Қазақстанда қарызға батпай көлік сатып алудың жолы қандай
Жарияланған күні:
Читать на русскомКейде автокөлік сатып алу тиімсіз, ал оған кететін шығындар сізді қарызға батыруы мүмкін. Сондықтан автокөлік сатып алмас бұрын жеке бюджетіңізді есептеп, көліктің барлық шығыны мен одан келер пайдасын есепке алған абзал. Мұны қалай жасауға болады? Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Әдетте автокөлік таңдағанда сатып алушылар құнына назар аударады. Оған қоса қазақстандықтар көбіне көлікті қолма-қол ақшаға сатып алғанды жөн көреді.
Алайда көлік сатып алу сынды ірі көлемдегі шығын қаржылық қиындықтарға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан автокөлікті сатып алу кезінде барлық тәуекелді саралап алған дұрыс.
Бюджет мәселесі
Еліміздегі көлік нарығында баға төмендегеніне қарамастан, автокөлік әлі күнге дейін аса қымбат активтердің бірі болып саналады. Сондықтан қаржылық мүмкіндіктеріңізді барынша ескерген жөн. Мысалы, егер сіз көлікті қолма-қол ақшаға сатып алғыңыз келсе, оның құны мен қаржы жинағыңызды есепке алуыңыз керек.
Барлық жинағыңызды автокөлік сатып алуға жұмсамағаныңыз абзал, себебі автокөлікке (әсіресе пайдаланылған көліктерге) сатып алғаннан кейін тағы шығындану қажет болуы ықтимал, ал оған кейде ақшаңыз жетпей қалуы мүмкін.
Мысалы, сатып алушының жалақысы 300 мың теңге бола тұра ол барлық жиналған ақшасына – 5 миллион теңгеге көлік алды делік. Егер қандай да бір себептермен азаматтың көлігі бұзылып қалса, оны жөндеу үшін сатып алушы үлкен шығынға батады.
Коммуналдық қызметтерден бөлек ипотека, бөліп төлеу және т.б. төлемдері мен шығындары бар көлік иесіне жанар-жағармай, жыл мезгіліне байланысты дөңгелектерді ауыстыру сынды әдеттегі шығындардың өзі ауыртпалық салуы ықтимал.
Ал егер сіз автокөлік несиесін алғыңыз келсе, оның шарттарын мұқият зерделеу керек: пайыздық мөлшерлемесіне, ай сайынғы төлем сомасына және т.б. назар аудару қажет. Кірісіңіздің басым бөлігі автокредитті төлеу үшін жұмсалса, онда қарызға батып, өмір сүру деңгейіңіз нашарлауы ғажап емес, салдарынан киім, тамақ, демалыс сынды өзге шығындарға ақша жетпеуі мүмкін.
Сондықтан көлік сатып алуға барлық ақшаны жұмсамаған абзал, сонымен қатар күтпеген жайттар туындағанда ақшадан қысылмау үшін қосымша ақшаңыз болғаны жөн.
Көлікке кететін барлық шығынды есептеу керек
Сондай-ақ көлік таңдау кезінде оның биылғы техникалық жағдайы мен қызмет көрсету құнына назар аудару керек: қосалқы бөлшектері бар-жоғынан бастап, күнделікті шығындардың мөлшеріне дейін (майды ауыстыру, сүзгілер, диагностика және т.б.) барлығын анықтаған дұрыс.
Себебі жөндеуді қажет ететін автокөліктердің бағасы көбіне нарықтағы көрсеткіштерден төмен, бірақ оны жөндеуге жұмсалатын қаржы мөлшері жақсы көліктің құнынан асып кетуі мүмкін.
Ал техникалық қызмет көрсету бойынша көп қаражатты талап ететін көлікті сатып алғанда, ақшаңыз жетпеуі мүмкін. Егер көлік уақытылы жөндеуден өтпесе, тез тозып, жарамсыз болуы ықтимал, ал көліктің құрамдас бөліктері тым қатты тозса, көлігіңіз айтарлықтай зақымдалып, үлкен қаржылық шығындар туындайды.
Қысқасы, автокөлікті сатып алмас бұрын өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды, сондай-ақ көліктің техникалық жағдайын әрі күнделікті техникалық қызмет көрсету құнын мұқият зерделеу керек.
Автокөлік сатып алу – пассивті қаржылық мүлік екенін есте ұстаған жөн, яғни ол тұрақты түрде қаражат құйып отыруды қажет етеді әрі табыс табу мақсатында ғана пайдаланылатын жағдайларды ескермесек, әдетте шығын мөлшерін өтейтіндей табыс әкелмейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2064260-qazaqstanda-qaryzga-batpai-kolik-satyp-aludyn-zoly-qandai/