Бала сүйгісі келетін қазақстандық әйелдерге МӘМС аясында қанша ақша бөлінеді
Жарияланған күні:
Читать на русскомЭКҰ бағдарламасы аясында жүкті болу қызметінің құны бір миллион теңгеден асуы мүмкін. Бірақ қазақстандық әйелдердің кейбірі бұл қызметті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында тегін ала алады. Жыл сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бұл бағдарламаға миллиардтаған қаржы құяды. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Көптеген қазақстандық отбасы бала сүюді армандайды, бірақ түрлі себеппен арманына қол жеткізе алмай жатады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) хабарлауынша, бүгінде елімізде бедеулік диагнозы бар 15 мың ерлі-зайыпты тұрады.
Олар үшін Қазақстанда 2021 жылдан бері "Аңсаған Сәби" бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарлама аясында ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) процедурасынан тегін өту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл процедура міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қаржыландырылады.
"ЭКҰ бағдарламасы терапиялық ем нәтиже бермеген бедеулігі бар науқастарға арналған. Оған репродуктивті жасы 18 бен 42 жас аралығындағы қазақстандық ерлі-зайыпты қатыса алады", – делінген ӘМСҚ хабарламасында.
Айта кетейік, ЭКҰ процедурасын жылына бір рет тегін жасауға болады. Процедура сәтсіз өткен жағдайда келесі жылы қайтадан кезекке тұруға болады.
Бұл бағдарламаның бағасы айтарлықтай жоғары. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бір адамға орта есеппен 1 млн теңгеге жуық қаржы бөлінеді: 600 мың теңге гормондардың белсенділігін арттыратын препараттарға, 200-300 мың теңгеге жуық қаражат т.б. материалдарға жұмсалады.
"Аңсаған Сәби" бағдарламасы іске қосылғалы ӘМСҚ жыл сайын 7 мың ЭКҰ процедурасына, яғни жылына шамамен 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлуде. Биылғы жылы 5 миллиард теңге қаржы бөлініп, шамамен ЭКҰ бойынша 4 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Осылайша бала сүйгісі келген көптеген отбасында 5 мың сәби дүниеге келген.
ЭКҰ қызметіне қалай жолдама алуға болады
Біріншіден, бұл процедурадан тек әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында сақтандыруы бар әйелдер өте алады. Яғни ол үшін міндетті медициналық сақтандыру бойынша жарна төлеу керек.
Әуелі бала сүюді армандайтын ерлі-зайыпты репродуктолог маманға жүгініп, одан кеңес алуы керек. Азаматтар маманға жолдаманы тұрғылықты жері бойынша емхананың гинеколог дәрігерінен ала алады.
Барлық қажетті тексеруден өткеннен кейін ЭКҰ жасау пациенттердің денсаулығына зиян келтірмесе, олар құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссияның шешімі оң болған жағдайда ерлі-зайыпты кезекке тұра алады.
Айта кетейік, бедеулік диагнозы қойылған қазақстандық әйелге ЭКҰ процедурасынан тегін өту мүмкіндігі берілмеуі де мүмкін. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының дерегінше, мұндай шешім әйелдің денсаулығына байланысты қабылдануы ықтимал.
"Бұған жатырдың туа біткен немесе жүре пайда болған аномалиялары, (әйелдің - ред.) соматикалық және психикалық бұзылулары, аналық бездерінің ісіктері, жедел қабыну және кез келген онкология түрі себеп болуы мүмкін. Мұндай факторлар кездескен жағдайда экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізілмейді", – дейді мамандар.
"Аңсаған Сәби" бағдарламасы іске қосылғалы 20 мың әйел ЭКҰ қызметін алған. Бұған шамамен 20 миллиард теңге қаражат бөлінген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2039707-bala-suigisi-keletin-qazaqstandyq-aielderge-mams-ayasynda-qansa-aqsa-bolinedi/