Елімізде азаматтың несиесін балалары төлемеуі үшін не істеу керек
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстанда азаматтың несиесі де әдетте мүлікпен бірге мұраға қалдырылады. Бірақ балаларыңыз белшесінен қарызға батпауы үшін Қазақстанда қарыз алушыны сақтандыру мүмкіндігі қарастырылған. Аталған полис құны мен ерекшеліктері туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.
Несие алған кезде қарыз алушы келісімшарттар бойынша мойнына нақты қаржылық міндеттемелерді алады.
Бірақ несие уақытылы өтелмеген жағдайда кредит бойынша міндеттемелер балаларының мойнына артылуы мүмкін. Қазақстан азаматы несиесін өтемесе, оның балалары не туысы зейнетақы жинағы, тұрғын үй және т.б. мұраға қалдырылған мүлікті тек төленбеген несиемен бірге ала алады. Ал азамат бұл несиелерден бас тартса, мұраның қалған бөлігінен де бас тартуға мәжбүр болады.
Мұндай жағдайға тап болмау үшін қарыз алушыны сақтандыру оң шешім болуы мүмкін. Бірақ қарыз алушыны сақтандырмас бұрын қаржылық өнім (кредит) ерекшеліктерін мұқият зерделеу керек.
Қарыз алушыны қалай сақтандыруға болады
Кез келген ірі несие (ипотека, автокөлік несиесі, ірі көлемдегі қаражат) алған кезде қазақстандықтар әдетте ұзақ мерзімге келісімшартқа отырады. Келісімшарт бірнеше он жылдыққа жасалуы мүмкін.
Бұл ретте егер қарызды өтеу кезінде қарыз алушының басына іс түсіп қалса, онда қарызға батып кету қаупі бар немесе несиені өтеу бойынша міндеттемелер азаматтың балалары мен туыстарына жүктелуі ықтимал.
Ал қарыз алушыны сақтандыру, керісінше, мұндай тәуекелдердің алдын алуға бағытталған: қайғылы оқиға (денсаулығының нашарлауы немесе қарыз алушының көз жұмуы) болған жағдайда ипотека не т.б. несие бойынша негізгі қарыз сомасы сақтандыру компаниясы есебінен өтеледі.
Мысалы, 25 жылға жалпы 30 млн теңге сомалық ипотека берілді делік. Бірақ қазақстандық ипотекасының екі жылын өтегеннен кейін мүгедек болып, еңбек ету қабілетінен айырылып қалған.
Сақтандырусыз ол қарызға батып, үйінен айырылып қалуы әбден мүмкін. Ал бұған дейін қарыз алушы полис рәсімдесе, қарызының тек екі жылын өтегеннің өзінде сақтандыру компаниясы банкқа ипотеканың барлық сомасын төлеп тастайды.
Нені ескерген жөн
Несие бойынша сақтандыру кредит келісімшартында көрсетілген талаптарға байланысты ерікті немесе міндетті болуы мүмкін. Ерікті шарт жасалса, қарыз алушының өмірі сақтандырылады.
Бұл ретте қазақстандықтар полис талаптарын өз бетінше таңдап, несиені төлеу кезінде өзгерте алады. Дегенмен бұл сақтандыру қызметі қымбаттап кетуі мүмкін, ал кей жағдайда қарыз алушы тіпті барлық соманы бірден өтеуге міндеттелуі ықтимал.
Екінші шарт түріне сәйкес, әдетте сақтандыру полисі үй, автокөлік және т.б. кепілге қойылған мүлікке қатысты тәуекелдердің алдын алуы үшін жасалады. Алайда кей жағдайда бұл шарт қарыз алушының да мүддесін қорғауы мүмкін.
Алайда банк сақтандыру құнын несиенің ішіне кіргізе алады, осылайша полис бойынша барлық ірі соманы бірден емес, тең төлемдермен төлеуге мүмкіндік пайда болады.
Сондай-ақ бұл қызметтің медициналық сақтандырудан айырмашылығы, сақтандыру шарты бойынша сақтандырылған тұлғаға сақтандыру жарналары келісімшарт мерзімі аяқталған кезде қайтарылмайды.
Яғни ешқандай оқыс жағдай болмаған болса, (азаматтың мүгедекке айналуы не еңбек ету қабілетінің жоғалуы) осылайша сақтандыру қызметі мүлде көрсетілмеген болса, сақтандыруға жұмсалған ақша қайтарылмайды. Сондай-ақ қай кезде адам сақтандырылуы мүмкін екенін әрі сақтандыру ерекшеліктері қандай екенін есте ұстаған жөн: сақтандыру бойынша қандай тәуекелдерден қорғау қарастырылғанын нақты білу үшін шарт талаптарын мұқият зерделеу қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2047697-elimizde-azamattyn-nesiesin-balalary-tolemeui-usin-ne-isteuge-bolady/