Қазақстанда қызметін тоқтатқан банктен уақытылы алынбаған қаражат қайда кетеді
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚызметін тоқтатқан банктің салымшылары кепілдік өтемақы алуға өтініш бере алады. Бірақ оны бір жылдың ішінде жасап үлгеру керек. Уақытылы алынбаған ақшаға не болатыны туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында (ҚДКҚ) хабарланды.
Егер банк лицензиясынан айырылып, қызметін тоқтатса, оның салымшылары депозиттерге кепілдік беру жүйесі арқылы банкте сақталған қаражатын ала алады. Еске сала кетейік, егер банктен несие алынса, ол өтемақы мөлшеріне әсер етуі мүмкін.
Аталған кепілдік жүйесі жеке тұлғалардың барлық салымына, сондай-ақ исламдық банктерден басқа Қазақстанда жұмыс істейтін барлық банктегі барлық карточкалық шотқа қатысты. Қор олар бойынша қалған соманы, тіпті есептелген сыйақыны есепке ала отырып төлейтін болады.
Алайда кепілдік жүйесінің ең жоғары сомасы белгіленген. Салымның түрі мен валютасына байланысты ол 20 миллион теңгеден аспауға тиіс.
Ақшаны қашан алуға болады?
Бұл ретте кепілдік жүйесі бойынша өтемақы беру банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 35 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады. Дегенмен ҚДКҚ бұл үдеріс іс жүзінде жылдамырақ болатынын атап өтті.
Мысалы, таратылған Tengri Bank, Asia Credit Bank және Capital Bank Kazakhstan салымшылары алты-сегіз жұмыс күні ішінде өз қаражатын ала алды.
ҚДКҚ әдетте салымшыларды кепілдік өтемақы алуға өтінімді қайда беруге болатынын, мерзімі мен банктік агенттерді белгілей отырып, төлемдердің басталу күні туралы алдын ала хабарлайды. Өтінімдерді қабылдау ресми хабарлама келгеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады.
Салымшы төлемдер беру басталған күннен бір жыл ішінде кепілдік бойынша өз ақшасын алуға өтініш бере алады. Өтінім берілген күннен және қажетті растаушы құжаттар ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралады.
Сондай-ақ ҚДКҚ салымшыларды төлем беру жүйесінің аяқталуы туралы ресми сайтында, әлеуметтік желіде және БАҚ арқылы алты ай бұрын және бір ай бұрын хабарлайды.
Салымшы төлем алу мерзімін өткізіп алса не болады?
Төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін қор салымшылардың талап етілмеген сомасын олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке зейнетақы шотына аударады.
Бір жыл ішінде жабылған банктен қаражатын алып үлгермеген қазақстандықтардың ақшасы БЖЗҚ-ға ерікті зейнетақы жарнасы ретінде аударылады. БЖЗҚ-ға аударылған қаражат басқа да жинақтар сияқты инвестицияланып, болашақта зейнетке шығу үшін қолданылады.
Ал азамат төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған жағдайда, салымшы ақшасын алу үшін қорға жүгіне алады. Қаражат БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда да ақшаны қайтаруға қорға өтінішпен жүгінуге болады.
Айта кетейік, банк толық таратылғанға дейін немесе өтініш берушінің ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы болғанға дейін қорға дәлелді себептермен ақшаны алу туралы өтініш беруге болады.
Осылайша Қазақстанда жабылған банктің салымшысы қандай да бір себептермен ақшасын ала алмаса, бір жылдан кейін салымшының қаражаты оның зейнетақы шотына түседі.
Ал белгіленген кепілдік сомасынан асатын қаражатты алу үшін банкті таратумен айналысатын комиссияға хабарласу қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2024577-qazaqstanda-qyzmetin-toqtatqan-bankten-uaqytyly-alynbagan-qarazat-qaida-ketedi/