Ұлттық қор кірістілігінің теріс мәніне қатысты ақпараттан кейін Қаржымин мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Қаржы министрлігі Ұлттық қордың кірістілігінің теріс мәніне қатысты ақпаратты жоққа шығарды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың түсімдері 6,4 трлн теңгеге тең болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қаржымин мәлімдемесі ведомствоның ресми Telegram-арнасында жарияланды.
"БАҚ-та Ұлттық қордың кірістілігінің теріс мәніне қатысты ақпарат жарияланды. Осыған байланысты, Қаржы министрлігі төмендегіні хабарлайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың түсімдері 6,4 трлн теңгені құрады, оның ішінде мұнай секторының түсімдері - 4,6 трлн теңге және инвестициялық кіріс - 1,8 трлн теңге", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ 2023 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 4,1 трлн теңге бағытталғаны айтылды.
Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың таза түсімдері 2,3 трлн теңге болған. Нәтижесінде 2023 жылы Ұлттық қордың активтері 26,8 трлн теңгеден 29,1 трлн теңгеге дейін өскен.
"Сонымен қатар бірқатар БАҚ-та 1,3 трлн теңге "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ акцияларын сатып алуға жұмсалғаны жазылды. Бұл қате тұжырым, себебі Ұлттық қордың 1,3 трлн теңге мөлшеріндегі қаражаты жұмсалған жоқ, ҚМГ акцияларына инвестицияланды. Яғни, мұны Ұлттық қордан қаражат алу деп қарастыруға болмайды.
Ұлттық қор қаражатын ҚМГ акцияларына, басқа да қаржы құралдарына орналастыру 2030 жылға дейінгі ҚР Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасына және Ұлттық қор активтерін орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкес жүргізіледі", - делінген мәлімдемеде.
Нәтижесiнде Ұлттық қордың портфелiнде елдiң iрi мұнай-газ компаниясы болып табылатын ҚМГ акциялары пайда болды, олардың акциялары Қазақстан эмитенттерiнiң құнының өсуi тұрғысынан да, дивидендтiк төлемдердiң едәуiр көлемi тұрғысынан да тұрақты кiрiстiлiктi көрсететiн неғұрлым өтiмдi бағалы қағаздарының бiрiне айналды.
Еске салайық, сарапшылар Қаржы министрлігі есепте "ҚазМұнайГаз"АҚ компанияларының акцияларын сатып алу үшін 2023 жылдың кейінгі үш айында алынған 1,3 трлн теңгеге қосымша шығыстарды көрсетпегенін хабарлаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2054477-ulttyq-qor-kiristiliginin-teris-manine-qatysty-aqparattan-keiin-qarzymin-malimdeme-zasady/