Қазақстанда пойыз билетінің құнын қалай толық қайтаруға болады
Жарияланған күні:
Читать на русскомПойызбен сапар белгілі бір себеппен тоқтатылған жағдайда азаматтар билетті сатып алған орынға қайтара алады. Кей жағдайларда тіпті 100 пайыз жол құны өтеледі. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Кейде пойызға билет алып қойған жағдайда рейс тоқтатылуы мүмкін. Бұл жағдайда қазақстандықтар 100 пайызға дейінгі жол жүру ақысын қайтара алады. Әсіресе бұл мүмкіндік теміржол көлігі қызметтерінің бағасы өскендіктен өзекті.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ақпараты бойынша, жолаушы пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағаттан кешіктірмей билеттің толық құнын қайтара алады.
Ал билетті 24 сағаттан аз уақыт ішінде әрі пойыз жөнелтілгенге дейін алты сағаттан кешіктірмей қайтарып үлгерген жағдайда билет бағасы мен плацкарттың 50 пайыз құнын қайтаруға мүмкіндік бар.
Егер пойыз жөнелтілгенге дейін билетті алты сағаттан аз уақыт ішінде және пойыз жөнелтілгеннен кейін бір сағаттан кешіктірмей қайтару қажет болса, онда тек билет құны қайтарылады. Бұл ретте плацкарттың толық құны ұсталады, бірақ жол жүру ақысының 30 пайызынан аспауға тиіс.
Пойыз жөнелтілгеннен кейін бір сағаттан асып кетсе ақшаны қайтаруға болмайды.
Сондай-ақ қала маңында қатынайтын пойызбен жүруден бас тартқан кезде ақшаны қайтаруға болады. Билетті пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағат ішінде қайтарған жағдайда жолаушыға толық жолақы өтеледі, ал 24 сағаттан аз уақыт ішінде, бірақ пойыз жөнелтілгеннен кейін бір сағаттан кешіктірілмеген жағдайда жол жүру құнының 70 пайызы қайтарылады.
Бұл ретте пойыз жөнелтілген соң бір сағаттан кейін ақшаны қайтаруға болмайды.
Айта кетейік, билеттерді тек нақты сатып алған жерге қайтаруға болады:
Электрондық билет сатып алсаңыз, онда пойыз бастапқы станциясынан жөнелтілгенге дейін бір сағаттан кешіктірмей қайтару қажет. Электрондық түрде алынған билетті пойыз билетін сату сайтында клиенттің жеке кабинетінде қайтаруға болады. Ал егер билет кассада сатып алынса, онда билетті тек сол жерде қайтару керек. Жолаушы өзімен бірге жол жүру құжатын, жеке куәлін ала келуге тиіс.
Сонымен қатар комитет мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтар пойыз билеті мен жол жүру ақысын қайтаруға +7 (707) 270-36-64 телефон нөмірі бойынша WhatsApp мессенджері арқылы өтініш бере алады. Бұл келіп түсетін өтініштерді қабылдап, жедел өңдеуге көмектеседі.
Егер ақшаңыз қайтарылмаса, аталған нөмір арқылы жол жүру ақысын қайтару статусы туралы ақпаратты да білуге болады. Ол үшін кассаға қоңырау шалған кезде жол жүру құжатының нөмірін көрсету керек немесе билеттің фотосуреті мен ақшаны қайтару түбіртегін жіберу қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2055473-qazaqstanda-poiyz-biletinin-qunyn-qalai-tolyq-qaitaruga-bolady/