ҮАААЖ іске қосылды: Алматыда жаңа ақылы жолға қалай төлем жасауға болады
Жарияланған күні:
Бүгін іске қосылған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) жол жүру ақылы болады. Ол үшін қанша төлеу керек және оны қалай жасау керек, деген сұрақтарға KAZ.NUR.KZ тілшісі жауап іздеген еді.
Бүгін Алматыда ҮАААЖ арқылы жол жүру ашылды. Бұл ретте алдағы айда жол жүру тегін болмақ. Дегенмен, тарифтер Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде бекітіліп, айтылды.
ҮАААЖ бойынша жол ақысын қалай төлеуге болады
Ең алдымен ескеретіні, ҮАААЖ бойынша жол жүру тоқтаусыз болмақ, яғни жол ақысын төлеу үшін шлагбаумдарда және басқа төлем пункттерінде тоқтаудың қажеті жоқ. Мұны қазақстандық банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн жасауға болады. Қазақстанның басқа да ақылы жолдарына ақы төлеумен ұқсас, яғни төлемді автомобиль нөміріне байланған өз шотыңызды толтыру арқылы алдын ала жүргізуге болады.
Сондай-ақ егер сіз аталған жолмен құнын төлемей, жүріп қойсаңыз, онда қарызыңызды төлей аласыз. Яғни ҮАААЖ жүріп өткен соң жеті күн ішінде қарызыңызды өтей аласыз.
Айтпақшы, жолға жеті нүктеден кіруге болады. Оның жалпы ұзындығы 66 шақырым. Бұл қашықтықты жүргізуші ең көп дегенде бір сағат ішінде жүріп өтеді деп болжанған. Сондықтан жол ақысы осы уақыт ішінде жарамды.
ҮАААЖ бойынша жол жүру қанша тұрады
Бұл ретте бір сағат ішінде жүріп өткен жолға қарамастан ақы алынады. Яғни, жолдың бағасы тіркелген және айлық есептік көрсеткіштермен есептеледі (АЕК – 2023 жылы 3 450 теңге).
Жеңіл автомобильдер үшін тариф 0,07 АЕК (240 теңге), ал жүк көлігі және автобустар үшін тариф – 0,12 АЕК-тен (414 теңгеден) - 0,72 АЕК-ке дейін (2 484 теңге) құрайды.
ҮАААЖ өтетін аймақта (Қарасай, Іле және Талғар аудандарында) тіркелген автомобиль иелері үшін абоненттік төлем қарастырылған.
ҮАААЖ бойында тұратын тұрғындарға тиесілі жеңіл автомобильдердің лимитсіз өтуі үшін айына 0,5 АЕК (1 725 теңге) және жылына 6 АЕК (20 700 теңге) төлеуге болады.
Ауыр жүк көліктері үшін айлық абонемент 8,5 АЕК (29 325 теңге), ал жылдық абонемент – 102 АЕК (351 900 теңге) жетуі мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2025096-uaaaz-iske-qosyldy-almatyda-zana-aqyly-zolga-qalai-tolem-zasauga-bolady/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде