Қазақстанда жеке кәсіпкерлік арқылы декреттік төлем алуды рәсімдеу қиындай түсуі мүмкін
Жарияланған күні:
Бұрын болашақ аналар қосымша төлемдерді алу үшін жеке кәсіпкерлік арқылы декреттік төлемдерді рәсімдей алған. Бірақ енді бұл процедураға кей өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер де, жұмыссыз әйелдер де декреттік төлемдерді алуға құқылы.
Елімізде аналарға бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы белгіленген: бірінші, екінші және үшінші бала үшін – 38 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2023 жылғы көрсеткіштер бойынша 131 100 теңге беріледі, төрт не одан көп бала туған жағдайда – 63 АЕК немесе 217 350 теңге беріледі.
Одан кейін әйел бала күтімі үшін ай сайынғы төлемдерді ала алады. Жұмыс істемейтін қазақстандық әйелдерге де бала күтімі үшін ай сайынғы төлемдер АЕК бойынша есептеліп, беріледі, ал жұмыс істейтін әйелдер үшін берілетін жәрдемақы мөлшері жалақыдан төленетін әлеуметтік аударымдар сомасына байланысты.
Жұмыс пен жалақының болуы да әйелдің жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндік береді. Сондықтан кейде қазақстандықтар көбірек жәрдемақы алу үшін жеке кәсіпкерлікті (ЖК) ашады.
Қазақстандықтар қалай ЖК арқылы декреттік төлемдер ала алатын
Қазақстандықтар көбірек әлеуметтік төлемдерді алу үшін жеке кәсіпкерлікті ашатын. Кейін ЖК арқылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘҚҚ) өз атына қосымша жарналар төлейтін. Бұл берілетін жәрдемақы көлеміне әсер ететін.
Олар міндетті зейнетақы жарналарын төмен мөлшерде, ал әлеуметтік аударымдардың жарналарын жоғары мөлшерде рәсімдей алған. Яғни жүкті әйелдің жеке кәсіпкерліктен тауып отырған табысына бұл төлемдер мен жарналардың ешқандай қатысы жоқ.
Осылайша әлеуметтік аударымдар сомасы азайып, жеңілдіктер мөлшері өсетін.
Бірақ "Ашық НҚА" порталында жарияланған Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жаңа заң жобасына (2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді) сәйкес, енді жеке кәсіпкерлік арқылы әлеуметтік аударымдарды төлеу процедурасын өзгерту жоспарлануда.
Не өзгереді
Заң жобасы 2023 жылдың 25 сәуіріне дейін талқыланады және жеке кәсіпкерлер үшін әлеуметтік аударымдарды төлеу процедурасын реттеуді өзгертуі мүмкін.
Заң жобасының 6-тармағына сәйкес, енді ЖК иелері үшін өз атына жасалатын әлеуметтік аударымдарды есептеу объектілері деп өз пайдасына әлеуметтік аударымдарды есептеу мақсатында ЖК иесі өз бетімен айқындайтын табыс сомасы танылатын болады. Бұл табыс сомасы өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын аудару үшін айқындалған табысқа тең болуы керек.
Яғни жеке кәсіпкерлік ашқан әйелдер сол табыс сомасынан өз атынан зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеуге міндеттелетін болады.
Сондықтан мұндай схема бойынша қосымша әлеуметтік аударымдардан түсетін жәрдемақы азаюы мүмкін.
Ал жеке кәсіпкерлікте жұмыс істейтіндердің жәрдемақысы әдеттегідей айлық жалақысына байланысты төленетін болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2017186-qazaqstanda-zeke-kasipkerlik-arqyly-dekrettik-tolem-aludy-rasimdeu-qiyndai-tusui-mumkin/