Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Банктер үшін халықтың депозиті қаншалықты маңызды және ақшаны үйде ұстаған тиімді ме

Жарияланған күні:

Читать на русском
Тиын-тепшік пен сағат
Ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Көптеген Қазақстан азаматы жинағын қорғау үшін ақшасын депозитте сақтайды. Дегенмен Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында ұсынылған ақпаратқа сенсек, депозиттер клиенттерге ғана емес, банктерге де қажет.

Қор мәліметінше, банктік депозиттің көлемі тарихи рекордқа жеткен – биылғы жылдың маусым айының соңына қарай Қазақстан халқының жинағында 17 триллион теңгеден астам қаражат жиналды.

Мұндай өсім ең алдымен салымшылар үшін жасалған қолайлы жағдайға байланысты. Сыйақы мөлшерлемесі айтарлықтай жоғары деңгейде, ал кейбір екінші деңгейлі банктер өз клиенттеріне ең жоғары пайыздық мөлшерлемені ұсынады.

Алайда бұл жағдай салымшыларға ғана емес, банктердің өзіне де тиімді.

20 жылда не өзгерді

Осыдан 20 жыл бұрын ел экономикасы дамып келе жатқан кезде қазақстандық банктер өз капиталын шетелдік қаражат көзін тарту арқылы ұлғайтқан. Ол уақытта олар банк міндеттемелерінің құрылымындағы қаражаттың жартысынан астамын құраған еді.

Бұған тиісті институционалдық инфрақұрылым мен инвестиция жасауға қолайлы ахуал ықпал етті. Алайда 2008 жылы дүниежүзілік дағдарыс басталғаннан кейін жағдай тұрақсызданып, шетелден несие алу құны жоғарылай түсті.

Қазақстандық банктер қайта тұрақталуы үшін жаңа қаржы көздерін іздеуге мәжбүр болды, осылайша тығырықтан шығудың амалы ретінде қазақстандықтардан қаражат тарту туралы шешім қабылданды.

Ол кезде қазақстандық банктердің міндеттемесінің 14-15 пайызын ғана халықтың депозиті құраған. Алайда 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 43-44 пайызға дейін өскен, ал заңды тұлғалардың салымдарын есепке алатын болсақ, онда бұл көрсеткіш 80 пайызды құрайды.

Сонымен қатар қазақстандық банктердің міндеттемесіндегі шетелдік капиталдың үлесі бүгінде ең төменгі деңгейде. Қазіргі таңда банктер қаражат тартудың ішкі арналарына, ең алдымен тұрғындардың депозиттеріне көбірек көңіл бөлуде.

Ақшаны үйде ұстаған тиімді ме

Басқаша айтқанда, депозит салымшы үшін де, банк үшін де тиімді қаржы құралы болып табылады. Клиент өз жинағын банкте сақтайды және бұл үшін сыйақы алады, ал банк оларды өз қызметінің өсуі мен дамуын қаржыландыруға пайдаланады.

Дегенмен қазақстандық депозит секторы әлі дамуы керек. Өйткені көптеген Қазақстан азаматы әлі күнге дейін банктерге толық сенбей, ақшасын үйінде ұстауды жөн көреді.

Бірақ бұл пайдасыз әрекет. Себебі ақшаны үйде ұстағаннан ол бірте-бірте өз құнын жоғалтады. Сондай-ақ қазақстандық банктерде жатқан халықтың депозиті Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қорғауында.

Бұл банкті таратуға тура келген жағдайда жойылатын банкте ақша ұстаған қазақстандықтың ақшасын қайтарып алуға мүмкіндігі бар дегенді білдіреді. Бұл ретте өтемақы мөлшері салымның шарттарына байланысты 5 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін өзгеруі мүмкін.

Осылайша банктік депозит шын мәнінде қауіпсіздік кепілдігі бар және салымшылардан арнайы қаржылық білімді талап етпейтін өзара тиімді қаржы құралы екенін түсінуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2029790-bankter-usin-xalyqtyn-depoziti-qansalyqty-manyzdy-zane-aqsany-uide-ustagan-tiimdi-me/