Қазақстандықтарға көлігі лас болғаны үшін айыппұл салынуы мүмкін бе
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖол қозғалысы ережелері бойынша көлік тек техникалық емес, сыртқы келбет стандарттарына да сай болуы керек. Мысалы, көлік нөмірі мен шанағы лас болғаны үшін жүргізушіге айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелеріне сәйкес техникалық талаптарды қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сақтау керек.
Мәселен, қыста жазғы дөңгелекпен жүру қауіпті болған соң, оны жол қозғалысы ережелері бойынша қысқы дөңгелекке ауыстыру керек. Қыс мезгілінде жол көктайғақ болғандықтан, жазғы дөңгелекті ауыстырмау салдарынан жазатайым оқиғалар болуы ықтимал, сол себепті желтоқсанның 1-і мен наурыздың 1-і аралығында көлік жүргізушілеріне қысқы дөңгелекке ауыспағаны үшін айыппұл салынады.
Осы орайда жол қозғалысы ережелерінде көлік құралының тазалығы мен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі (МТНБ) көрінуіне де қатысты нақты талаптар қарастырылған.
Сандар көрінетін болуы керек
Ұлттық стандарт бойынша көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі анық көрініп тұруы қажет.
Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, МТНБ көлік нөмірі қандай да бір қағазбен, я болмаса т.б. нәрсемен әдейі жабу не жол қозғалысы камераларынан жасырыну мақсатында нөмірге арнайы бояу жағу заң бұзушылық болып саналады.
Сондай-ақ МТНБ шаң басып, лас болса, тіпті жай қармен жабылса көлік жүргізушісі айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 590-бабы 1-тармағы бойынша, аталған заң бұзушылық анықталған жағдайда 5 АЕК көлемінде айыппұл салу жазасы қарастырылған. Айыппұл жыл соңына дейін салынса, көлік жүргізуші 17 250 теңге төлеуге тиіс болады. Ал 2024 жылы бұл сома – 18 460 теңгеге дейін артады.
Айыппұл салынған күннен бастап 12 ай ішінде заң бұзушылық қайталанса, аталған сома 20 АЕК-ке дейін өседі. Яғни биыл бұл сома 69 000 теңгеге тең, ал 2024 жылы 73 840 теңгеге дейін өседі.
Көлік тазалығына байланысты басқа да талаптар
Сондай-ақ көлік шанағы да кір болған жағдайда жол қозғалысы қатысушысына айыппұл салынатынын айта кетейік.
Мәселен, "Жол қозғалысы қауіпсіздігі жағдайларының техникалық жай-күйіне қойылатын талаптардың" 4.1.5 тармағына сәйкес, нормадан тыс ластанған көлік құралдарын мынадай жағдайда басқаруға тыйым салынған:
- жүргізуші мен жолаушылар орындарынан жол көрінбесе;
- сыртқы айналарда көліктің артқы жағы анық көрінбесе;
- сыртқы жарық құрылғылары тиімсіз болса;
- шаң-тозаң, кір салдарынан көлік құралының тіркеу куәлігінде көрсетілген МТНБ мен оның түсі анық көрінбей, сәйкестендіруге кедергі келтірсе.
Яғни бұл талаптар терезелер мен айналардан жол мен көліктің артқы жағы анық көрінуін, сондай-ақ көліктің түсі мен жарық сигналдары (бұрылыс туралы мәлімдейтін жарық, габарит) танылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған талаптар орындалмаса, бұл заң бұзушылық болып саналады және оқылмайтын МТНБ үшін қарастырылған жазамен тең: аталған әрекет алғаш рет жасалғаны үшін 5 АЕК (2023 жылы – 17 250 теңге, 2024 жылы – 18 460 теңге) көлемінде, ал заң бұзушылық қайталанса, 20 АЕК (биыл – 69 000 теңге, келер жылы – 73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Сондықтан автокөлік иелері қыста оның шанағы мен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін жуып, көлігін тазалықта ұстап отырғаны абзал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2052596-qazaqstandyqtarga-koligi-las-bolgany-usin-aiyppul-salynuy-mumkin-be/