Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 2024 жылы зейнетақы төлемдері қалай есептеледі

Жарияланған күні:

Читать на русском
Зейнетақы
Көзілдірік, теңге мен калькулятор. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда зейнетақы жүйесі реформадан өтіп жатыр. Бұл кезеңде ынтымақты мен жинақтаушы сияқты зейнетақы төлемдері сақталады. Биыл олардың мөлшері артты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

2024 жылы Қазақстанда зейнетақы түрлеріне қандай өзгерістер енгізіледі

Былтыр елімізде қабылданған Әлеуметтік кодекстің 15-тарауында зейнетақы төлемдері туралы жазылған. 1998 жылдан бастап бұл жүйені реформадан өткізу жұмыстары басталғаннан бері Қазақстанда үш түрлі зейнетақы төлемі қолданыста:

Мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы. Міндетті зейнетақы мемлекеттік бюджет есебінен (ынтымақты зейнетақы) және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жасалатын төлемдерден тұрады. Ал үшінші деңгейі ерікті жинақтаушы қорға төленетін жарналардан әрі төлемдерден тұрады.

"2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жалпы мөлшері 9 пайызға артуы мүмкін (10-бап).

Базалық зейнетақы

Базалық зейнетақы деген не? Бұл заң бойынша зейнеткерлік жасқа жеткен барлық ел азаматына мемлекет есебінен өмір бойы берілетін төлемдер. Ол ынтымақты және жинақтаушы зейнетақымен бірге есептеліп, беріледі.

Әлеуметтік кодекс бойынша 2018 жылғы 1 шілдеге дейін жасына байланысты және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалғандарға мемлекеттік базалық зейнетақы алушы мәртебесі берілді. 2024 жылға арналған республикалық бюджетте базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 28 215 теңгеге (2023 жылы – 24 341 теңге) тең. Қазақстанда 2 миллионнан астам адам базалық зейнетақы алушы ретінде тіркелген.

Міндетті зейнетақы

Екінші (міндетті) зейнетақы төлемдеріне ынтымақты зейнетақы, сондай-ақ Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорына төленген жарналар есебінен төленетін жинақ қаражаты кіреді.

Ынтымақты зейнетақы алу құқығына зейнетақы реформасы басталғанға дейін (1998 жылдың басында) кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар ие болған. Ынтымақты зейнетақы мөлшеріне адамның бүкіл еңбек өтілі, сондай-ақ зейнеткерлікке шыққанға дейінгі орташа айлық табысы әсер етеді.

2024 жылы Қазақстанда ең төменгі зейнетақы мөлшері республикалық бюджетке сәйкес, 57 853 теңгеге (былтыр – 53 076 теңге) тең.

БЖЗҚ төлемдері қызметкердің жеке зейнетақы шотындағы жиналған қаражат есебінен жүзеге асырылады. Бұл жинақ 1998 жылдан бастап қызметкердің табысынан ұсталатын міндетті жарналар есебінен жиналды.

Ерікті түрде жиналған жарна есебінен төленетін зейнетақы

Зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін қызметкерлер еңбек өтіліне байланысты зейнетақы мөлшерін ұлғайту үшін қосымша қаржы көзін қарастыра алады. Ол үшін БЖЗҚ-ға немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына ерікті жарналардың көмегімен қаражат жинауға мүмкіндік бар. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларымен жасалған келісім негізінде төлемдердің мөлшері мен төлем жасау мерзімі анықталады.

Зейнетақылардың әр түрін есептегенде нені ескеру керек

Базалық және ынтымақты зейнетақы әр түрлі факторды ескере отырып есептеледі. Базалық зейнетақыны есептеу кезінде еңбек өтілі ескеріледі, өз кезегінде ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты ерекшеленеді. Ал міндетті ынтымақты зейнетақы мөлшерін анықтау кезінде адамның еңбек өтілі, орташа айлық табысы және биылғы АЕК көрсеткіші ескеріледі.

Базалық зейнетақыны есептеу

Базалық зейнетақыны есептеу кезінде азаматтың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі, ал 1998 жылдан кейін БЖЗҚ-ға қанша уақыт бойы зейнетақы жарналары төленгені есепке алынады. Сондай-ақ балаға немесе мүгедектігі бар адамға күтім жасау сияқты т.б. әлеуметтік маңызы бар кезеңдер ескеріледі.

Ал 2024 жылы зейнетақы төлемдері қалай есептеледі? Әлеуметтік кодекстің 206-бабына сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемдері зейнетақы жүйесіне 10 жыл және одан аз уақыт бойы қатысқан немесе мүлдем қатыспаған жағдайда тағайындалады. Оның мөлшері биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65 пайзына (43 407 теңге) тең. 2024 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, ол да биыл республикалық бюджетте белгіленген.

Азамат зейнетақы жүйесіне 10 жылдан астам уақыт бойы қатысқан жағдайда әрбір толық қатысқан жылы үшін базалық төлем мөлшерін 2 пайызға ұлғайту қарастырылған, бірақ ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105 пайызынан аспауға тиіс:

  • Осылайша 15 жылдық еңбек өтілі бар азаматқа төленетін базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 75 пайызына (32 555 теңге) тең;
  • 20 жылдық еңбек өтілі бар азаматқа төленетін базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 85 пайызына (36 896 теңге) тең.
  • Зейнетақы жүйесіне 30 жыл бойы қатысып жүргендерге 2024 жылғы заңға сәйкес, Әлеуметтік кодексте белгіленген шегіне жетеді (105 пайыз), ол ақшалай есептегенде — 45 577 теңге.
  • Ал кейінгі жылдары Әлеуметтік кодекске сай, базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең қылуды, ал шекті көрсеткішін 120 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Ынтымақты зейнетақыны қалай есептейді

Ынтымақты зейнетақыны есептеген кезде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жиналған еңбек өтілі, қызметкердің орташа айлық табысы, сондай-ақ АЕК (2024 жылы – 3692 теңге) ескеріледі. Қызметкерде тиісті еңбек өтілі болған жағдайда зейнетақы орташа айлық табыстың 60 пайызына тең болады: ерлер үшін – 25 жыл, әйелдер үшін – 20 жыл. Ынтымақты зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне байланысты ерекшеленеді.

Әлеуметтік кодекстің 211-бабы бойынша, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап кез келген 3 жыл қатарынан еңбек еткен уақыт аралығындағы орташа табыс көрсеткіші есепке алынуы мүмкін. Бұл ретте жалпы табыс сомасы 36-ға бөлінеді. Орташа айлық табыс мөлшерінің жоғарғы шегі 55 АЕК (2024 жылы – 203 060 теңге) шегінде, ал зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері орташа айлық табыстың 75 пайызынан аспауы керек.

Қазақстанда 2024 жылы зейнетақыны қалай есептеу керек? Кез келген адам ынтымақты зейнетақы мөлшерін мынадай алгоритм арқылы есептей алады:

  1. Әуелі еңбек өтіліңіз талапқа сай болмаса, еңбек өтілі коэффициентін (ЕӨК) есептеп, теңін тауып алыңыз. Ол үшін ерлер жұмыс істеген айларын 300-ге, әйелдер 240-қа бөлуі керек.
  2. Одан соң жалақы пайызының (ЖП) мөлшерін табу керек. Егер адамның еңбек өтілі талапқа сай болса, онда жалақы пайызының мөлшерін 60 пайыз деп алған жөн. Ал еңбек өтілі белгіленген талаптан жоғары болса, әрбір қосымша жұмыс істеген жыл үшін 1 пайыз қосу қажет, бірақ жалақы пайызының мөлшері 75 пайыздан аспауға тиіс.
  3. Содан кейін мына формула бойынша орташа айлық табыс коэффициенті (ОАТК) есептеледі: ОАТК=(АТК×ЖП)÷100.
  4. Енді зейнетақы мөлшерін есептеу керек. Ол үшін мына формуланы қолдану керек: ЕӨК×ОАТК.

Сондай-ақ БЖЗҚ-ның қызметтік зейнетақы калькуляторы оны өз бетіңізше есептеуге көмектеседі. Ол үшін алдымен толтыруға берілген формадағы бос орындарға тиісті ақпаратты енгізу керек.

Қазақстанда әлі күнге дейін зейнетақы реформасы жалғасып жатыр. Реформа бойынша жыл сайын бюджетте зейнетақы төлемдерінің өсуіне әсер ететін базалық көрсеткіштерді арттыру көзделген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2054336-qazaqstanda-2024-zyly-zeinetaqy-tolemderi-qalai-esepteledi/