Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Теңгедегі ескі атрибуттардың бірі банкноттарға қайта енгізілуі мүмкін

Жарияланған күні:

Читать на русском
Теңге
Теңге. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда теңге банкноттарын қайтадан Ұлттық банк төрағасының қолтаңбасымен шығару жоспарланып отыр. Банкноттар мен монеталардың жаңа дизайны да бекітілген. Президент жарлығына өзгеріс енгізу жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

Ұлттық банк әзірлеген жарлық жобасына сәйкес, "Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталарының дизайнын бекіту туралы" 2018 жылғы президент жарлығына кейбір өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Атап айтқанда, осы жарлықтың 7-тармағын өзгерту ұсынылып отыр. Өзгеріске сәйкес банкноттардың қосымша дизайн элементтерінде мыналар болады:

  • сериялық нөмірі және дизайнының бекітілген жылы;
  • банкноттардың дизайны бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының қолы;
  • банкноттарды қолдан жасау үшін жауаптылық туралы жазба банкноттар дизайнының қосымша элементтері болып табылады.

Қолданыстағы "Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесінің банкноттары мен монеталарының дизайн тұжырымдамасын бекіту туралы" жарлыққа сәйкес, банкноттардың қосымша дизайн элементтеріне тек сериялық нөмірі мен дизайны бекітілген жылы көрсетіледі.

Бұл ретте банкноттар мен монеталар дизайнының мiндеттi элементтері:

  • номиналдың цифрмен және (немесе) әріппен белгiленуi;
  • түпнұсқалығын айқындауға мүмкiндiк беретiн және қолданыстағы қорғау технологияларын қолдана отырып, қолдан жасаудан қорғауды қамтамасыз ететiн элементтер;
  • эмитент елінің және (немесе) эмитенттің ресми атауы;
  • банкноттардың бет жағында және монеталардың бет немесе сырт жағында орналастырылатын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі болып табылады.

Айта кетейік, Ұлттық банк төрағасының қолы 2016 жылға дейін теңгелік банкноттардың міндетті атрибуты болған.

2016 жылдың ақпан айында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев "Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталарының дизайнын бекіту туралы" 2003 жылғы жарлығында: "Банкноттардың бет немесе сырт жағында осы дизайндағы банкноттардың айналысқа алғашқы шығарылған кезіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының қолы болуы тиіс" деген тармақты алып тастаған болатын.

Сол кезде Ұлттық банк басшысы қызметін атқарған Данияр Ақышев Tengrinews.kz порталына ақша үнемдеу үшін қолтаңбаны алып тастағанын айтқан еді.

"Банкноттарды шығару процесіне өте ұзақ уақыт алады. Кейде екі жылдан астам уақыт кетеді. Ұлттық банк басшысы ауысқан жағдайлар болды. Мұндай жағдайда оны қайта жасату үшін ақша талап етіледі", - деп түсіндірген болатын Ақышев.

Жарлыққа өзгеріс енгізу жобасын қоғамдық талқылау 24 шілдеге дейін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2028183-tengedegi-eski-atributtardyn-biri-banknottarga-qaita-engizilui-mumkin/