Елімізде 2024 жылға МӘМС бойынша төлем жасап, ақшаны қалай үнемдеуге болады
Жарияланған күні:
Читать на русскомЕгер қазақстандықтар биыл алдағы 12 айға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасына төлем жасаса, ақшасын үнемдей алады. Себебі 2023 жылы төлемдер бұрынғы көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Дербес төлеушілер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне аударылатын жарна мөлшері ең төменгі жалақыға байланысты өзгереді. Яғни МӘМС жарнасы ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызына тең. 2024 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін өсетіндіктен, МӘМС-ке төленетін жарна мөлшері де артады.
Осы орайда қазақстандықтар МӘМС төлеген кезде артық шығындалмай, ақшасын үнемдеуге мүмкіндігі бар. Медициналық сақтандыру қоры (МСҚ) ақпараты бойынша, қазақстандықтар осы жылдың соңына дейін 2024 жылға арналған медициналық сақтандыру жарнасына бұрынғы тарифтер бойынша төлем жасай алады.
Екінші деңгейлі банктер 2023 жылдың соңына дейін дербес төлеушілерден айына 3500 теңге немесе жылына 42 000 теңге көлемінде медициналық сақтандыру жарнасын қабылдайды. Алайда 2024 жылы 1 қаңтардан бастап бұл сома айына 4250 теңгеге дейін, я болмаса жылына 51 000 теңгеге дейін өседі.
"Сақтандырылған тұлға мәртебесін алу үшін сіз өткен 12 ай қатарынан төлем жасаған болуыңыз керек немесе алдағы 12 ай үшін төлемдер жасауыңыз қажет. Егер азамат алдағы жылға МӘМС жарнасын төлесе, онда оған келесі жылға "сақтандырылған тұлға" мәртебесі беріледі. Яғни қазір алдағы жылы сақтандырылуы үшін азамат 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары үшін тиісті жарналарды төлеуі керек", – деді МСҚ баспасөз қызметі өкілдері.
Осылайша, кез келген қазақстандық биыл желтоқсанда міндетті медициналық сақтандыру төлемін жасаған жағдайда 9 000 теңге үнемдей алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2051882-elimizde-2024-zylga-mams-boiynsa-tolem-zasap-aqsany-qalai-unemdeuge-bolady/