Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда былтыр қолма-қол ақшасыз төлемдер саны күрт өскен

Жарияланған күні:

Телефон арқылы төлем жасап тұрған адам
Смартфон арқылы төлем жасап тұрған адам. Көрнекі фото: pexels.com

2023 жылы 11 айдың ішінде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер көрсеткіші күрт артып, 128 триллион теңгеге жетті. Былтыр ел тұрғындары көбіне қандай төлем әдісін қолданды? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

2023 жылы 3 тоқсанның қорытындысы бойынша елімізде банктік карталар арқылы төлемдер қабылданатын сауда нүктелерінің саны 909 мыңнан асты, ал онлайн төлем қабылдайтын кәсіпкерлер саны бір жылда бір жарым есеге өсті.

Алайда қолма-қол ақшасыз төлем көрсеткішінің өсіміне қазақстандықтардың өздері әсер етті.

Ranking.kz ақпараты бойынша, 2023 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 128 трлн теңгеге жетті – бұл 2022 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 44,3 пайызға артық, ал былтырғы 11 ай бойғы көрсеткіштерден 24,5 пайызға жоғары.

Жалпы айналымда төлем картасы арқылы жасалатын қолма-қол ақшасыз төлем үлесі бір жылда 81,8 пайыздан 86,1 пайызға дейін өскен.

Онлайн аударымдар транзакциясы
Онлайн аударымдар транзакциясы. Инфографика: ranking.kz

Айта кетейік, ел тұрғындары көбіне банктік картамен емес, мобильді аударымдар арқылы төлем жасағанды жөн көреді. Осылайша қолма-қол ақшасыз төлем әдістерінің ішінде мобильді аударымдар транзакциясының үлесі 83 пайызға жеткен (шамамен 106,2 трлн теңге).

Мобильді аударымдардан кейін екінші орында POS-терминалдар. Биылғы мен былтырғы көрсеткіштерді салыстырсақ, биыл оның үлесі — 14,2 трлн теңге, бұл былтырғы көрсеткіштерге қарағанда 10,9 пайызға аз. QR арқылы қазақстандықтар 7,4 трлн теңгеге төлем жасаған, ал 87,9 млрд теңге басқа құрылғылардан келіп түскен.

Қолма-қол ақшасыз төлемдер түрі
Қолма-қол ақшасыз төлемдер түрі. Инфографика: ranking.kz

Өңірлер бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша үлесінің жартысы Алматыға тиесілі — 64,1 трлн теңге. Астанада бұл көрсеткіш 13,4 трлн теңгеге, Шымкентте — 8,1 трлн теңгеге тең. Қалған өңірлер бойынша жалпы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үштен бірін ғана құраған. Соның ішінде Қарағанды (4,4 трлн теңге), Атырау (3,7 трлн теңге), Алматы (3,7 трлн теңге) облыстарында ең көп қолма-қол ақшасыз төлемдер жасалғаны тіркелді.

Өңірлердегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемі
Өңірлердегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемі. Инфографика: ranking.kz

2023 жылы қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі айтарлықтай дамыған. Алайда биыл жалпы декларация туралы заң жеке кәсіпкерлерге әсер еткендіктен, енді қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсу қарқыны баяулауы мүмкін. Себебі кейбір жеке кәсіпкерлер қолма-қол ақша талап ете бастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2055887-qazaqstanda-qolma-qol-aqsasyz-tolemder-sany-artty-ma/