Қазақстанда кімнің мобильді аударымдары тексеріліп жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русскомЕлімізде азаматтардың мобильді ақша аударымдары тексеріліп жатыр. Осы орайда қандай адамдардың мобильді аударымдары тексерілске алынғаны туралы мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.
Мобильді ақша аударымы — өте ыңғайлы қаржылық құрал. Дегенмен барлық артықшылыққа қарамастан, бір кемшілігі бар – сенімсіз кәсіпкердің қолында ол салықтан жалтарудың құралына айналады.
Кей саудагерлер мен қызмет көрсетушілер төлемді жеке тұлғаның шотына аудару арқылы қабылдауы мүмкін. Кейін олар бұл кірістерді қаржылық есептерінде көрсетпей, ол аударымдар бойынша салық төлемеуі ықтимал.
Осылайша 2023 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік кірістер комитеті банк деректері бойынша кәсіпкерлікпен айналысу белгілері бар тұлғалар туралы ақпарат жинай бастады. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің, деңгейі бойынша олармен тең тұлғалардың және мемлекеттік қызметкерлердің жұбайларының мобильді аударымдарын сараптау мен талдау жүргізілуде.
Бірақ мемлекеттік кірістер комитеті барлық адамды емес, жеке банктік шоттарында үш күнтізбелік ай қатарынан 100 және одан да көп әр түрлі адамдардан түскен ақша түсімдері бар тұлғаларды ғана тексеретінін ескерген жөн.
Алайда көп ұзамай мобильді аударымдары тексерілетін азамат саны айтарлықтай артуы мүмкін.
Комитет ақпаратына сәйкес, 2024 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерден бөлек мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және олардың жұбайларының мобильді аударымдары тексерілетін болады.
2025 жылдан бастап тексерілетіндердің тізіміне жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары кіреді, ал 2026 жылдан бастап бұл тексеру қалған қазақстандықтарға да қатысты болмақ.
Комитетте атап өтілгендей, бүгінде тек мемлекеттік қызметшілер, деңгейі бойынша олармен тең тұлғалар және мемлекеттік қызметкерлердің жұбайлары, яғни қазір декларацияның 1-кезеңі бойынша өзінің кірісі туралы мәліметтерді ұсынуға тиіс тұлғалар туралы ғана ақпарат алынған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2024372-qazaqstanda-kimnin-mobildi-audarymdary-tekserilip-zatyr/