Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Кәсіпкерлер елде салықты азайтып, қызметкерлер үшін төленетін жарналарды алып тастауды ұсынды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Калькулятор мен ақша
Калькулятор мен ақша. Көрнекі фото: pixabay.com

Салық кодексіне енгізу жоспарланып отырған өзгерістер бизнеске түсетін салмақты арттыруы мүмкін. Ал бұл экономикадағы көлеңкелі сектордың өсуіне әкеліп соғуы ықтимал, делінген кәсіпкерлер қол қойған резолюцияда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Салық – мемлекеттік бюджетті толтыратын негізгі кірістердің бірі. Мұндай төлемдердің ішінде қосылған құн салығы (ҚҚС) өзге салық түрінен қарағанда ерекшеленеді. Оның мөлшері – 12 пайыз.

Алайда Ұлттық экономика министрлігі бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып жатқанын хабарлады.

"ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға дейін арттыру ұсынылды. Мөлшерлеменің артуы бюджетке 2-2,4 трлн теңге мөлшерінде қосымша кіріс әкеледі. Бұл Ұлттық қордың республикалық бюджетке түсетін кепілдендірілген трансферттері көлемімен салыстыруға тұрарлық.

Қосымша табыс бізге осы трансферттердің көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша біз Ұлттық қордың жинақтау қызметін арттырамыз, бұл өте маңызды міндет. Біз Ұлттық қорды болашақ ұрпақ үшін сақтауымыз керек", – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Сондай-ақ 2024 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖЗЖ) енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.

Дегенмен "Учет" порталының ақпараты бойынша, бизнес өкілдері мұндай бастамаларға қарсылық білдірген. Олардың пікірінше, бұл көлеңкелі экономикаға қатысты жағдайды одан бетер күрделендіруі мүмкін.

Мемлекеттік бюджет пен экономикаға тәуекелдер

"Атамекен" АЭС кезекті ХІ съезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына резолюция жолданды. Резолюцияда бизнес өкілдері салық заңнамасына жоспарланған өзгерістерге қатысты алаңдаушылығын білдірді.

"ҚҚС жоғарыласа, көптеген кәсіпкер көлеңкелі бизнес схемаларына көшуге мәжбүр болуы мүмкін деген пікірдеміз.

Сондай-ақ бұл бағаның көтерілуіне және инвестициялық жобаларға қаражат құйылуының тоқтатуына әкелуі мүмкін.

Оған қоса ҚҚС мөлшерлемесі көтерілсе, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны кемінде бестен бір бөлігіне төмендейді (2024 жылы ЖІӨ өсімі 5,3 пайыз деп хабарланған, яғни 1 пайызға төмендейді – ред.)", – деді Алматы облысы кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Максим Барышев.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, Қазақстандағы жұмыс берушілер салық төлеуге жалақы қорының 34,5 пайызға дейін қаржысын жұмсайды. Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) енгізілсе, еңбекақы қорына түсетін жүктеме 39,5 пайызға жетуі мүмкін.

Кәсіпкерлер ұсынысы

Салық кодексіне енгізу жоспарланып отырған өзгерістерге байланысты тәуекелдерді ескере отырып, кәсіпкерлер мынадай шешімдерді ұсынды:

  • еңбекақы қорынан қажетсіз жүктемені алып тастап, ЖМЗЖ-ны жою және дивидендтерге салынатын салықты жою;
  • бизнестің барлық түрі үшін 20 пайыздық мөлшерлеме бойынша Еңбекақы қорынан төлемдерді қолжетімді ету;
  • Қазақстанның өңдеу кәсіпорындарына бөлшек сауда салығына қатысты арнайы салық режимін (АСР) қолдануға рұқсат ету;
  • ҚҚС-тың 16 пайызға дейін өсуіне жол бермеу, керісінше, оны 10 пайызға дейін төмендету;
  • салықтық әкімшілендіру және салық салу саласында бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық нормативтік акт алынып, барлық реттеу жұмыстарын жаңадан жүргізу.

Олардың пікірінше, бұл бизнеске түсетін салмақты азайтып, еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға көмектесуі керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2050182-kasipkerler-elde-salyqty-azaityp-qyzmetkerler-usin-tolenetin-zarnalardy-alyp-tastaudy-usyndy/