Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңа жылда қазақстандықтарға қандай әрекеттер үшін айыппұл салынуы мүмкін

Жарияланған күні:

Читать на русском
Көңілсіз отырған аяз ата
Көңілсіз отырған аяз ата. Көрнекі фото: Getty Images / stock photo

Жаңа жыл мерекесін қарсы алғанда шу көтерілгені және тағы басқа әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын есте сақтаған абзал. Заңбұзушылық анықталған жағдайда қазақстандықтарға айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ресми түрде Жаңа жыл мерекесі 30 желтоқсаннан 2 қаңтарға дейін созылады. Дегенмен кейде қазақстандықтар мерекеге дейін немесе мерей өткеннен кейін қонақ шақырып, мерекелік шаралар ұйымдастыруы мүмкін.

Бұл жағдайда олар белгілі бір ережелерді сақтамаса, қомақты айыппұлдарға ұрынуы ықтимал.

Қандай жағдайда мерекені үйде тойлаған кезде айыппұл салынуы мүмкін

Көппәтерлі тұрғын үйлердегі негізгі ережелердің бірі – тыныштықты сақтау. Бұл мереке күндеріне де қатысты.

Мәселен, жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін шу шығармау керек: яғни той-томалақ ұйымдастырып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге болмайды, музыканы қатты қоюға тыйым салынған. Ал демалыс және мереке күндері тыныштықты түнгі 23:00-ден таңғы 10-ға дейін сақтау қажет.

Бұл ереже бұзылған жағдайда ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес, 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады – (2023 жылы бұл – 17 250 теңге), ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап айыппұл мөлшері 18 460 теңгеге артады. Заңбұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге өседі (34 500 теңгеге және 36 920 теңгеге).

Ал мекемесі тұрғын үйде орналасқан кәсіпкерлерге белгіленген шу деңгейінен асып кеткені үшін 20-дан 100 АЕК-ке дейін (2023 жылы бұл – 69 мың теңгеден 369 мың теңге аралығы) айыппұл салынады.

Отшашуға да қатысты жаза қарастырылған

Пиротехникалық өнімдер қауіпті, оларды мұқият пайдалану қажет. Пиротехникалық өнімдерді пайдалану бойынша мынадай ережелер бар:

  • Отшашу жасау орнының айналасында кемінде 50 метр радиуста ағаштар, кез келген ғимарат, электр желісі өртену қаупі бар нысандар, тұрақтар, автокөліктер және тағы басқасы болмауға тиіс;
  • пиротехникаға арналған нұсқаулықтарды мұқият зерделеу керек, өйткені оның ішінде пиротехниканы ату үшін қауіпсіз қашықтық туралы ақпарат жазылған (қауіп деңгейіне байланысты қауіпті аймақ радиусы 0,5-тен 30 метрге дейін болуы мүмкін);
  • отшашу кезінде көрермен пиротехниканы ату алаңынан кемінде 35-50 метр қашықта тұрып, жел өтінде болмауы керек.

Бұл талаптар бұзылған жағдайда ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша 20-дан 30 АЕК-ке дейін (2023 жылы бұл – 103 500 теңгеге дейін, 2024 жылы – 110 760 теңгеге жетеді) айыппұл салынуы ықтимал.

Ал мереке кезінде артық шығынға батпау үшін шу деңгейі туралы ұмытпай, қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2050749-zana-zylda-qazaqstandyqtarga-qandai-areketter-usin-aiyppul-salynuy-mumkin/