Елімізде жаңадан құрылған министрліктерге қанша қаражат қажет
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгін мәжіліс кулуарында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа Қазақстанда жаңа министрліктердің жұмысын қамтамасыз ету үшін қанша қаражат қажет деген сұрақ қойылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ерұлан Жамаубаев әзірге жаңа министрліктер ресми түрде бөлінбегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бюджетті өзгерген ведомстволардың арасында қайта бөлу жоспарлануда.
"Меніңше, олар бұрынғы ғимараттарда қалады. Әрине, кейбір министрлерге жаңа кеңселер қажет болады, бірақ олар әрі қарай өздері (жұмыс орындарын ұйымдастырады - ред.)", – деді ол.
Жамаубаевтан егер министрліктер саны ұлғайса, қалайша шығын баяғы қалпында қалуы мүмкін деп сұрады.
"Бұл аз ғана бөлігі (шығындардың өсімі – ред.). Бюджетте шамалы өсім болса, бәрі экономикалық өсімнің арқасында пайда болатын синергия өтейді деп ойлаймын.
Бұл министрліктер не үшін құрылды? Өз саласын алға жылжыту мақсатында. Бізде көптеген сала өркендеп жатыр, сондықтан өсу қарқынын арттыру керек. Міндетіміз – орта мерзімді перспективада өсім қарқынын жылына 6-7 пайызға арттыру. Экономиканың өсімі мен экономикаға түсетін салықтар бұның бәрін өтейді, ал аталған әкімшілік шығындар азғантай ғана.
Оның үстіне соңғы жылдары мемлекеттік органдардың жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалатын әкімшілік шығын мөлшері өскен жоқ. Естеріңізде болса, бұған дейін көлік пен жиһаз сатып алуға мораторий жарияланған болатын. Біз оңтайландыруды жалғастырамыз", – деп жауап берді министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2035481-elimizde-zanadan-qurylgan-ministrlikterge-qansa-qarazat-qazet/