Қазақстан Ұлттық Банкі әлемде бірінші болып ультра жоғары рельефті 3D-технологиясы бар монета шығарды (фото)
Жарияланған күні:
Коллекциялық монета Ұлттық Банктің Берлинде өткен World Money Fair дүниежүзілік ақша конференциясының медиа-форумына қатысу аясында көрмеде таныстырылды, деп хабарлайды Ұлттық банктің ресми сайты.
BALQASH ALABUǴASY деп аталатын коллекциялық монета "Қазақстанның флорасы мен фаунасы" сериясымен айналымға шықты.
Ұлттық Банктің мамандары дизайн тұжырымдамасын әзірлеу кезінде BALQASH ALABUǴASY монетасында жаңа технологияларды қолданған.
"Қазақстан теңге сарайы 3D аса жоғары бедер технологиясын қолдана отырып инновациялық шекуді сынақтан өткізді. Осы сынақтардың арқасында монета өзінің жазық бетінен 17 мм жоғары алабұға басының бедері бар сынақ үлгі алынды. Әлемдегі бір де бір монета сарайы әзірге мұндай нәтижеге жете алған жоқ", – дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
BALQASH ALABUǴASY коллекциялық монеталары 2 түрде дайындалды:
1) 3D және аса жоғары бедерлі технология қолданылған, күміс сынамасы – 925/1000, массасы – 100 грамм, диаметрі – 50 мм, номиналы – 1000 теңгелік, таралымы – 500 дана;
2) МН 25 мельхиор қоспасынан дайындалған монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – "рrооf-like", номиналы – 200 теңгелік, таралымы – 20 000 дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдана береді. Сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға, ұсақталуға және айырбасталуға тиіс.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.
Балқаш көлі – Қазақстандағы ең алып көлдердің бірі және көлемі жағынан әлемде 15-орында тұр. Тұзды және тұщы бөліктен тұратын табиғи су тоғаны ретінде әлемде жалғыз саналады.
Балқаш алабұғасы – көлде кездесетін эндемикалық балықтардың бірі. Ол 5-7 миллион жыл бұрын жақын тұқымдасы – кәдімгі өзен алабұғасынан бөлектеніп шыққан. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2008022-qazaqstan-ulttyq-banki-alemde-birinsi-bolyp-ultra-zogary-relefti-3d-texnologiyasy-bar-moneta-sygardy/