Ұлттық банк жаңа 5 мыңдық купюраға қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
2023 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстанның Ұлттық банкі 5 000 теңгелік жаңа банкнотаны айналымға шығарды. Сарапшылар шынайы ақшаны жалған банкнотадан қалай ажырату керегін айтты, деп хабарлайды Қазақстан Ұлттық банкі ресми сайтында.
Қазақстан Ұлттық банкі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, 2023 жылы 25 желтоқсанда жаңа дизайнда шыққан номиналы 5 000 теңгелік банкноталар айналымға шыққан еді.
"Бұл - "Сақ стилі" жаңа сериясының алғашқы банкнотасы. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін "Сақ стилі" элементтеріне негізделген", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ Ұлттық банк дерегінше, шынайы банкноталарды жалған ақшадан өз бетінше ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелер бар.
Ақша белгісінің қорғаныш элементтері туралы
Банкнотада рельефті қалыптастыратын – алтын интаглио арнайы баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.
Сондай-ақ банкнотаның бет жағындағы шеттерінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтер бар. Ол белгілер көру қабілеті нашар адамдарға арналған, бұл белгілерді қолмен ұстағанда жақсы сезіледі.
Банкнота бетінде үзік-үзік түрінде шығып тұрған екі түсті қорғаныш жібі де бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіп ретінде анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде қызыл және көк түстердің өзара әрекеттесуінен динамикалық пульсация әсері пайда болады.
Сонымен қатар банкнотаның бет жағында үлкен көлемде "Бүркіт" бейнеленген. Ол патч қорғаныш элементі. Банкнотты аударған кезде номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу әсері әрі күн белгісі сәулелерінің жан-жаққа шашыраған динамикалық әсері байқалады.
Банкнотадағы жеке көркем элементтер алтын түстес жылтырағы бар арнайы – иридисцентті бояу қолданып басылған.
Ал локалдық су белгісі қорғаныш элементі – электротиптен тұрады. Жарық түскенде ақша номиналының бейнесінен тұратын электротип белгісі анық көрінеді.
Банкнотаның екінші бетінде Спарк элементіне жататын "Бүркіт" артефактының көлемді бейнесі орналасқан. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде Спарк түсі алтыннан нефрит түсіне өзгереді.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, мұндай тексеру тәсілдері бірнеше секунд уақытты алады әрі кез келген адамға банкнотаның жасанды не шынайы екенін анықтауға көмектеседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2058012-ulttyq-bank-zana-5-myndyq-kupyuraga-qatysty-malimdeme-zasady/