Қазақстандағы еңбек демалысы: күн санын қалай есептеуге болады және қанша ақы төленеді
Жарияланған күні:
Читать на русскомҚР-да әрбір қызметкер ақылы еңбек демалысына шығуға құқылы. Қызметкерге еңбек демалысын беру тәртібі Еңбек кодексінде белгіленген. Ақылы еңбек демалысына шыққан жұмыскерге берілетін төлем мөлшері қанша болатынын анықтау үшін еңбек демалысына шығу ережелерін білу керек.
Еліміздегі ақылы еңбек демалысына шығу тәртібінің ерекшеліктері
Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес, ресми түрде жұмыс істейтін азаматтарға жыл сайын ақылы еңбек демалысы мен әлеуметтік демалыстар берілуге тиіс.
Жұмыс беруші жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын жұмыскердің тынығуына, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және жұмыскердің өзге де жеке қажеттіліктеріне береді. Жыл сайын жұмыскерге еңбек демалысы жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі. Ал әлеуметтік демалысты жұмыскерлерге мынадай жағдайларда алуға болады:
- сессияға дайындалу және тапсыру, зертханалық жұмыстарды орындау, диплом қорғау, әскери оқытылған резерв бағдарламасынан (оқу демалысы) өту үшін;
- жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс; бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс; скринингтік зерттеулерден өтуге арналған демалыс;
- 12 аптаға дейін жүктілікті тіркеуге арналған демалыс.
Сонымен қатар әлеуметтік демалыстың ішінде жалақы сақталмайтын еңбек демалысы да (ЖСД) бар. Еңбек кодексінің 97-бабына сәйкес, мұндай демалыс түрі тараптардың келісімі бойынша рәсімделеді, оның мерзімі шарт негізінде белгіленеді.
Дегенмен жұмыс беруші қызметкерге мынадай жағдайларда 5 жұмыс күніне дейін ақысыз демалыс беруге міндетті:
- неке тіркеуге;
- баланың дүниеге келуіне байланысты;
- жақын туысының, жұбайының немесе жекжатының қайтыс болуына байланысты;
- еңбек немесе ұжымдық шартта жазылған өзге де жағдайларда.
ҚР заңы бойынша ресми түрде жұмыс істейтін адамға қанша күн еңбек демалысы қарастырылған?
Жыл сайын берілетін ең төменгі ақылы еңбек демалысының орташа мерзімі 24 күнтізбелік күнге тең (Еңбек кодексінің 88-бабы).
Жұмыс беруші қызметкерлерінің демалыс мерзімін соза алғанымен, қысқарта алмайды. Арнайы, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің, әскери қызметшілердің, дипломаттардың, педагогтердің, ғалымдардың, құтқарушылар мен судьялардың еңбек демалысының мерзімі ұзағырақ болуы мүмкін.
Сондай-ақ Еңбек кодексінің 89-бабына сүйенсек, арнайы тізімде көрсетілген ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды немесе қауіпті жұмыс істейтін қызметкерлерге, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға кемінде күнтізбелік алты күн қосымша демалыс беріледі. Заң бойынша тіпті қосымша ынталандыру демалысын ұсынуға рұқсат етілген.
Еңбек демалысының күндерін қалай есептейміз?
Жыл сайын берілетін негізгі еңбек демалысының мерзімін анықтау тәртібі Еңбек кодексінің 90-бабында қарастырылған. Демалыс күнінің ұзақтығы күнтізбелік күндермен есептеледі, бұл ретте демалыс кезеңіне сай келіп қалған мерекелер есепке алынбайды. Мысалы, Жаңа жылға алынған еңбек демалысы 2 күнге ұзартылады (1-2 қаңтар мерекелер), ал наурыздағы еңбек демалысына 4 күн (8 наурыз бен 21-23 Наурыз мерекесі) қосылады.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 92-бабы 1-тармағына сәйкес, қызметкерге алғашқы және одан кейінгі жұмыс жылдарындағы жыл сайын берілетін еңбек демалысы жұмыс беруші мен қызметкердің келісімі бойынша рәсімделеді. Алғашқы еңбек демалысы әдетте 12 ай жұмыс өтілі бар қызметкерге беріледі, алайда қызметкер мен жұмыс беруші еңбек демалысын ертерек рәсімдеу бойынша мәмілеге келе алады.
Dogovor24 құқықтық порталының ақпараты бойынша, бұл жағдайда ең төменгі еңбек демалысының күндеріне (24 күнтізбелік күн) сүйене отырып, қызметкер жұмыс істеген әрбір айы үшін 2 күн демалыс алуға құқылы. Осылайша еңбек демалысы күндерін бірнеше бөлікке бөлуге мүмкіндік бар, бірақ Еңбек кодексінің 92-бабы 3-тармағына сәйкес, еңбек демалысы мерзімінің бір бөлігі 2 аптадан кем болмауға тиіс.
Қызметкер жыл сайын берілетін еңбек демалысын уақытылы алып отыруы керек. Еңбек кодексінің 94-бабына сәйкес, еңбекке уақытша жарамсыздық немесе бала күтімі бойынша демалыс алу бойынша өтініш берілген кезде жыл сайынғы еңбек демалысы кейінге шегеріледі.
Егер қызметкер өндірістік себептер бойынша еңбек демалысынан шақыртылса, еңбек демалысы толық пайдаланылмауы мүмкін (95-бап). Ауыстырылған еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша келесі жұмыс жылының еңбек демалысына қосылуы немесе жұмыскердің өтініші бойынша ағымдағы жұмыс жылында бөлек берілуі мүмкін. Қызметкер еңбек демалысынан шақыртылса, өтемақы төленуі ықтимал, бірақ қызметкер бірнеше жыл қатарынан демалысқа шықпай жүре алмайды, бұған Еңбек кодексінің 94-бабы 3-тармағы тыйым салады.
Ақылы еңбек демалысын қалай есептеу керек
Ақылы еңбек демалысы қалай есептеледі? Еңбек демалысы төлемінің мөлшерін есептеу тәртібі "Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы" Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен белгіленген. Еңбек демалысын төлеу кезінде қосымша төлемдер, үстемеақы әрі сыйақы ескеріле отырып, орташа күндік (сағаттық) табыс есепке алынады (6-тармақ). Оны есептеу үшін 12 айлық жұмыс кезеңі алынады (2-тармақтың 2-тармақшасы). Еңбек демалысының ақысын анықтау үшін орташа күндік жалақыны демалыс мерзімінің күніне көбейту керек.
Еңбек демалысын есептеу мақсатында қызметкердің орташа күндік (сағаттық) жалақы мөлшерін анықтау үшін өткен жылдағы жұмыс мерзіміне (12 ай) есептелген жалақы сомасы биылғы жұмыс істеген күндеріне бөлінеді (8-тармақ). Егер қызметкер 12 ай жұмыс істемесе, онда оның тек нақты жұмыс істеген кезеңі алынады (9-тармақ). Егер қандай да бір себептермен қызметкер 12 ай бойы жалақы алмай жүрсе, еңбек демалысының ақысын есептеу үшін былтырғы 12 ай жұмыс мерзімі есепке алынады (10-тармақ).
Қызметкер жұмысқа кіріскен кезде әлі жалақы алмаған немесе соңғы екі жыл ішінде қандай да бір себептермен табысы болмаған жағдайда еңбек демалысының ақысын анықтау үшін оның лауазымдық жалақысы есепке алынады (12-тармақ).
Мұғалімдердің ақылы еңбек демалысы қалай есептеледі? Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша, еңбек демалысы орташа күндік жалақыны демалыс күндерінің санына көбейту арқылы есептеледі. "Педагог мәртебесі туралы" ҚР заңының 12-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, елімізде мұғалімдер күнтізбелік 56 күнге еңбек демалысына шығуға құқылы. Сонымен қатар еңбек демалысына шыққан кезде мұғалімдерге бір жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді ("Педагог мәртебесі туралы" ҚР Заңының 12-бабы 1-тармағының 4-тармақшасы).
Педагогтерге берілетін еңбек демалысын есептеу кезінде мереке күндеріне түсетін демалыс күндері саналмайтынын ескеру қажет. Ал орташа күндік табыс мөлшерін анықтау үшін 12 айлық жұмыс мерзіміне есептелген жалақы сомасы нақты жұмыс істеген күндеріне бөлінеді. Егер мұғалім бір жылдан кем жұмыс істесе, онда еңбек демалысын анықтау үшін тек жұмыс істеген айлары есепке алынады. Пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы төленеді.
Еңбек кодексі 92-бабының 4-тармағына сәйкес, жыл сайын берілетін ақылы еңбек демалысының төлемі демалыс мерзімі басталғанға дейін 3 күннен кешіктірілмей төленеді. Алайда егер еңбек демалысы қызметкердің өтініші бойынша бекітілген демалыс кестесінен тыс берілсе, ақылы еңбек демалысының төлемі қызметкердің еңбек демалысы басталған күннен бастап 3 күннен кешіктірілмей жүргізілуі мүмкін.
Егер жұмыскер толық емес жұмыс күнімен жұмыс істейтін болса, демалыстарды бөлуге жол берілмейді. Қосымша жұмыс орнында оған негізгі жұмыс орнындағы демалыспен бір мезгілде еңбек демалысы беріледі және еңбекақы төленеді. Толық емес жұмыс күні бойынша демалыстың ұзақтығы қандай да бір себептермен негізгі жұмысына қарағанда қысқа болып шықса, мұндай толық емес жұмыс күні жұмыс істейтін қызметкер қалған күндері үшін жалақысы сақталмайтын демалыс ала алады.
Әрбір қызметкердің жыл сайынғы еңбек демалысына құқығы бар, ал жұмыс берушілер өз қызметкерлерін демалысқа жіберуге міндетті. Қызметкерлердің уақытылы демалысы – кез келген кәсіби қызметте сапалы жұмыстың кепілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2064527-qazaqstandagy-enbek-demalysy-kun-sanyn-qalai-esepteuge-bolady-zane-qansa-aqy-tolenedi/