Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда пара сұраған жағдайда не істеу керек

Жарияланған күні:

Читать на русском
Теңге
Кітаптың ішіндегі ақша. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Кейде қазақстандықтар түрлі себептердің салдарынан пара беруге мәжбүр болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек және қайда жүгінген жөн. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Пара дегеніміз не?

Пара – бұл біреудің лауазымды тұлғаға белгілі бір әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін ақша немесе басқа да материалдық құндылықтарды беру.

Пара берушілердің өздері ақшалай айыппұлдан қылмыстық жазаға дейін жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.

Дегенмен кейде қазақстандықтарды пара беруге өзгелер итермелеуі және бермеген жағдайда салдары болады деп бопсалауы мүмкін немесе заңды қызметтерді алуына кедергі болуы ықтимал.

Қазақстан Республикасының "Электрондық үкімет" порталында хабарланғандай, сыбайлас жемқорлыққа тап болған қазақстандықтар шағым түсіріп, сыйақы ала алады.

Сыбайлас жемқорлыққа тап болған жағдайда қайда жүгіну керек?

Дереккөздің ақпаратынша, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған және құқық бұзушылыққа қарсы іс-қимылға қатысқан тұлға мемлекет қорғауында ("Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңның 24 бабының 3-тармағы) болады. Сонымен қатар мұндай адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып табылады.

Қазақстан азаматтары құқықбұзушылық туралы бірнеше жолмен хабарлай алады:

  • 1424 тегін нөмірі арқылы Антикорға қоңырау шалуға болады. Антикор кеңесшілері телефон арқылы нақты қадамдар туралы жан-жақты түсініктеме беруі мүмкін немесе сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін дереу әрекет етеді;
  • хат жазу – оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық департаментіне жіберуге болады;
  • Қазақстан Республикасының "Электрондық үкіметі" порталы арқылы үндеу жолдауға болады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет;
  • "Ашық диалог" веб-сайты немесе агенттіктің ресми парақшасы арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының блогына жазуға болады;
  • kense@antikor.gov.kz электронды поштасына жазуға мүмкіндік бар.

Бұл ретте сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамға сыйақы қарастырылған.

Сыбайлас жемқорлықты анықтауға көмектескеніңіз үшін қандай сыйақы беріледі?

"Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдескен тұлғаларды ынталандыру қағидасында" жазылғандай, біржолғы ақшалай сыйақының мөлшері құқықбұзушылықтың түріне байланысты есептеледі.

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарланғаны үшін құқықбұзушылықтың деңгейіне байланысты мынадай сыйақы қарастырылған:

  • әкімшілік істер бойынша сыбайлас жемқорлық туралы хабарланғаны үшін – 30 АЕК немесе 2023 жылға 103 500 теңге;
  • қылмыстық істер бойынша ауыр емес сыбайлас жемқорлық туралы хабарланғаны үшін – 40 АЕК немесе 138 000 теңге;
  • қылмыстық істер бойынша орташа ауырлықтағы сыбайлас жемқорлық туралы хабарланғаны үшін – 50 АЕК немесе 172 500 теңге;
  • қылмыстық істер бойынша ауыр сыбайлас жемқорлық туралы хабарланғаны үшін – 70 АЕК немесе 241 500 теңге;
  • қылмыстық істер бойынша аса ауыр сыбайлас жемқорлық туралы хабарланғаны үшін – 100 АЕК немесе 345 000 теңге.

1000 АЕК-тен (3 450 000 теңге) асатын пара сұрау (немесе залал) туралы хабарланғаны үшін сыйақы мөлшері бұл соманың 10 пайызын құрайды, бірақ сыйақы мөлшері 4 000 АЕК-тен (13 800 000 теңге) аспайды.

Бірақ сыбайлас жемқорлық туралы өтірік ақпарат берілгені үшін де жауапкершіліктің бар екенін есте ұстаған жөн.

Сыбайлас жемқорлық туралы өтірік ақпарат берілгені үшін Әкімшілік кодекстің 439 бабына сәйкес ескерту немесе 20 АЕК (69 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде құқықбұзушылық қайталанған жағдайда 40 АЕК көлемінде (138 000 теңге) жауапкершілік қарастырылған.

Еске сала кетейік, кейбір салаларда жұмысқа орналасу кезінде қазақстандықтардан сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының жоқтығы туралы анықтама талап етілуі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2023695-qazaqstanda-para-suragan-zagdaida-ne-isteu-kerek/