Картадағы ақшаны шатасып басқа адамға аударып жіберсеңіз, не істеуге болады: маман жауабы
Жарияланған күні:
Картадағы ақшаңызды шатасып, басқа адамға аударып жіберген болсаңыз, оны қайтару қиынға соғады. "Юрист" порталы бұл жағдайда не істеу керегін түсіндіріп берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бүгінде санаулы секунд ішінде картадан картаға ақша аудару мүмкіндігі бар. Дегенмен кейде адам бір саннан қателесіп, ақшаны басқа тұлғаға жіберіп қоюы мүмкін.
Ақша жіберілгеннен кейін оны қайтару оңай болмайды. Өйткені Қазақстан заңнамасында "қателесіп жіберіп қойған аударымға" байланысты нормалар қарастырылмаған. Яғни мамандардың айтуынша, банктер біреудің картасынан ақшаны иесінің келісімінсіз ала алмайды.
Картадағы ақшаны шатасып басқа адамға аударып жіберсеңіз, не істеуге болады?
Банкке мүмкіндігінше тезірек хабарласып, аударымды қабылдаған адамға қателік болғаны жөнінде ескертуін сұрауыңыз керек.
"Көптеген банк солай жасайды – аударым келген адамға өзге адам қаражатты қателесіп жіберіп қойғаны туралы хабарлап, аударымды қабылдаушы мұнымен келіскен жағдайда ақшаны қайтаруға кеңес береді", - дейді заң ғылымдарының докторы Дәулет Әбжанов.
Айта кетейік, әр адам ақшаны қайтару не қайтармауды өзі шешуге құқылы. Саналы азамат өзгенің қаражатын қайтаратыны сөзсіз. Аударымды қабылдаушы ақшаны қайтарудан бас тартқан жағдайда қаражатты қате жіберген адам аударымды қайтаруын сот арқылы ғана талап ете алады.
Бірақ ақшаны өз еркімен қайтарған дұрыс. Өйткені Қазақстанда Азаматтық кодекстің 953 бабы бар, ол азаматтарды негізсіз баю арқылы алған мүлкін қайтаруға міндеттейді.
Егер азамат аударымды қайтарудан бас тартса, онда ол еселеп қайтаруы мүмкін, өйткені түбіртек сомасына айыппұл салынады. Оның мөлшері Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі бойынша (қазір 16,75%) анықталады және негізсіз байыған адам аударымның қате болғанын білген немесе білуге тиіс күннен бастап есептеледі.
Басқаша айтқанда негізгі сомамен бірге басқа адамдардың ақшасын пайдаланғаны үшін пайызбен қайтаруға тиіс болады. Пайыз қате аударым анықталған сәттен бастап "есептеле" бастайды. Мысалы, банкті хабардар еткен күннен бастап еспетелуі мүмкін.
Аударымды қабылдаушы ақшаңызды қайтармаса, шағымдану тұрғысынан қандай қиындықтар туындауы мүмкін?
Абайсызда өзгеге аударып қойған ақшаңызды қайтару үшін сотқа жүгінер болсаңыз, ақшаны қабылдаған адам туралы ешбір ақпарат білмеуіңіз бұған кедергі тудырады.
Бұл жағдайда ол банкке хабарласып, ақшаны қабылдаушы жайлы ақпаратты сұрауы керек. Бірақ банк қызметкерлері "банк құпиясына" байланысты бас тартады.
Дегенмен заңгердің пайымдауынша, бұл қағида азаматтың басқа құқығына қайшы келеді. Себебі заң бойынша банк клиентке оның өтініші бойынша жүргізілген операциялары туралы ақпарат беруге міндетті. Сондай-ақ азамат банкке ақшаның кімге және қайда жіберілгені туралы да ақпарат ұсынуы керек.
Қателесіп аударым жасау тәсілін алаяқтар қалай өз пайдасына асырады?
"Қателесіп аударым жасау" схемасын алаяқтар жиі қолданатынын да еске сала кетейік:
- қазақстандықтың нөміріне қаражаттың түскені туралы хабарлама жіберіледі. Әдетте ол банктің ресми хабарламасына ұқсас болуы мүмкін;
- содан кейін азаматқа белгісіз тұлға қоңырау шалып, оған қателесіп ақша аударғанын айтып, ақшаны көрсетілген деректемелерге қайтаруды сұрайды;
- нәтижесінде саналы азамат өз шотындағы қаражатты тексермей, алданып қалып, өз қаражатын жіберіп қояды.
Мамандардың айтуынша, бұл жағдайда алданғандардың басты қателігі ақшаның есепшотына түскеніне көз жеткізбей аударымдарды жүзеге асыруында.
Клиенттер өз картасының операцияларын банк қосымшасы арқылы тексеріп тұрғаны абзал. Қате аударымды алу фактісі расталған кезде ғана ақшаны қайтару туралы өтінішпен банкке хабарлассаңыз болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2015870-kartadagy-aqsany-satasyp-basqa-adamga-audaryp-ziberseniz-ne-isteuge-bolady-maman-zauaby/