Қазақстандықтар қарызға белшеден батқаны рас па: сарапшылар пікірі
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстандықтардың несиелік ұйымдар алдындағы жалпы қарызы 18,5 трлн теңгеге жетті. Бірақ бұл олардың қарызға белшесінен батқанын білдірмейді. Ел тұрғындарының қанша проблемалық несиесі бар? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Қыркүйекте қазақстандықтардың жалпы алған несие сомасы 1,2 трлн теңгеге жеткен. Бірінші несиелік бюроның Data HUB Telegram арнасы сарапшыларының мәліметінше, азаматтардың несиелік ұйымдар алдындағы қарызының жалпы сомасы биылғы 1 қазанға дейін 18,5 трлн теңгеге жетті.
Кейінгі 9 ай ішінде несиелеу портфелінің өсімі 18,3 пайызға тең болған.
Айта кетейік, алынған несиенің жалпы сомасы ғана емес, кредит алушылардың да саны артып жатыр. Мәселен, 1 қазандағы жағдай бойынша, 8,5 миллионнан аса адамның жабылмаған несиесі бары анықталған. Жыл басынан бері кредит алушылардың саны 379 мың адамға көбейді.
Қазақстандықтар неге жиі несие алып жатыр
Жеке тұлғалардың несие портфелінің жартысына жуық үлесі кепілсіз тұтынушылық несиелер - оның мөлшері 8,9 трлн теңге.
Тұтынушылық кредиттен кейінгі ең көп алынған несие түрі – ипотека (шамамен 5,7 трлн теңге), одан кейін – автонесие (2,2 трлн теңге). Жеке тұлғалар несиенің 90 пайыздан астамын осы үш санат бойынша алған.
Қазақстандықтардың несие ауыртпалығы жоғары ма
Осылайша несие алушылардың саны мен жалпы алынған қарыз мөлшеріне қарамастан, Қазақстан халқы белшесінен қарызға батты деп айту әсте қате болар.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, 1 қазандағы жағдай бойынша, кепілсіз тұтынушылық несие алған азаматтардың жартысының орташа есеппен небәрі 215 мың теңге өтелмеген қарызы қалған, бұл Қазақстандағы орташа айлық жалақыдан әлдеқайда төмен.
Сондай-ақ жалпы қарыз алушылардың 90 пайызын тілге тиек етсек, кепілсіз тұтынушылық несие алғандардың орташа қарыз сомасы 686 мың теңгеге тең, қалған 10 пайызының қарыз мөлшері орташа есеппен 5,5 миллион теңге.
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, 90 күннен аса өтелмеген қарызы бар (NPL90+) жеке тұлғаларға берілген несиенің жалпы көлемі 1,96 трлн теңге болды. Бұл сомаға күші жойылған қарыз алу туралы шарттар да, қаржы нарығының барлық қатысушысы берген несиелер де кіреді.
Бұл көрсеткіш жыл басынан бері 375 млрд теңгеге немесе 23,6 пайызға өскен. Дегенмен аталған несиелік портфельдің өсіміне қарамастан, жыл басынан бері мұндай кешіктіріліп өтелетін кредит үлесі 10,2 пайыздан 10,6 пайызға дейін ғана артқан. Бір ай бұрын ол 10,7 пайыз болған еді.
Жалпы 1 қазандағы жағдай бойынша қарыз төлемін кем дегенде бір рет 90 күннен аса кешіктірген қарыз алушылардың саны 1,8 миллион адам – бұл жыл басындағы көрсеткіштен 158,5 мың адамға көп.
Негізі бұл өсім кепілсіз несиелер бойынша байқалған болатын. Ал ипотекалық несие бойынша керісінше, мерзімі кешіктірілген кредит үлесі жыл басынан бері 3,7 пайызға тең болып, 10 миллиард теңгеге азайған. Автонесиелеуде бұл көрсеткіш 6,5 пайызға жеткен.
Қазақстан мен басқа елдердегі жағдай қандай
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан халқын несиелеу жағдайына басқа елдердің тәжірибесімен салыстыра отырып баға беруге болады.
"Халықаралық валюта қорының 2022 жылғы мәліметі бойынша халық портфелінің ЖІӨ-дегі үлесі 14 пайызға тең, бұл көрсеткіш Түркиямен салыстырғанда (11 пайызға) жоғары, ал мысалы, Ресей (21 пайызға) мен Польшадан (27%) керісінше, аз", – делінген Data Hub сарапшылары келтірген деректе.
Қазақстанның несиелеу көрсеткішін Никарагуа (14 пайыз), Румыния (12 пайыз) және Мексика (17 пайыз) сынды елдердегі несиелеу көрсеткішімен салыстыруға болады. Ал экономикасы дамыған елдерде ол әлдеқайда жоғары, мысалы, Аустралияда несиелеу портфелінің ЖІӨ-дегі үлесі 112 пайыз, ал Оңтүстік Кореяда – 105 пайыз.
Несиелер мен кірістер
Сондай-ақ азаматтардың қарызы мен кірісін салыстыруға болады. Мысалы, Қазақстанда несие бойынша орташа қарыз мөлшері орташа жалақының 64 пайызына тең. Ресейде болса бұл көрсеткіш 54 пайыз. Ал Норвегия, Швейцария сынды экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш тіпті 200 пайыздан асады.
Дегенмен Қазақстан тұрғындарының басым бөлігінде ресми табыс көзі жоқ екенін ұмытпаған абзал. 2022 жылы міндетті зейнетақы жарналарын төлеген қазақстандықтардың саны 9,4 миллион, оның ішінде экономикалық белсенділігі бар тек 3 миллионға жуық азамат анықталған.
Экономиканың барлық секторы бойынша еңбекақы төлеу қорына түсетін жарналар жалпы ішкі өнімнің шамамен 31 пайызға тең болса, әлемдік тәжірибеде бұл көрсеткіш 40-45 пайыз және бұл қалыпты деп саналады.
Сондай-ақ азаматтардың табысындағы айырмашылықты да ескерген жөн – халықтың жартысының жан басына шаққандағы орташа табысы 69 мың теңгеден аспайды. Ал табыс көзі ең жоғары деп саналу үшін қазақстандық отбасының әр мүшесі айына 142 мың теңге табу қажет. Қазақстандықтардың небәрі 10 пайызы табысы ең жоғары санатқа кіреді.
"Осылайша ресми түрде ел тұрғындарының жартысы ең төменгі жалақыдан аз табыс алып, соған өмір сүруде. Бірақ іс жүзінде олар табысының бір бөлігін мемлекеттен жасырған болуы мүмкін. Экономикалық белсенді халықтың төрттен бір бөлігі не мүлдем жұмыс істемейді, я болмаса сол баяғы көлеңкелі секторда жұмыс істейді", – деп қорытындылады сарапшылар.
Олардың пікірінше, бұл жайт нақты қанша азаматтың қарыз ауыртпалығы барын есептеуге кедергі келтіреді.
Аталған мәселенің шешіміне келер болсақ, біраз бағыт бойынша шаруа тындыру керек. Мәселен, халықтың нақты ресми табысын көбейтуге болады, несиеге арнайы мөлшерлеме енгізе отырып, отандық өнімді тұтынуға ынталандыруға болады.
Сондай-ақ сарапшылардың пікірінше, қолдауға тәуелді болу идеологиясына қарсы күресіп, қазақстандықтардың несиесін кешіруге әкеп соғатын қарыз ауыртпалығын жеңілдету бағдарламаларын тоқтату керек.
Оның үстіне сарапшылар несие беруге тыйым салу сияқты күрт шешімдер қауіпті болуы мүмкін деп ойлайды, өйткені несие беру бойынша шектеулер қойылса, қарыз ұсыну бойынша "көлеңкелі нарық" пайда болуы ықтимал. Ал оны реттеу қиынға соғатыны сөзсіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2044493-qazaqstandyqtar-qaryzga-belseden-batqany-ras-pa-sarapsylar-pikiri/