Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан тағы да әлемдегі ең жемқор елдердің рейтингіне кірді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Ақша ұстап тұрған әйел
Ақша ұстап тұрған әйел. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстан 100 балдың ішінде 39 балл жинап, рейтинг бойынша 180 мемлекеттің ішінен 92-орынға ие болып, қайтадан жемқорлық көрсеткіші ең жоғары елдердің тізіміне кірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Transparency International сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Transparency International сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы ресми сайтында 2023 жылғы жағдай бойынша сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің (ЖҚИ) көрсеткішін жариялады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 100 балдың ішінде 39 балл жинап, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары елдер қатарына кірді. Осылайша еліміз жемқорлық деңгейі бойынша 180 елдің ішінде 92-орында тұр.

Ұйым мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның позициясы өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 3 орынға төмендеген. Бұған активтердің қайтарылуына, жоғары лауазымды тұлғалар мен олардың туыстарының жауапқа тартылуына, мемлекеттік органдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларды дамытуына ықпал еткен "Қантар" оқиғасынан кейінгі азаматтық қоғамның белсенділігі себеп болған.

Дегенмен Transparency International дерегі бойынша, елімізде әлі күнге дейін үкіметтің іс-әрекеті ашық емес, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен әділдігі төмен деңгейде, сондай-ақ саяси элита өкілдері жеке экономикалық мүддесі үшін ішкі экономика саласына өз ықпалын тигізеді.

"Ең алдымен, ЖҚИ берген бағасы – бүкіл елге қатысты, демек, ол қоғамға да баға берген, ал мемлекеттік аппарат оның бір бөлігі ғана.

Былтыр біз мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар прогресс байқадық, әрине, бұл өзгерістер қазақстандықтардың ең өзекті өтініштеріне деген реакциясы еді. Азаматтық қоғам оянып жатыр", - дейді Transparency International-Kazakhstan ұйымының төрағасы Айдар Егеубаев.

Ұйым мәліметіне сүйенсек, егер қандай да бір мемлекет 50-ден төмен балл жинаса, ол елде жемқорлық деңгейі жоғары деген сөз. Осылайша 100 балдың ішінен 35 орташа балл жинаған Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймақтары сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша әлемде екінші орында тұр. Тек Грузия 53 балл жинап, бәрінен озып шықты.

Ұйым өкілдерінің берген бағасына сәйкес, Қазақстан 39 ұпай жинап, ел тарихындағы ең жоғары нәтижеге жеткен. Армения, Молдова, Косово, Украина және Өзбекстан сынды елдер де кейінгі 10 жылда өз позициясын айтарлықтай жоғарылатқан.

Аймақ бойынша ең төменгі индекс көрсеткіші Әзербайжан, Тәжікстан және Түрікменстанда.

Еске салайық, былтыр қыркүйекте америкалық US News ақпараттық журналы жемқорлық деңгейі ең жоғары елдердің рейтингін жариялаған болатын. Сол кезде Қазақстан жемқорлықтан ең көп зардап шеккен он елдің қатарына кірген. Алайда кейін Антикор бұл ақпаратқа байланысты дереу пікір білдірген еді.

Ол уақытта ведомство жарияланған сауалнама сыбайлас жемқорлық жағдайы бойынша ресми рейтинг ретінде ұсынылмағанын мәлімдеген. Ведомство баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, аталған рейтинг мемлекеттердегі сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесіне негізделмеген әрі мүлдем ондай мақсатты көздемеген.

Ал өткен күзде сыбайлас жемқорлық дерегі жайлы хабарлағаны үшін сыйақы берудің жаңа ережелері бекітілгені хабарланған еді.

Осылайша 1000 АЕК-тен төмен (2023 жылы бұл көрсеткіш – 3,45 млн теңге) сыбайлас жемқорлық дерегі жайлы хабарлаған қазақстандықтарға мынадай сыйақы беріледі:

  • Әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін – 30 АЕК немесе 110 760 теңге;
  • болмашы ауырлықтағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша қылмыстық істер жайлы хабарланғаны үшін – 40 АЕК немесе 147 680 теңге;
  • орташа ауырлықтағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша қылмыстық істер жайлы хабарланғаны үшін – 50 АЕК немесе 184 600 теңге;
  • ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша қылмыстық істер жайлы хабарланғаны үшін – 70 АЕК немесе 258 440 теңге;
  • аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша қылмыстық істер жайлы хабарланғаны үшін – 100 АЕК немесе 369 200 теңге.

Ал егер пара мөлшері 1000 АЕК-тен жоғары болса, онда параның немесе жемқорлық салдарынан келтірілген залалдың 10 пайыз көлемінде сыйақы беріледі. Бірақ ең жоғары сыйақы 4000 АЕК немесе 13,8 миллион теңгеден аспауы керек.

Сондай-ақ күзде елімізде қазақстандықтар сыбайлас жемқорлық деректері жайлы хабарлауға мүмкіндік беретін арнайы бот іске қосылған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2058253-180-eldin-isinde-92-oryn-qazaqstan-tagy-da-alemdegi-en-zemqor-elderdin-reitingine-kirdi/