 пайызға әлсіреді. Төл валютаның құлдырау себебі мен оның болашағы туралы Ұлттық банк ресми сайтында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Маусым айының қорытындысы бойынша теңге бір долларға 470,24 теңгеге дейін немесе 13,3 пайызға құнсызданды. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемі бір айда 115 миллион доллардан 96,4 миллион долларға дейін төмендеген.
Ұлттық банктің мәліметінше, маусым айындағы сауданың жалпы көлемі 2,1 млрд долларды құраған.
"Энергия тасымалдаушылардың қолайлы бағасына қарамастан, ұлттық валюта бағамы шектеулі валюта ұсынысы мен валютаға деген сұраныстың бір уақытта өсуі аясында әлсіреді. Валютаға ұсыныстың төмендеуі – экспорттаушылардың салық төлеу үшін валюта сатуды қысқартуына, ал сұраныстың өсуі дивиденд төлеудің басталуына байланысты болды" , - делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.
Сонымен қатар ведомство валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсеткенін атап өткен. Ол шамамен 480,4 млн АҚШ долларын құраған.
Маусымда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта 438,3 млн АҚШ долларына сатылған. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,7 пайызын құраған.
"Маусым бойы ішкі валюта нарығында Ұлттық Банк валюталық интервенцияларды, сондай-ақ БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлар үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды жүзеге асырған жоқ.
Қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады.
Ұлттық Банк теңгерімсіздіктердің жиналуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады", - делінген қаржы ведомствосының мәлімдемесінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1976562-dollar-bagamy-470-tenge-ulttyq-valyutanyn-qunsyzdanu-sebebi-belgili-boldy/