Қазақстанда бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс күрт артты
Жарияланған күні:
Читать на русскомСоңғы кездері қазақстандықтар арасында екі бөлмелі пәтерлер сұранысқа ие болған еді. Бірақ шілде айында керісінше, бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс артты. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Биылғы жылы Қазақстанда жылжымайтын мүліктің бағасы бірте-бірте төмендеп келеді. Бұл қазақстандықтар арасында сұранысқа әсер етпей қоймады.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2023 жылы шілдеде тұрғын үй сатып алу-сату бойынша 34 225 мәміле жасалған, бұл өткен айдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 14,5 пайызға артық.
Оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 25 444 мәміле (шамамен 74,3 пайыз) жасалған. Көппәтерлі тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша жасалған мәмілелер көрсеткіші 15,7 пайызға өскен.
Бұл көрсеткіш бір бөлмелі пәтерлерді сатып алу-сату есебінен көтерілген болатын – шілде айында бір бөлмелі пәтерді сатып алу-сату бойынша жасалған мәміле саны 9 779 құраған. Ал екінші орынды екі бөлмелі пәтерлер иеленді – шамамен 9 592 мәміле жасалған.
Айта кетейік, соңғы айларда Қазақстанда екі бөлмелі пәтерлерден гөрі бір бөлмелі пәтерлер көбірек сұранысқа ие болған. Мысалы, маусымда бір бөлмелі пәтерлер бойынша жасалған сатып алу-сату мәмілесі 8525-ті құраған, ал екі бөлмелі пәтерлер бойынша жасалған мәміле саны 7701-ді құрады. Бұл үдеріс мамыр-сәуір айында да байқалды. Ал шілдеде бір бөлмелі пәтерлерге деген сұраныс күрт артып кеткен.
Бұл ретте Астана тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің жалпы саны бойынша көшбасшы – 6 675 мәміле жасалған. Бір айдың ішінде қаладағы көрсеткіш 47,6 пайызға өскен. Ал елордада сатылған бір бөлмелі пәтерлердің саны 67 пайызға өскен (маусым айында бұл көрсеткіш 1818-ді көрсетсе, шілдеде 3028-ді құраған).
Бұған дейін өңірлер бойынша Алматы көш бастап тұрған болатын, қазір бұл көрсеткіш бойынша оңтүстік астана екінші орында тұр (5217 мәміле жасалған). Өсім көрсеткіші небәрі 8,8 пайызды құрады.
Қарағанды облысында сатып алу-сату бойынша жасалған мәміле саны 3 118-ге жетіп, Қарағанды үздік үштікке кірді. Ал Ұлытау өңірінде бұл көрсеткіш ең төмен болып есептеледі – 425 құрады.
Түркістан облысында бұл көрсеткіш 39,4 пайызға, Ұлытау облысында 23,9 пайызға өскен. Ал Қостанайда бір айдың ішінде керісінше, 8,1 пайызға төмендеген, Қызылорда облысында тіпті 5,5 пайызға, Атырау облысында 3,1 пайызға кеміген.
Осылайша Қазақстандағы баспанаға деген сұраныс көрсеткіші Астанадан сатып алынған бір бөлмелі пәтерлердің есебінен өскен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2031976-qazaqstanda-bir-bolmeli-paterlerge-suranys-kurt-artty/