Қазақстанда шілдеден бастап қайтыс болған зейнеткердің туыстарына екі есе көп төлем беріледі
Жарияланған күні:
Читать на русскомЗейнеткер дүниеден озғаннан кейін оның туыстары жерлеу рәсімін өткізу үшін төлем ала алады. Шілде айынан бастап оның мөлшері екі есе жоғарылайды. Мұндай көмек кімге берілетінін толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Еске сала кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда Әлеуметтік кодекс заңды күшіне енеді және соның аясында қарастырылған кейбір жеңілдіктер мен жәрдемақылардың мөлшері артады. Әлеуметтік кодексте қарастырылған өзгерістердің басым бөлігі мүгедектігі бар адамдарға қатысты.
Сонымен қатар жаңа заңның 242 бабында "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңның әр түрлі тарауларымен реттелетін жерлеуге арналған біржолғы төлемдердің барлық сомасы туралы жазылған.
Қайтыс болған зейнеткердің мәртебесіне байланысты берілетін төлем мөлшері әр түрлі болуы мүмкін. Бірақ келесі айда жерлеу рәсімін өткізуге берілетін барлық төлем мөлшері айтарлықтай өседі.
Зейнеткердің туыстарына берілетін төлемдер
Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыны жерлеу рәсімін жүзеге асыруға байланысты туыстарына немесе өзге адамдарға берілетін төлем мөлшері бүгінде 15,7 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 2023 жылы 54 165 теңгені құраса, Әлеуметтік кодекс заңды күшіне енгеннен кейін ол 35 АЕК, яғни 120 750 теңгеге дейін өседі.
Бұл ақша мемлекеттік бюджеттен төленеді.
БЖЗҚ салымшысының туыстарына төлем
Қайтыс болған туысының зейнетақы жинағы болған жағдайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жерлеу рәсімін өткізу үшін берілетін қаражатты шығаруға болады. Ал ақша оның шотынан алынады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қайтыс болған БЖЗҚ салымшысын жерлеуді жүзеге асырған отбасына немесе адамға 52,4 АЕК (180 780 теңге) төленеді. Ал жаңа заңда оны жерлеуге берілетін төлем мөлшері 94 АЕК-ке (324 300 теңге) құрайтын болады, бірақ берілетін төлем мөлшері марқұмның жеке зейнетақы шотында жатқан сомадан аспайды.
Қалған зейнетақы жинағы оның мұрагерлеріне беріледі.
Аннуитет арқылы туыстарына төлеу
Сақтандыру компаниясы да зейнеткерлік аннуитет алған клиенті қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлемді береді. Келесі айдан бастап ол да екі еседен астам – 15 АЕК-тен (51 750 теңге) 35 АЕК-ке (120 750 теңге) дейін өседі.
Бұл төлемді сақтандыру компаниясы өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. Еске салсақ, зейнетақы аннуитетін тіркеу кезінде қазақстандықтың зейнеткерлік жинағы сақтандырушыға беріледі және салымшының меншігі болып табылмайды.
Осылайша жерлеу төлемдерін қайтыс болған зейнеткердің немесе жәрдемақы алушының туыстары, сондай-ақ БЖЗҚ салымшысы немесе зейнетақы аннуитеті арқылы зейнеткерлік жинағын алған сақтандыру компаниясының клиенті ғана ала алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2024678-qazaqstanda-sildeden-bastap-qaitys-bolgan-zeinetkerdin-tuystaryna-eki-ese-kop-tolem-beriledi/