Қазақстанда зейнетақы жинағын алу тәртібі жеңілдеуі мүмкін
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын алу ережелеріне өзгеріс енгізу жоспарланып жатыр. Енгізілетін өзгерістер ақшаны пайдалану мүмкіндіктерін арттырады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
2021 жылдан бастап қазақстандықтарда зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге я тұрмыс жағдайын жақсартуға жұмсау мүмкіндігі туды.
Бірақ 2024 жылы жеткіліктілік шектерінің жоғарылауына байланысты бұл мүмкіндікті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) небәрі 200 мыңға жуық салымшысы пайдалана алады. Оның үстіне, көптеген адам үшін қолжетімді сома өте аз болады.
Дегенмен бұл ахуал жақын арада сәл жақсаруы мүмкін. Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "Ашық НҚА" порталында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын дайындап, жариялаған.
Ақшаны пайдалану жеңілдей түседі
Енгізілетін өзгерістердің бірі тұрғын үй құрылыс жинағына байланысты. Бүгінде қазақстандықтар алдағы уақытта БЖЗҚ-да жиналған ақшасын "Отбасы банкінде" ипотека рәсімдеу мақсатына пайдалану үшін тиімді салым құралына аудара алады.
Егер салымшы тұрмыс жағдайын өзге жолмен жақсартқысы келсе, ол ақшаны БЖЗҚ-ға қайтарып, өтінішті қайта тапсыруы керек – жаңа қабылданған шектерге байланысты қолжетімді сома азаяды.
Аталған бұйрық жобасындағы ақпаратқа сүйенсек, азаматтарға тұрғын үй құрылыс жинағында жинақталған қаражатты ережелерде көзделген кез келген мақсатта тұрмыстық жағдайды жақсарту үшін пайдалануға рұқсат беру ұсынылған. Ақша тікелей БЖЗҚ-ға емес, оны пайдалануға болатын арнайы шотқа қайтарылады. Осылайша енгізілген жаңа шектерге байланысты қолжетімді сома азаймауы мүмкін.
Сондай-ақ қолданыстағы ережелерге сәйкес, тұрғын үй құрылыс жинақтарына зейнетақы жинағын аударған қазақстандық үш жыл ішінде ипотека алуға тиіс, бірақ бұл мерзім көптеген азаматқа жеткіліксіз болуы мүмкін, сондықтан бұл мерзімді сегіз жылға дейін ұлғайту жоспарланған.
Оған қоса бүгінгі таңда зейнетақы жинағы есебінен ипотеканы өтеу үшін ипотекаға алынған тұрғын үй тек азаматтың атына, жұбайының я туыстарының атына тіркелуге тиіс. Ал жаңа түзетулер бойынша бұл талапты алып тастау әрі тұрғын үй үшінші тұлғаның атына жазылғанымен, азаматқа ипотекасын төлеуге мүмкіндік беру ұсынылған.
"Алушылар/өтініш берушілер БЗТ қаражатын пайдаланған кезде "Отбасы банкі" екінші деңгейлі банктерден берілген несиелер туралы ақпарат арқылы тұрғын үй иесін тексере алмайды", - деп жазылған бұйрыққа түзетулер енгізу жобасында.
Қазіргі таңда түзетулер енгізу туралы бұйрық күшіне енген жоқ. Жоба 2024 жылдың 23 ақпанына дейін қоғамдық талқылауда болады. Егер аталған бұйрыққа өзгеріс енгізу туралы жоба қабылданса, зейнетақы жинақтарын пайдалану үдерісі айтарлықтай жеңілдеуі ықтимал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2060727-elimizde-zeinetaqy-zinagyndagy-qarazatty-alu-tartibi-zenildeui-mumkin/